Жеті мыңға жуық маманның жартысынан астамының жоғары білімі жоқ
- author «Ақ жол»
- 8 сәуір, 2025
- 229

Су жетіспеушілігін реттеу үшін білікті маман қажет
Швециядағы Лунд университетінің гидрологы және зерттеушісі, жас қазақстандық ғалым Кәмшат Түсіпованың айтуынша, Қазақстанда гидротехникалық құрылыстар, су құбырлары және тағы басқасы бойынша қызмет көрсететін орта арнаулы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандардың қаншалық сапалы білім алып жатқаны да – басы ашық мәселе.
«Елімізде гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстау және басқару секторында жеті мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жартысынан астамы жоғары білімі жоқ, орта арнаулы техникалық білімі бар колледж түлектері. Сонымен қатар, Қазақстанда кемі бірнеше жүздеген гидротехникалық құрылыс қатты тозған. Бұл мамандар оларды дұрыс ұстап, жақсы пайдаланғанда, тозу пайызы аз болуы мүмкін еді», – деп есептейді ол.
Жас ғалым зерттеуші ауыз судың болуы, нысандарды күтіп ұстау, ауыз суды тазарту және жеткізу мәселелері бойынша зерттеулері аясында Қазақстанның әртүрлі аймағындағы бірқатар ауылды аралаған. Оның айтуынша, салада техникалық білімі бар мамандар аз, ал кейбірі кәсіптік білімі жоқ жалпы жұмысшы.
«Қарапайым тілмен айтқанда, елімізде су құбырларында қызмет ететін кәсіби мамандар болса, проблема да азырақ болады. Ғылыми зерттеушілер көп болып, техникалық кадр біліксіз болса, су инфрақұрылымы тозып кетеді. Сарапшылар аз болса, жаңашылдық та болмайды. Тепе-теңдікті сақтау керек», – дейді сарапшы.
Тәуелсіздік алғаннан бері кейбір ерекшелікті қоспағанда, Қазақстанда іс жүзінде бірде-бір ірі гидротехникалық құрылыс салынбаған. Сонымен қатар, ол Қазақстанға «жүйелі ойлау мен талдауды» меңгеретін, су ресурстары мен оларды басқару саласын түсінетін менеджерлерді дайындау қажет деп санайды.
Қалдық суды қайта өңдеп, пайдаға асыру керек
Алда тұрған елеулі, түйіні толық шешілмеген су мәселелерінің бірі, ол – өнеркәсіп саласындағы сумен қамтамасыз етуді оңтайлы шешу болып есептеледі.
Атап айтқанда, қалдық суларды 100 пайыз қайта өңдеп, кері пайдаға асыру қажет, ол үшін өндірістік мекемелерде құқықтық тұрғыдан міндетті түрде залалсыздандыру технологиясын енгізуді талап ету қажет. Осыдан 10 жыл бұрын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Еділбек Омаров «Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалалардың әрқайсысы жыл сайын 9 миллиард текше метр пайдаланылған су шығарады екен. Егер, осы су көлемін қайта тазалап, пайдаланған жағдайда, қала маңындағы бау-бақша, егістерде қаншама су мәселесін шешуге болады.
Мәселен, өзені, жер бетінде ешбір су көзі жоқ, құм мен тастақ жерде орналасқан Израиль мемлекеті өзін толық көлемде тұрмыстық және егістікті суғаратын сумен қамтамасыз етіп отыр», деп еді. 1950 жылы құрылған Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары жас және жоғары білікті кадрлар тапшы екенін айтты. Институт елде қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарына бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінбейтінін, бизнес тарапынан да толық қолдау жоқ екенін айтады. Институт Қазақстанда су шаруашылығы саласындағы ғылымға «елеусіз» нәрсе ретінде қарайтынын және Қазақстанның су шаруашылығы саласындағы барлық жоспар мен бағдарламаның «декларатив сипатта» екенін айтады.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25 пайызға өсті, бұл үшін тиісті шаралар әзірленді. Студенттерді суға байланысты мамандықтар бойынша жақын және алыс шетелде орналасқан жоғары оқу орындарында оқыту үшін гранттар бөлу туралы ұсыныстар берілді. «Ұлттық гидрогеологиялық қызмет» КеАҚ жерасты суларына мониторинг және талдау жасайды, іздеу және барлау жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді. Сондай-ақ гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялаумен айналысуда. Бүгінде Қазақстанда 4540 кен орыны барланған. Министрлік Қытаймен 20-дан астам өзен, оның ішінде Ертіс, Іле, Емел өзендері бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бүгінде тараптар келісімнің бірқатар баптары бойынша су бөлу мәселесіне қатысты ортақ келісімге келген.
Қайта қалпына келтіріліп отырған университетке жақын арада заманауи талаптарға сәйкестендірілген жаңа «тамшылатып және микрожаңбырлатып суландыру», «су таратуды басқаруды автоматтандыру», «төтенше жағдайларды және гидротехникалық құрылымдардың қауіпсіздігін модельдеу» секілді ғылыми-оқыту зертханаларын ашуды қарастыру керек. Алдағы тұрған орасан зор жұмыстарды орындау үшін іргелес орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұжымы да шет қалмас деп ойлаймын. Су үнемдеудің озық технологияларын қолдану нәтижесінде тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау үлесін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайту бойынша жұмыс басталды.
Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша, бұл шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Елдің су-ресурстық әлеуетін есепке алу және болжау жүйесін дамыту, сондай[1]ақ су ресурстарын басқарудың ақпараттық жүйелерін жетілдіру үшін ақпараттық-талдау орталығы тиянақты жұмыс істеу қажет.
Сонымен қатар, «Қазақстан ғарыш сапары» Ұлттық компаниясымен бірлесіп су ресурстары бойынша интерактивті геоақпараттық платформа да өз жұмыстарының жемісін көрсетуі тиіс. Алыс болашақта елімізді су саласында орасан зор алып жобалар күтіп тұр. Тек соны дұрыс игеру нәтижесінде ғана ел болашағының даму үрдісі алға басатыны сөзсіз. Солтүстік Сібір өзендерін Қазақстан және Орталық Азия елдеріне бұру идеясы алғаш рет XIX ғасырдың аяғында пайда болды.
Бұл идея Кеңес өкіметі тұсында қайта жанданды. Кейбір орыс ұлтшылдарының жөнсіз араласуының нәтижесінде бұл жоба іске аспай қалып, күн тәртібінен түскендей болған еді. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бірнеше рет қайталанды, Орталық Азия және Қазақстанның мемлекет басшылары араласып, Мәскеу мэрі Ю. Лужков қолдады. Ол «Су және бейбітшілік» атты кітап жазып, оны 2009 жылы Астанада таныстырып қолдайтынын білдірді.
Қазіргі уақытта батыс Еуропа елдерінің саясаткерлері, экологтары осы мәселені қайта көтеріп жатыр, оған себеп әлемдік климаттың жылуына байланысты солтүстік мәңгілік мұзды мұхиттың сулары шектен тыс көп еріп, кейбір мемлекеттердің су астында қалуы мүмкін деген болжам айтылуда. Ал, Сібір өзендерінің бетін бері бұрса, жылы ағыстың ықпалы да бәсеңдей түседі десуде. Бірақ бұл жоба ұзындығы екі жарым мыңдай километр жерді алып, бірнеше сораптардан тұратын су көтеру станцияларын салуды қажет етеді, өте қымбатқа түсуі мүмкін.
Осыдан екі ғасырдай бұрын патшалық Ресейдің Санкт-Петербург ғалымдарының Каспий теңізі мен Парсы шығанағын кемелер жүзіп өтетін канал қазып жалғастыру туралы ұсынысы болған. Географиялық тұрғыдан бұл өте оңтайлы шешім болуы мүмкін еді. Себебі, Каспий теңізі Парсы шығанағынан 29 метр төмен орналасқан, оның үстіне ұзақтығы да онша алыс емес, яғни 700 километр. Бірақ ол үшін Иран мемлекетінің келісімі қажет. Басқа Каспий жағалауындағы төрт ел – Ресей, Әзербайжан, Қазақстан және Түркіменстан мемлекеттері үшін бұл жобаның берер пайдасы шексіз болмақ. Бұл елдер үшін ашық мұхитқа шығатын мүмкіншілік туар еді. Ал, ол өз кезегінде осы елдердің экономикалық жағдайының күрт өсуіне әсерін тигізері сөзсіз.
Айта кету керек, әлемде ашық мұхитқа шыға алмайтын мемлекеттердің екі-үшеуінен басқасы өркениеттер қатарына ене алмаған. Болашақта бұл мемлекеттер өзара ыңғайлы ортақ шешімге келеді деп ойлаймын. Тағы да бір соңғы уақытта ел назарын елең еткізген, біздің еліміз үшін өте керемет мега жоба туралы өткен жылы Қазақстан инженерлер академиясының конференциясында ұсынған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор С.Бүркітбаевтың тың ұсынысы дер едім.
«Ертедегі ұлы Тұран су жолы» деп аталған мега жоба бойынша Ертіс өзенінің Қытайдан біздің елімізге құйған жерінен Зайсан көлінен, өзінен төмен орналасқан онша қашық емес Алакөл, одан кейін тағы да төмен орналасқан Балқаш көліне және батысында төменде тиіп тұрған бар-жоғы 30-40 километр Шу өзендерін жалғастырған жағдайда, ары қарай Сарысу – Шу ойпаттары арқылы Арал, Каспий теңіздеріне дейін ешбір сораптар жүйесінсіз өз еркімен ағып бара алатын су магистралін жалғастыруға болатындығы. Болашақта Алтай тауларының су қорын да осы жобаға қосуға болады. Міне, осындай жақын және алыс болашақта еліміздің су саласында атқарылатын іс-шаралар айтарлықтай көп-ақ.
«Дипломмен ауылға» деген сияқты мемлекеттік бағдарламаларға су саласының мамандарын кіргізуді де ойластыру қажет. Биыл «Болашақ» бағдарламасына су саласының мамандықтары қосылғаны тың жаңалық. Магистратура мен докторантураға талапкерлердің пайдаланылмаған гранты қысқы семестрге жоспарланған.
2024- 2025 оқу жылы су мамандықтарына (сумен жабдықтау және су бұру, су ресурстары және су пайдалану, гидрология, гидрогеология, гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару) 523 студент бакалаврға қабылданды. Сондықтан да жаңа Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің ашылуы жай ғана қатардағы оқиға емес, керісінше жаңа Қазақстанға апарар жолдың бастамасы деп қарау керек.
Әрине, жас жоғары оқу орнының қалыптасуына, материалдық-техникалық базаның, кәсіби профессор-оқытушылардың құрамын жасақтауға біраз уақыт қажет болар. Дегенмен де, жаңадан келген жас университеттің басшыларына қойылатын талап та, үміт те аз болмас. Шетелде білім алған, рейтингі жоғары оқу орындарында оқығаны-көргені бар, қолынан іс келетініне сеніп, тағайындалған басшы өз ізденімпаздығымен, жұмысқа деген жігерімен өзіне деген сенімді ақтап шығады деп үміттенеміз.
Сағатбек МЫРЗАШЕВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор, Білім беру ісінің құрметті қызметкері
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді