
Халел Әбденбекұлы Байзақ ауданы, бұрынғы Талдыөзек ауылында 1920 жылы дүниеге келген. 1941 жылы Байзақ аудандық әскери комиссариатынан майданға алынады. Бір жылдан астам уақыт майданда Жеңіс күнін жақындату жолында жау әскерлерімен шайқасты. 1942 жылы Сталинград шайқасында ауыр жараланып, госпитальда емделген соң, елге оралған.
Госпиталь дәрігерлері ұрыс жағдайына жарамсыз екенін айтып, майдан даласында қару асынуына рұқсат бермеген. Майданнан жараланып оралған ол елде ұстаздық қызмет атқарды. Кейіннен педагогикалық бағытта жоғары мамандық иесі атанды. Батқұндыз Сейдалиева екеуі ұстаздық жолда еңбек етті.
Халел Әбденбекұлы «Подгорный» орта мектебінің директоры қызметін абыройлы атқарды. Ал, «Жарлысу» орта мектебінде директор болған жылдары туралы аталған ауыл тұрғындары тамсана айтады. Өзі директор бола жүріп, оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін ауылдан мектеп салдырды. Сол мектептің тасын қалап, кірпішін көтеріп, бір жағында өзі де жүрді. Жұманбеков өзі ұйымдастырып салдырған мектептен жүздеген талантты балалар шықты. Олар еліміздің әр аймақ, әр қаласында еңбек етіп, ауылдың мақтанышына айналды.
«Халел Жұманбеков ағай маған да сабақ берді. Өте білімді мұғалім болатын. Сабағында қозғалмай отырушы едік», – дейді бұл күнде 74 жастағы Серік Жүндібаев.
Халел мен Батқұндыз екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан немере, шөбере, шөпшек тарап жатыр. Ал, екеуінен тәлім алған шәкірттер еліміздің әр түкпірінде еңбек етуде. Ол салдырған мектепте жүздеген бала қазір де білім алуда. Саналы ғұмырын халқының бақытты жолына арнап өткен Халел есімін ауылдастары ешқашан ұмытпайды.
Есет ДОСАЛЫ
Т. Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді