
Бірер күн бұрын әулиеаталық жұртшылық осынау ұлттық ойыннан өткен турнирдің куәсі болды. Тараз қаласында өткен Үсіпәлі Әбілқайырдың 100 жылдығына арналған облыстық чемпионатта Шу ауданы Балуан Шолақ ауылдық округінің құрама командасы атой салып, бірінші орынды иеленді. Көкпар дегенде көңілі алабөтен шулық ағайын бұл жетістікке арқаланып қалғаны ақиқат. Себебі, дәл осы ауылда алдыңғы буын өкілдері негізін қалаған көкпар мектебі бар.
Осылайша, дүйім жұрттың абыройын асырған жеңімпаздарды ауылдастары зор қошеметпен қарсы алды. Олардың арасында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков те бар. Ауыл ақсақалдарының ақ тілеуіне қосылған аудан басшысы чемпион көкпаршыларды жеңістерімен құттықтап, өңірдің ұлттық спорты бір жасап қалғанын жеткізді.
– Ауылдың қара домалақ баласы болған соң ұлттық құндылықтарға деген құлшыныс өзгелерге қарағанда тым бөлек. Оның ішінде еліміздің елдігін, облыс чемпионы көңілдің кеңдігін, адамның ептілігін танытатын сан алуан ұлттық ойындар дегенде делебеміз қозады, соның бірі – көкпар. Әсілінде, көкпар десе арқасы қозбайтын қазақ кемде-кем. Ауыздығымен алысқан тұлпарға аяқ артып атшабар алаңында көк серкені тақымдап, делебең қозып шапқанға не жетсін, шіркін. Қазақ «Көкпар – батырдыкі, той – ақындыкі» деп бекер айтпаса керек. Жеңіс құтты болсын, – деген Бақытжан Оразалыұлы ұлттық өнерді дамытуға үлес қосқан Балуан Шолақ ауылының қариясы Амангелді Жексеновты, ел ағасы Бақытжан Тұтқабаевты, жастар буыны Жасұлан Абиров пен Данияр Төкенов сынды азаматтарды марапаттап, естелік сыйлықтарды табыс етті.
Мұнан соң, шараға арнайы шақырылған көкпардан бапкер, есімі елге белгілі Нұрдәулет Момынов та сөз алып, шулық шабандоздардың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
– Кеше ғана өткен облыстық додада Балуан Шолақ ауылының жігіттері бәрімізді таңғалдырып, тамсандырып кетті. Небәрі 8 атпен келіп, қарсылас шыдатпаған жігіттер 12 атпен келгенде не болар еді дедік. Тыңғылықты дайындықпен келген жігіттер азулы қарсылас Талас ауданының командасынан айласын асырды. Бұл мықтылық пен еңбек. Жерлестеріңіздің жеңісті күні көп болсын, – деген Нұрдәулет Нәбиұлы балуаншолақтық шабандоздарға көкпарға арналған 12 етікті табыс етті.
Айта кетейік, әрбір етіктің құны –100 мың теңге көлемінде. Бұдан кейін мейманына ықыласы ерекше ауыл тұрғындары мен атпал азаматтары Нұрдәулеттей тақымы бөлек азаматқа тұлпар сыйлап, иығына шапан жауып құрмет көрсетті. Атап өтерлігі, өз ауылының жігіттерін жігерлендіріп жүрген жастың бірі – Данияр Төкен. Ол ауылдың құрама командасына жетекшілік етіп, жарыстарға қатысуына мұрындық болып келеді. Әрі ұдайы жаттығу жасауға түрткі болып, командалық күштің сақталуын өз бақылауына алған.
– Ауылдың жігіттері облыстық жарыстың жеңімпазы атанып, үлкен-кішіміз шексіз қуанышқа кенелдік. Намысты қолдан бермеген, талабы таудай шабандоздар тегеурін танытып, жеңісті қолдан бермеді. Бұл – ақылман ағалардың, құймақұлақ інілердің, тиянақты дайындық пен ауызбіршіліктің нәтижесі екенін ұмытпауымыз керек. Сол үшін барша жерлестерге, олардың үмітін ақтаған жігіттерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді Данияр Төлеуұлы.
Жиын соңында «Әулиеата» көкпар командасын жаттықтыратын Нұрдәулет Нәбиұлы жеңімпаз 8 жігітті аталмыш команданың базасында дайындап, республикалық жарыстарға жетелеуге уәде берді. Сондай-ақ, келешекте бұл жігіттер облыстық құраманың белді шабандозына айналуы әбден мүмкін.
Есен ӨТЕУЛІ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Биыл алты спорт нысаны ел игілігіне берілмек
- 15 сәуір, 2025
Боксшыларымыздың болашағы жарқын
- 13 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді