«Көктемде әскер қатары екі мыңнан астам жауынгермен толығады»
- author «Ақ жол»
- 10 сәуір, 2025
- 244

– Нұржан Ербалаұлы, биылғы жылдың үлесіндегі атаулы датаның бірі – Жеңістің 80 жылдығы. Айтулы шараға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр? Биылғы шерудің басты айшықтары қандай?
– «Ana tili» газетіндегі сұхбатында Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің юбилейінің көлеңкеде қалмайтынын айтқан болатын. Президент айтулы датаны атап өту – мемлекеттік бағдарламаның маңызды бөлігі болатынын жеткізді. Шын мәнінде, 9 мамыр күнін атап өту және елордамыз Астана қаласында парад өткізу – жастардың тәрбиесіне өз септігін тигізеді. Бұл – жас ұрпақты тәрбиелеу, біздің мәдениетіміз мен дәстүрлерімізді болашақ ұрпаққа жеткізу міндеті. Елордада 7 мамырда өтетін парад екі маңызды оқиғаға яғни, Жеңіс күніне және Отан қорғаушылар күніне арналатынын айта кеткен жөн. Әскери парад Астанада өтетінімен, одан оңтүстік өңір тыс қалмайды. Айталық, осы парадқа қатысу үшін оңтүстік өңірдің үш гарнизоны – Тараз, Гвардейск және Сарыөзек гарнизондарынан шамамен 50 әскери техника жіберілді. Оның ішінде КамАЗ, Урал, тартқыштар, тіркемелер, жеңіл көліктер мен автобустар, сонымен қатар Д-30 гаубицалары, МСТА-б, «Прима» және басқа да артиллериялық қондырғылар бар. Сондай ақ, парадқа қатысу үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығынан 300-ден астам әскери адам, оның ішінде 58 әйел азаматша таңдалды. Ер адамдар құрамына Жамбыл облысының Қордай ауданында орналасқан Гвардейск гарнизонының артиллериялық бригадасы мен Сарыөзек гарнизонының бригадасының әскери қызметшілері кіреді. Ал, әйелдер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімшелерінен сұрыпталды. Бұдан бөлек Астанаға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі де жол тартты. Олармен бірге Тараз және Шымкент қаласындағы 5-ші және 6-шы механикаландырылған бригадалардың оркестрінің өкілдері, сонымен қатар Қорғаныс министрлігі ұлттық әскери патриоттық орталығының Гвардейск және Сарыөзек гарнизондарында орналасқан филиалдарының музыканттары барды. Олар 7 мамырдағы парадты сүйемелдейтін 300 адамнан тұратын жинақы оркестр құрамында өнер көрсетпек. Енді өзімізде өтетін іс-шараларға ойысайық. Мереке күндерінде Тараз қаласы мен өңірдің барлық аудандарында соғыс батырларының ескерткіштеріне, бюсттеріне және мемориалдық тақталарына гүл шоқтарын қою рәсімдері, концерттер және «солдат бәлішін» үлестіру шарасы өтеді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері жоғары оқу орындарында, колледждерде және мектептерде кездесулер мен ерлік сабақтарын өткізеді. Ал, әскери бөлімшелерде Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналған шығармашылық кештер ұйымдастырылып, тақырыптық бұрыштар жасалады. Әскери оркестрлер мен көптеген әскерилеріміз Астанаға кеткендіктен, әскери бөлімшелердегі құрамдардың салтанатты шарасының өтуі әлі белгісіз. Дәл қазір бұл мәселе жергілікті билік өкілдерімен талқыланып жатыр.
- Дүйім жұрт тойлайтын Ұлы Жеңісті жақындатуда соғыс ардагерлерінің қосқан үлесі зор. Өкінішке қарай, күн өткен сайын олардың қатары сиреп барады. Осы ретте айтулы мереке қарсаңында оларға қандай құрмет көрсетілмек?
– Рас, бұл күндері саусақпен санарлықтай Ұлы Отан соғысының ардагерлері ортамызда жүр. Егер 1945 жылы ең жас жауынгердің жасы 18-де деп есептесек, бүгінде қалған ардагерлердің ең кішісі 98 жаста. Қазір біздің өңірде бас-аяғы 6 ардагер бар. Атап айтқанда, Тараз қаласында Иван Макеев, Геннадий Иванов, Мүтәліп Ережепбаев, Григорий Нещеретнев және Шалданбай Шанбаев. Ал, Байзақ ауданында тұратын Рахымжан Мамырәлиев осы жылдың қаңтарында 100 жасқа толды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері дәстүрлі түрде ардагерлерге ерекше назар аударады. Біз әр ардагермен жеке кездесіп, сыйлық табыс етеміз. Бастысы, олардың ерлігіне бас ие отырып, тиісті көмек көрсетіледі. Батырларымыздың егде тартқандығын ескере отырып, олардың денсаулығы мен ыңғайына қарай барлық шаралар ерекше қамқорлықпен жүргізіледі.
– Жыл сайын көктем мезгілінде әскерге шақыру науқаны басталатыны белгілі. Биыл бұл іс қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Жамбылдық қанша жас әскер қатарына қосылмақ? Жалпы, жастардың әскерге баруға деген ынтасы қандай? Оларды қызықтыру мақсатында қандай жаңа қадамдар жасалуда?
– 2025 жылғы әскери шақыру аясында Жамбыл облысынан 18-27 жастағы 1 700 азамат әскери қызметке алынады. Оның 280-і шекара қызметіне, шамамен бір мыңға жуығы Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне, 450-і Ұлттық гвардия құрамына және 25-і Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі. Көктемгі әскерге шақыру кезеңінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамы екі мыңнан астам жаңа әскери қызметшілермен толығады деп күтілуде. Қазіргі уақытта жергілікті әскери басқару органдары азаматтарды Қарулы Күштерге, соның ішінде өңірлік қолбасшылықтарға жіберу үшін топ құрумен белсенді айналысуда. Әдетте, жаңа әскери қызметшілерді салтанатты түрде әскери әндермен қарсы аламыз. Олар алғашқы минуттан-ақ өздерінің қажетті екенін сезінуі тиіс. Жауынгерлер әскерге келгеннен кейін бір ай ішінде курстан өтеді. Бұл кезең жастардың әскери ортаға бейімделуіне арналған. Бір айдан кейін олар ант беріп, қызметке толық дайын болады. Өздеріңізге белгілі, өткен жылдан бастап әскери қызметшілерге арнайы жеңілдіктер беріле бастады. Мәселен, олар қызмет еткен кезде және одан кейін 2 ай ішінде яғни, барлығы 14 ай бойы несие төлемдерінен босатылады. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам әскери қызметшіге 1,8 миллиард теңге көлемінде несие жеңілдігі берілген. Сонымен қатар, азаматтық борышын өтеген жігіттер білім беру жеңілдіктеріне де ие болып, оқу жатақханасына оңай орналаса алады. Дәл қазір әскерде болған 1 500-ден астам қазақстандық жоғары оқу орындарында тегін білім алса, 700-ден астам адам ақылы негізде оқиды. Бұдан бөлек жігіттеріміз әскери қызмет кезеңінде мемлекеттік үлгідегі куәлік берілетін қосымша кәсіптік мамандықты игере алады. Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, былтыр 1 200 маман дайындалған.
– Әскери дрондарды Қарулы Күштерде, оның ішінде облысымызда қаншалықты пайдаланып жатырсыздар? Әскерде пилотсыз ұшу аппараттарының рөлі қандай?
– Ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА) тиімді қолданылатын әскери қарулар қатарына жатады. Олар әртүрлі барлау түрлерін жүргізуге, нысана көрсетуге және атқылауды түзетуде кең қолданылады. Сонымен қатар, дрондар қолжетімсіз аймақтарға шағын жүктерді жеткізе алады. Қазақстан Қарулы Күштерінде ұшқышсыз ұшу аппараттары әскери жаттығуларды өткізу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруда, табиғи және техногендік апаттардың салдарын жоюда белсенді қолданылады. Бұл күнде құрлық әскерлерінің бөлімдерінде де ұшқышсыз авиациялық жүйелер жиі пайдаланыла бастады. Өңірлік қолбасшылықтардың, соның ішінде біздің өңіріміздің барлау және артиллериялық бөлімшелері олармен жұмыс істеуді үйреніп жатыр. Сөз жоқ, ұшқышсыз ұшу аппараттары адам баласы физикалық тұрғыдан жүзеге асыра алмайтын күрделі әскери міндеттерді атқара алады. Бұл қару түрінің ең басты артықшылығы – оларды қолдану тірі күш жоғалту қаупін тудырмайды.
– Өзге елдердің әскерилерімен ынтымақтастық орнату қай деңгейде жүргізілуде? Соңғы жылдары шетелдік әріптестеріңізбен бірлескен оқу жаттығулар өткіздіңіздер ме? Биыл халықаралық әскери жаттығуларға қатысу жоспарда бар ма?
– Қазақстан әскері әлемдегі көптеген елдердің әскерлерімен ынтымақтастық құрған. Мәселен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Үндістан елінің Қарулы Күштерімен тығыз байланыс орнатқан. Естеріңізде болса, 2018 жылы қос елдің әскери қызметшілерінің басын қосқан алғашқы бірлескен оқу-жаттығу өтті. Сол жылы қазақстандық мотоатқыштар батальоны бірлескен міндеттерді орындау үшін Үндістанға сапар шекті. Келесі жаттығу орны ретінде «Мәтібұлақ» полигоны таңдалды. Міне, осы кезеңнен бері жаттығулар екі елдің полигондарында кезектесіп өткізіліп келеді. Өткен жылы «ҚазИнд-2024» бірлескен тактикалық жаттығуы Үндістанның солтүстігіндегі Аули қаласының маңында орналасқан «Сурья» оқу орталығында өтті. Сонымен қатар, кейінгі жылдары Пәкістан әскерімен ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Өткен жылы біздің әскери қызметшілеріміз Пәкістаннан алтын жүлдемен оралды. Бір сөзбен айтқанда, аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда мұндай жаттығулар мен бірлескен дайындықтардың маңызы зор.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ұқсас жаңалықтар
«Сайлаудың ашықтығы мен әділетті өтуі маңызды»
- 15 наурыз, 2025
«Білімі таяз уағызшылар қоғам үшін қатерлі»
- 4 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді