
Соңғы жылдары ағаш, өсімдік аурулары да өршіп барады. Ал бұл жағдай өз кезегінде жасыл желектің қурауына әкеліп соғады. Мәселені тереңінен зерттеген жамбылдық жас ғалым қалалардағы экологиялық жағдайды жақсартудың тиімді жолын тапты. Зерттеуші Дана Мұхамедшәріп Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сыныпта оқиды. Жас ғалымның тың жобаны қолға алуына табиғатқа деген жанашырлығы себеп болған. Дананың айтуынша, өсімдіктерде болатын ауру қоздырғыштар ауылшаруашылық дақылдарына орасан зиян келтіруде. Әсіресе егін немесе тал-дарақтар, жеміс ағаштары үшін «Фитопатогенді саңырауқұлақтар» вирусы үлкен қауіпке айналып отыр екен. Саңырауқұлақ ауруларының кесірінен дәнді дақылдар әр жылдары 5 пайыздан 30 пайызға дейінгі аралықта шығынға ұшырауда. Ал аурулар жаппай өршіген жағдайда шығын көлемі 50 пайыздан асуы ғажап емес.
– ҚР Ботаника және фитоинтродукция институтының мәліметтері бойынша, Қазақстан қалаларында ағаш түрлерінің 30 пайызға жуығы саңырауқұлақ ауруларына шалдыққан. Саңырауқұлақ қоздырғыштары көптеген өсімдік ауруларын тудырады. Ағашта әуелі иненің дақтары пайда болады. Дер кезінде күтім жасалмаса тамыры шіріп, қурап қалады. Ақырында жап-жасыл болып жайқалып өсіп тұрған тал қурап тынады. Саңырауқұлақ аурулары әсіресе орман ағаштары үшін қауіпті. Өйткені бір-біріне жақын өскен талдарда дерт тез таралып, оның соңы экологиялық зардаптарға әкеледі. Өкініштісі, қазіргі күнге дейін саңырауқұлақ ауруларын емдеудің нақты жолы табылмаған. Қолданыстағы емдеу әдістері қанағаттанарлықсыз. Ал жаңа терапевтік бағдарламаларды әзірлеу үшін зерттеулерге айтарлықтай инвестиция қажет. Саңырауқұлақ инфекциясымен күресуде пайдасы мол химиялық препараттардың бірі – фунгицидтер. Аталған пестицид қоздырғыштардың таралуын бақылап, аурулардан келетін зиянды азайтады. Алайда фунгицидтердің бірқатар кемшілігі бар. Улы химиялық препараттар суды ластап, дақылдың пайдалық қасиетін төмендетеді, – дейді Д. Мұхамедшәріп.
Әрі фунгицидтердің бағасы қарапайым шаруа үшін қолжетімсіз. Жас зерттеушінің айтуынша, қазіргі уақытта еліміздегі сауда нарығында фунгицидтердің 125-ке жуық түрі бар. Алайда құны қалтаңды қағарлықтай, 1 литрінің өзі 150 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін барады. Сонымен бірге Дана зерттеу барысында отандық үш фунгицид препараттың құрамында ерекше қауіпті пестицидтер тізіміне енгізілген пропиконазол, этилтиофат, ципроканозол секілді химиялық заттар бар екенін анықтапты. Сондай-ақ ел аумағына әкелінетін пестицидтердің 57-ден астамында халықаралық тізімге енген қауіпті химиялық заттар бар болып шыққан.
– Тағы бір жобам бойынша қаладағы каналдарды зерттеп жүргенімде суайдындарды хара балдырлар басып кеткенін байқадым. Каналдарды жұмысшылар қолмен аршып, балдырдарды қоқысқа тастап жатты. Негізінде хара балдырлардың өсімдік зиянкестерін жоя алатын қасиеті бар. Сондықтан экологиялық мәселені шешу үшін пайдалануға болады. Өз идеямды жұртшылыққа ұсынбас бұрын биология пәні мұғалімі Инна Аксеновамен бірге зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Алдымен саңырауқұлақтар, вирустар, бактериялар немесе зиянкестер тудыратын аурулардың бар-жоғын анықтау үшін, сондай-ақ олардың өсуі мен жағдайына теріс әсер ететін факторларды білу мақсатында қала аумағындағы өсімдіктерді бақыладық. Келесі кезекте ауруға шалдыққан өсімдіктердің үлгілерін жинақтап, олардан ауру тудыратын саңырауқұлақтарды алдық. Мұнан соң өскінді микроорганизмдермен ластанбай, оқшау өсіру үшін стерильді зертханаға орналастырдық. Соңында саңырауқұлақтардың қасиеттері мен әзірленетін фунгицидтің паразитпен қаншалықты тиімді күресетінін зерттеуге кірістік, – дейді жас ғалым.
Дегенмен Дана жасап шыққан биофунгицидтер өсімдік зиянкестерімен толық күресе алады деп айтуға әлі ерте. Себебі кәдімгі химиялық фунгицидтер дақылдарға бірден әсер етсе, жас ғалымның емдік препараты патогендерге қарсы әрекет етуі үшін шамалы уақыт қажет. Сондықтан экологиялық пестицидтер ауру жұқтырған дақылдарды емдеуге қарағанда алдын алу үшін пайдалырақ.
Жас ғалым өз жобасын әзірлемес бұрын жүргізген зерттеу кезінде Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов саябағында болып, ағаштарды зерттеп, оларға фитопатогенді саңырауқұлақтар зиян келтіріп отырғанын анықтайды. Жасыл желектер негізінен филлостиктоз (қоңыр дақ), фацидиоз (қарлы шютте), фузариоз немесе трахеомикоз, сұрғылт дақ, қарапайым қарағай дақтары секілді ауруларға шалдыққан. Аталған өсімдік аурулары тал-дарақтардың сәндік құндылығын, тұрақтылығын және тіпті өміршеңдігін төмендетіп, табиғатқа айтарлықтай зиян келтіреді. Аурудан әлсіреген ағаштарда фотосинтез қасиеті бұзылып, жапырақтың ерте түсуіне әкелуі мүмкін. Сонымен бірге өсімдік зиянкестері жас қылқанжапырақты ағаштарды жаппай қырып жіберуі де ғажап емес.
– Өміріңді нұрлы ету - өз қолыңда! Адам қолымен жасалып, бүгінде көпшіліктің игілігіне айналып отырған дүниенің барлығы да бір кездері арманнан туған. Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңі естеріңізде ме? Аты жоқ құр арбаның мың шақырым жерлерге баратынын, жылдам хабар алатынымызды, адамның құстай ұшатынын, айшылық алыс жолдарға жылдам жететінімізді болжаған жоқ па еді. Бүгінде өздігінен шешім қабылдайтын жүргізушісіз көлік енді қиял емес. 10-15 жылда Қазақстанды үлкен өзгеріс күтіп тұр. Өздігінен басқарылатын көліктер, мобильді қосымшалар, 5 G интернет – бүгінгі күннің жаңа талабы. Бүгінде әлемнің белді сарапшылары адамдардың жұмысқа барып келетін кеңсе болмайтындығын, алыстан басқарылатын жұмыстар болатынын болжап отыр. Өйткені біз ақпараттық технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Біз қаласақ та қаламасақ та түбі осыған жетеміз. Бір сөзбен айтқанда фантастикалық киноларда көргендеріміз бүгінде шындыққа айналды. Менің жасап отырған дүнием, ашқан жаңалығым өсімдіктерге пайдасын тигізеді, ғылыми жобам дәлелденеді деп сенемін. Т.Рысқұлов саябағындағы ағаштар саңырауқұлақ паразиттерінің «Ascomycota» түрінен зардап шегіп отыр. Бұған бірнеше фактор әсер етуде. Мәселен, жылы және құрғақ климат та кері әсерін тигізген. Соңғы үш жылда Тараз қаласында жаз өте құрғақ болып, ағаштарға қауіп тудырды. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметтері сөзімізді растай алады. 2024 жылдың жазында облыс орталығында ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болды. Тағы бір маңызды себеп – вирустар жел мен жәндіктер арқылы тез таралып жатыр, – деді болашақ ғалым.
Бұл күндері зертханадағы тынымсыз еңбек өз нәтижесін берген. Биофунгицидті ерітіндімен емделген ауруға шалдыққан өсімдіктерде 14 күннің ішінде фитопатогенді саңырауқұлақтар толығымен жойылып, қауіпті дерттің өсуі мен одан әрі таралуы тоқтатылыпты. Жетістікке қарамастан зерттеу нәтижелерінің өзектілігін қамтамасыз ету үшін Дана әрбір саңырауқұлақ түріне 5 рет эксперимент жүргізген.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді