«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Су мамандарының қажет екенін әлі де түсіне алмай жатырмыз»

«Су мамандарының қажет екенін әлі де түсіне алмай жатырмыз»
Автор
Өткен жылдың сәуір айында Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы Тараз гидромелиоративтік-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз ету арқылы қалпына келтіру шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Аталған міндетті іске асыру шеңберінде шілде айында Үкімет М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін екі жоғарғы оқу орнына бөліп, соның негізінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құру туралы шешім қабылдады. Осы орайда 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күніне орай іргелі оқу орнының профессоры, техника ғылымдарының докторы Алтай Мұсаевпен гидрология бағытындағы бастамалар аясында әңгімелесіп, жаңадан құрылған университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы білген едік.

– Алдымен жаңа оқу орны тарапынан қолға алынған бастамалар жөнінде айтып өтсеңіз.

– Қазір оқу орнында мақсатты қаржыландыру бағдарламасы қолға алынып жатыр. Жалпы құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын бағдарлама бірнеше өңірде, бірқатар саланы қамтиды. Соның ішінде Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің су саласы да бар. Гидрология саласының өзі бірнеше бағыттардан тұрады. Біріншісі – су шаруашылығының қауіпсіздігі. Бұл бойынша өңірдегі су қоры, оның сапасы қандай екендігі зерттеледі. Екіншісі – оңтүстік өңірлердегі су қорларын қорғау технологиясын зерттеу, үшіншісі – оны тазалау технологиясы. Мұның ішінде айрықша атап өтерлігі, су сапасы мәселесі. Бұл бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отыр. Өздеріңізге белгілі, еліміздегі ірі су қорларының басым бөлігі трансшекаралық өзендер арқылы қалыптасып отыр. Су тапшылығы мәселесі қалыптасып отырған қазіргі жағдайда еліміздің Қытай мен Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстаннан тиесілі көлемде су алып отырғаны үлкен жетістік деп айтуымызға болады. Десек те, оның өзі жыл сайын жаз айларында үлкен мәселе туындатып қоятыны бар. Бір ғана Талас өзенін алып қарасақ, жыл басында көршілерімізбен келісім орнатып, бәрін нақтылап қойғаныменен, жаз ортасында олардың өзінде су жетіспеушілігі бар деп тиесілі үлесті үлкен мәселеге айналдырып, кешіктіріп барып аламыз. Бұл тек су көлеміне қатысты ғана жағдай. Ал, дамыған елдерде су көлемінен бөлек, оның сапасын да қабылдап алу процесі жүзеге асырылады. Өкінішке қарай, біз бұл межеге әлі де жете алмай келеміз. Бұл ретте «Алып жатқан суымыздың сапасы қандай, оны қай мақсатқа қолдана аламыз?», «Егіншілікке пайдалана аламыз ба?», «Шайынды немесе тұзды су емес пе?» деген сұрақтар баршамызды алаңдатуға тиіс. Аталған бағдарлама осы бағыттағы мәселелерді шешуді көздейді.

– Облыс орталығындағы тұрғындар жаңбырдан соң жиылатын суларға қатысты жиі шағым айтып жатады.

– Жалпы су көздеріне қатысты мәселелер облыста ғана емес, тұтас елімізде орын алып отыр. Рас, біздегі ең өзекті мәселелердің бірі – қаладағы жауын-шашыннан кейінгі ағынды сулар, тұрмыстық бағыттағы жуынды шайынды сулар болып отыр. Облыс орталығынан шыққан бұл су көздері Аса ауылындағы мал базар маңындағы 200 гектар аумаққа жайылуда. Олар тек темір торлар арқылы механикалық тазартудан ғана өтіп, арық-атыздар арқылы сіңетіні сіңіп, жақын жердегі Аса, Қостөбе ауылдарының құдықтарынан шығып жатыр. Орташа есеппен алсақ, мұнда бір секундта 1 текше метр су ағады. Бұл секундына 1000 литр су шығыны болып жатыр деген сөз. Ал, бір тәулікте 86 400 секунд бар. Егер дәл осындай көлемде таза су болса, бұл мың гектардан аса егіншілік аумақты суаруға жететін еді.

– Қалдық суларды тазартып, пайдаланудың жолы бар ма?

– Заманауи озық технологияларды пайдаланғанның өзінде жалпы су көздерінің 80-85 пайызын ғана кәдеге жаратуға болады. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген теория. Мәселен, қазір елімізде санитарлық- эпидемиологиялық станциялардың биологиялық тазартудан өткен су қалдықтарын өзендерге ағызуға рұқсат етілген. Мұның өзі өрескел қате шешім. Мысалы, Еуропаның ең ұзын өзені Дунайға өткен ғасырдың 70 жылдарына дейін өзімен шектесетін 10 мемлекеттің бар қалдығы төгіліп келді. Кейіннен мұның қателік екенін түсінген сол мемлекеттер ортақ келісімге келіп, мәселені ауыздықтай білді. Қазір Дунай өзені өзінің ежелгі атауы «Көгілдір Дунай» деңгейіне жетіп, тұрғындар су алып ішетін жағдайға жетті. Ал, біздегі бұл жағдайды айтпаса да түсінікті. Сол үшін биологиялық тазартудан өткен суды ағаш отырғызу мақсатына қолдануды қолға алсақ деп отырмыз. Күні кеше Өзбекстанда өткен «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінде де Мемлекет басшысы қазіргі климаттың өзгеруі жағдайында орман жолақтарын көбейту бағытындағы жұмыстарды күшейту керектігін атап өтті. Қазір аталған бағдарламаға қомақты қаржы бөлінгенімен, қаражаттың уақытылы түспеуіне байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінен тиісті қаржы қарыз есебінде сұратылып, жұмыстар басталып кетті. Абаттандыру де бюджеттік тұрғыдан тиімділігі аз болып тұр. жұмыстары кезек күттірмейтін маусымдық жұмыс болғандықтан, біз өзімізге белгіленген үш жылдық сынақ мерзімінің әр сәтін тиімді пайдалануды көздеп отырмыз. Сол үшін Аса ауылының маңында орналасқан шаруа қожалық иесімен келісіп, 2 гектар аумаққа 20 түрлі ағаштың әр түрінен 10 ағаштан отырғызу жоспарланып отыр. Аталған ағаш түрлері «Zelenstroi» мекемесінің мамандарымен таңдалып алынды. Бұған бірқатар мекемелер атсалысып отыр. Мәселен, «Жамбыл-Су» мекемесінің басшысы Медет Беркімбаевтың тарапынан су құрамына қатысты сынамалар алынса, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының басшысы Зәуреш Абдиева 70-ші жылдардан бергі қалыптасып отырған климаттық өзгерістердің қорытындыларын жөнелтіп көмектесіп отыр. Бұл бастама алдағы уақытта жуынды-шайынды суларды тиімді пайдалану, облыста орман белдеуін қалыптастыру және су қалдықтарын тазарту бойынша бірқатар мәселелерді шешпек.

– Аталған бағыттағы жұмыстарды атқаруға өңірдің кадрлық әлеуеті жете ме?

– Мақсатты қаржыландыру бағдарламасы тек гидрология саласын ғана қамтымайды. Алдымен осыны түсініп алған абзал. Ол бойынша өңірдегі үш іргелі оқу орындарында салалар бойынша өзара бөлініс бар. Соның ішінде су саласы Ұлттық университетке белгіленген. Оның өзінде жоғарыда атап өткеніміздей бірнеше бағыттар бар. Өзім қолға алып отырған қала ішіндегі ағынды суларды пайдалану бойынша қазір артымнан ілескен шәкірттер бар. Сондай-ақ, бірқатар өндірістік мекемелермен әріптестік негізде жұмыс істеп отырмыз. Бұл бағытта ел Президентінің Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құру жөніндегі бастамасы оңтайлы шешім болды дей аламыз. Дегенмен, университетте әлі де бірқатар білім бағдарламаларды енгізуді қажет етеді. Мәселен, су саласына гидрологиялық мамандықтардан бөлек, «Өсімдіктану», «Жер қыртыстарын зерттеу» мен «Агротехника» бағыттары қажет. Өйткені, білім алушы су көздерін пайдаға жаратуды жан-жақты меңгеріп шығуы қажет. Бұдан бөлек, елімізде көпшілік әлі де су мамандарының қажеттігін түсіне қойған жоқ. Жалпы, қазіргі таңда өндірістегі инфрақұрылым бұрынғыдай деңгейде еместігін аңғару қиын емес. Мәселен, Кеңес Одағы тұсында ұжымшарлар мен кеңшарлар теңгерімінде бірнеше гектар егіншілік аумақ болғандықтан, арнайы каналдар салынып, су тасымалданатын. Қазір сол каналдардың бәрі қаңырап бос тұр. Қазір ауылдық жерлердегі жеке шаруа қожалықтардың егіншілік аумақтарындағы жер көлемі аз болғандықтан, мұны қалпына келтіру.

– Қазіргі таңда облыста кешенді түрде су үнемдеу технологиялары енгізіліп жатыр. Бұл суармалы алқаптардағы суды қаншалықты үнемдейді?

– Су үнемдеу технологиялары суды айтарлықтай үнемдейді. Мәселен, каналдардың пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) 0,5-0,6-ға тең. Яғни, су көзінен 100 литр су алынса, межелі жерге 50 литрі ғана жетеді деген сөз. Тіршілік көзін тиімді тасымалдау үшін пайдалы әсер коэффициенті ең кемінде 0,9-ға тең болуы керек. Су құбырларында бұл өлшем 0,95-0,97-ні құрайды. Бұл тек жеткізу жұмыстары. Ал, оны суару технологиясы да әр түрлі. Тиісінше, топырақтың механикалық құрамына қарай жердің де өзіндік ұстап қала алатын су көлемі болады. Яғни, өсімдік пен дақыл түрлеріне қарай топырақ қажетті суды ғана ұстап қалып, қалған суды жерге сіңдіріп жібереді. Бұл әдіс ұзақ жылдар қайталана берсе, жер асты суларының көтерілуіне алып келеді. Ол өз кезегінде төменде тыныш жатқан тұздарды қозғап, жер бетіне шығаруға тырысады. Мұны арықпен суарып болғандағы арналардағы ақтаңдақ іздерден аңғаруға болады. Осылайша, буланған судан қалған тұздар жердің тұздануына әсер етеді. Сондықтан тамшылатып, жаңбырлатып және жер асты арқылы суарудың маңызы зор. Бұл тек өсімдікке қажеті суды ғана беріп, ысырапшылдықтың алдын алады.

– Аймақ басшысы 2027 жылы Тараз қаласында кәріз суын тазартудың бірыңғай жүйесі іске қосылатындығын айтқан болатын. Бұл туралы не айтасыз?

– Иә, бұл жоғарыда атап өткен жуынды-шайынды суларды тазарту жүйесі десек те болады. Мұндай суларды тазартып отырмасақ, жер астындағы ауыз суларға да өз әсерін тигізеді. Кез келген суармалы жерлерде жер асты суларының көтерілу қаупі бар. Сол үшін дренажды әдіс те қолданылады. Ол өз кезегінде ауыз су деңгейінің көтерілмеуін қамтамасыз етіп, төмен деңгейде ұстап тұрады. Көтерілген жағдайда жинап алып отырады. Бір дренаж 700 гектар суармалы аумаққа жететін су көзін жинақтай алады. Мұндай әдіс Шалғай Қарасу, әуежай маңындағы тұрғын үй алаптарында қолданылады. Дегенмен, дренажда жинақталған су көздері тұзды болса, оны да қолдану мәселесі туындайды. Жалпы қазір еліміздегі ауыз судың кермектілігі жоғары деңгейде. Мұны шәйнек, қазан ыдыстарындағы түзілген қақтан да аңғару қиын емес. Бұл су құрамындағы кальций мен магнийдің көп болуынан қалыптасады. Судың кермектілігінің көп болуы қыста жылу энергетика станцияларының жұмысына да қауіп төндіреді. Яғни, су құрамының кермектілігінен де жылу құбырлары жарылуы мүмкін. Қазір су мекемелері жер астынан әр адам басына 300 500 литр аралығында су шығыны есебінде тіршілік көзін жинақтайды. Оның 5 литрі ғана күнделікті ағзаға тұтынуға кетеді десек, қалған бөлігі жуынып-шайыну, кір жуу секілді мақсатта пайдаланылып, тұрмыстық су қалдығы ретінде шығарылып тасталады. Осыған қарап-ақ, жуынды шайынды сулардың сапасын бақылау қажеттігінің маңыздылығын түсіне беруге болады. Тіршілік көзіне баланған су бүгінде осылайша стратегиялық ресурсқа да айналып отыр. Сондықтан су көзіне ықтияттылықпен қарап, ысырапшылдықты азайтуға тырысу керек. Бұл ретте ең алдымен тұрғындардың тұтыну мәдениетін арттыру маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар