
Осыған дейін жоба аясында жазушы-драматург Елен Әлімжан, ардагер-журналист Бекет Момынқұл, қоғам қайраткері марқұм Мейрамбек Төлепберген, Ш.Мұртазаның немересі Зиба Мұртаза, тілші ғалымдар – профессор Орынай Жұбай, доцент Лаура Дәуренбекова және басқа да тұлғалар қонақ болған еді. Ал, жақында филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал жазушы Нұрдәулет Ақышпен жазушылық және әдебиеттің құпияларына байланысты керемет кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – туған ұлтының әдебиетіне, мәдениетіне, ғылымына өлшеусіз үлес қосқан аға буын қаламгердің шығармашылық зертханасы, жазушы ретіндегі шеберлігі турасында пікірлесу. Ең басты әңгіме – оның жазушылығы хақында, дұрысы – балалар әдебиеті саласына қосқан үлесі турасында болды.
Нұрдәулет Бәбиханұлы кезінде шығармашылық жолын балаларға арнап түрлі қызыққа толы әңгіме мен хикаяттар жазудан бастаған. Солардың қатарына «Сабалақ ит», «Ақ кесте», «Құттықтау жәшігі», «Сурет пен ұшқалақ», «Әбдіреден шыққан қылыш», «Іні», «Ықылассыз бозбала», «Момақан қыз», «Құз хикаясы» және тағы басқа туындылары кіреді. Сол бірнеше көркем туындысын түрлі газет-журналдарға жариялап, кейін уақыт өте келе жеке жинақ етіп жарыққа шығарған. Жазушы балалар әдебиеті саласындағы ертегі жанрына да ерекше көңіл бөлген.
Нұрдәулет Ақыш – өз аудиториясының қыр-сырын әбден зерттеген, баланың ойлау, сезіну, түйсіну қабілеттеріне сай өмірдің өзінен алынған, жеткіншекке таныс оқиғаларды шебер әрі келістіре суреттейтін жазушы. Анық байқағанымыз, автор тілі, балалардың әдеби бейнесін кескіндеудегі шеберлігі, образ ашудағы поэтикалық қуаты айрықша.
Расында да, жазушы болудың қандай қиын екендігі туралы қаламгер қауым да, әдебиетші-ғалымдар да айтып жүр. Проза өзге жанрлардан қасиетіне қарай ерекшеленіп тұрады, ал соның ішіндегі балалар әдебиеті – көбіне бағына бермейтін күрделі сала. Нұрдәулет Ақыштың балдырғанға бағытталған шығармалары ойлылығымен ерекше және танымдылығымен тамсандырады.
«Жазушылық ерекше өмірбаяннан басталады. Сіздің жазушы болуыңызға не түрткі болды?», – деген сауалдан бастап Нұрдәулет Ақыш бойындағы тума талант пен қаламгерліктің құпия сырлары туралы ой тарқатты. Жазушы әңгімесінің әсерлі болғандығы шығар, студенттер тарапынан сан түрлі сұрақтар қойылып, кездесу соңына қарай қаламгердің шығармашылығына деген олардың сый-құрметінің арта түскендігін байқап отырдық. Тіпті, өлең-сөзге таласы бар, ақынжанды студенттеріміз құрметті мейманға арнау да айтты. Бұл – шығармашылық кездесудің студенттерге үлкен шабыт сыйлағандығы.
Жалпы қаламгер шығармаларындағы әйел қауымының ішкі жан-дүниесі, табиғи болмысы, санасындағы сан түрлі ойлардың айна-қатесіз, тура сипатталып берілуіне ерекше назар аударып, тамсанған едім. Б.Нұржекеев, Д.Исабеков, С.Шаймерденов және басқа да жазушылардың шығармаларында кездесетін осы бір ерекшелік Нұрдәулет Ақыштың қаламынан тамып тұрғаны ерекше таңғалдырды әрі қызықтыра түсті.
Жазушының шығармаларындағы тақырыптық-идеялық сипатты ашу үшін, адам бойында аса бір қасиеттің болуы шарт емес. Н.Ақыштың әңгіме-хикаяттары, жалпы шығармашылығы әдебиетімізде құндылығын ешқашан жоймайтындығына, бүгінгі жас оқырмандардан бастап әдебиет саласының майталмандарына да қызмет ететіндігіне, олардың рухани қажеттіліктеріне азық болады деген ойдамын.
Айнұр КЕМБАЕВА,
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті қызметкері, PhD докторант.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді