Алдағы мақсат - ала доп қуу ғана емес, аймақ абыройын да асқақтату
- author «Ақ жол»
- 13 сәуір, 2025
- 219

Ал, енді, өзіміздің жергілікті «Тараз» клубының жағдайына келейік. «Тараз» футбол клубының тізгінін белгілі кәсіпкер, спорт жанашыры, қоғам белсендісі Әлімбек Жұмабаев қолына алған кезде бір қуанған едік. Клубтың көсегесі көгереді деп қуандық. Команданың бас бапкерлігіне Нүркен Мәзбаев келген кезде де үмітіміз арта түсті. Ол негізі бас бапкер ретінде бір кездері осы «Таразды» Премьер-лигада да біраз деңгейге көтерген азамат. Ал, біздің естуімізше «Тараз» клубының биылғы межесі Премьер-лигаға өту.
Алдыға мақсат пен жоспар қойған дұрыс. Бірақ, бұл мақсаттың үдесінен шығу басты мәселе. Өздеріне осындай жоғары мақсат қойғаннан кейін бе, «Тараз» футбол командасына жергілікті жанкүйерлер үмітпен қарай бастады. Өздерінің сүйікті командаларын қай кезде де, қандай жағдайда да қолдауға әзір. Осы тұста жаңа маусымға жасақталған тараздықтардың құрамын айта кетсек, «Тараз» қақпасын Еркебұлан Рахметулла, Мадияр Мергенбаев, Жандар Жанғалиев кірпік қақпай күзетеді. Қорғаушылар сапында Данияр Орда, Ертөре Жәнібекұлы, Мадияр Нұралы, Жандос Өмірзақов, Темірлан Төребек, Мирас Жақсымбетов, Азамат Ерден, Таир Нұрсейітов, Әділет Өмей бар. Ал, Ерасыл Кеулімжай, Диас Лесбек, Мерей Жамбыл, Мүслім Жұмат, Ұлықбек Хайтмұратов, Нұрдәулет Байбосынов, Димаш Серікұлы, Нұрдәулет Орынбасар, Нұрайдар Әскербек жартылай қорғап, жартылай шабуыл шебін күшейтпекші. Өткір шабуыл шебінде Әлішер Сүлей, Абзал Мұқанбетжанов, Санжар Кемелбек өнер көрсетеді. Әріптестерінен келген әдемі пастарды голға айналдыру осы жігіттердің басты міндеті.
«Тараз» құрамасында 2007 жылғы төрт ойыншы ең жас футболшылар ретінде алаңға шықса, орда бұзар отыз жастағы Әлішер Сүлей мен Мадияр Нұралының тәжірибесі командаға көп серпіліс береді деп ойлаймыз. Бірінші лиганың да өз лидерлері бар. Мәселен, былтыр 30 ойыннан 66 ұпай жинаған «Оқжетпеспен», осынша ойында 63 ұпай жинаған «Ұлытау» командалары жоғары лигаға өтті.
Мұнан кейінгі орындардан «Каспий» мен «Қайрат – жастар» командасы көрінді. Премьер-лигадан ауысқан «Шахтер» мен «Ертіс» те осал емес. Бәрекелді! Сонымен бейсенбі күні футболдан Қазақстан Республикасы бірінші лига ойындары басталып, алғашқы турда жерлестеріміз «Тараз» өз алаңында Түркістан облысының «Жетісай» футбол командасын қабылдады. «Жетісай» былтырғы чемпионатты жетінші орынмен аяқтаған команда.
Былтыр алғашқы 28 ойынында 48 ұпай жинаған жетісайлықтар оңай шағылар жаңғақ емес. «Тараз» былтырғы маусымды сегізінші орынмен аяқтағаны белгілі. Былайша айтқанда, кестеде де қатарлас тұрған деңгейлес командалар. Дегенмен, ойын бастала салысымен қонақтар тізгінді қолға алғанын айта кетуіміз керек. Тіпті есеп ашып кететін қауіпті сәттерден қақпашымыз ғана құтқарып қалды. Қонақтар бірнеше рет бұрыштама тепті. Оның бәрі қауіпті сәттер екені анық. Соған қарамастан, алғашқы таймның орта тұсында тараздықтар жиі шабуылға көшті. Әсіресе, шабуылшылар Әлішер Сүлей мен Санжар Кемелбектің ойыны сүйсінтті. Екеуі де қарсыластарынан допты кез келген уақытта тартып алып, «Жетісайдың» қақпасына сан рет қауіп төндірді.
Сондай өткір шабуылдың бірінде Санжар берген пасты Әлішер Сүлей жалғап әкетіп, қарсылас екі қорғаушыдан айласын асырып, қақпаның оң жақ бағанасына қарай допты әдемі бағыттады. Доп қақпа бағанасын жанай өтіп, торда тулады. Гол! Тараздық көрермендер орнынан жаппай түрегеліп, осынау голға керемет қуанды. Алғашқы тайм жерлестеріміздің басымдығымен аяқталды. Көңіл күйіміз де көтеріңкі еді. Екінші айналымда жерлестеріміз екі рет жақсы мүмкіндікті голға айналдыра алмады. Ойынның шамамен 63-минуттарында Әлішер Сүлей, артынша Санжар Кемелбек өз орындарын басқа командаластарына босатты. Бас бапкер мүмкін сырт алаңда өтетін алдағы ойынды ойлаған шығар.
Дегенмен, осыдан кейін «Жетісай» командасы күш алып кетті. Біздің тыңнан қосылған бірнеше ойыншымыздың өрнекті ойынын көре алмадық. Есесіне ойынның 78-минуттарында жетісайлық Орал Орынбасар бұрыштамадан көтерілген допты әдемі голға айналдырып, есепті теңестіріп кетті. Ойынның 82-минутында тағы да әдемі гол соққан «Жетісай» командасы алға шықты. Ал, тараздықтар ойынның соңына дейін осы есепті өзгерте алмай, үш ұпайды қонақтарға үлестіруге мәжбүр болды. Біз бірінші тур нәтижесінен кейін командаға болжам айтудан аулақпыз. Алғашқы ойында қателіктердің де болатыны жасырын емес. «Жетісай» да өзінің жоспары, жетістіктері бар команда.
Дегенмен, Премьер-лигаға өтуді шыннан мақсат тұтса, «Тараз» командасы ойынды ширатқандары жөн. Себебі, әр ойынның нәтижесі қымбат. Әсіресе, өз алаңындағы ойындарды нәтижелі өткізуге барлық мүмкіндіктері бар. Жас ойыншыларды тәжірибесі жетпеген жерге намысы мен жігері жетсе, соңғы сәтке дейін тер төгіп, аянбай өнер көрсетсе екен деген тілегіміз бар.
Бірінші ойынға жанкүйерлер біршама көп жиналған еді. Өз алаңындағы келесі ойынды да тараздықтар асыға күтетіні белгілі. «Тараз» командасы енді 18 сәуір күні сырт алаңда «Оңтүстік» командасымен кездесу өткізсе, 26 сәуір күні сағат 14:00-де өз алаңында «Алтай-Өскемен» командасын қабылдайды. Ал, 2 мамыр күні де өз алаңында «Каспийді» қабылдайтын болады. Осы ойындарда «Тараз» сәтті өнер көрсетеді деп сенеміз.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Биыл алты спорт нысаны ел игілігіне берілмек
- 15 сәуір, 2025
Балуан Шолақ құрамасы - облыс чемпионы
- 13 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді