«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Орталықта жылына мың адам оңалтудан өтеді

Орталықта жылына мың адам оңалтудан өтеді
Автор
Бүгінгі күні ерекше қажеттілігі бар адамдарға мемлекет тарапынан бірталай игі істер жүзеге асуда. Мүмкіншілігі шектеулі жандарға қоғамның көзқарасы да оң пікірде. Облыс орталығының өзінде бірнеше оңалту орталықтары бар. Әрқайсысы ерекше жандардың денсаулығын сауықтырумен, оңалтумен айналысады. Ісі ілкімді, талай жанға шуағын шашып, жанға дәру болған орталықтың бірі – Әулиеата көшесінің бойында орналасқан су жаңа облыстық әлеуметтік оңалту орталығы. Ашылғанына екі жыл толған орталыққа ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен таныстық.

Мұнда ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүруін жақсарту үшін барынша жағдай жасалыпты. Орталықтың жалпы аумағы 4,932 гектар. Кіріп барғаннан-ақ зәулім сарайдай оңалту орталығындағы тәртіп пен жанға жайлы атмосфера көзге түседі. Сауықтыру-жүзу бассейні, акт залы, спорт залы, үш қабатты емдеу корпусы, ас блогы, екі қабатты стационар, демалу, қолөнер мен үйірмелер, ем-шара блогы деп әр блогқа бөлінген. Өмірге құштар жандар өз бөлмелерінде кеңінен тыныстап, ем алып, денсаулығын дұрыстап, салауатты өмір салтын қалыптастырып, мұнда 43 күннен бастап, алты айға дейін оңалтудан өтеді екен. Бірақ өзін-өзі қамтамасыз ете алатын I және II топ мүгедектері ғана ем ала алады. Әлеуметтік оңалту орталығын Қарлығаш Бибазарова басқарады. Күніне төрт мезгіл ыстық ас беріліп, барлық қолөнердің түрлері, заманауи креативті шаштараз, тырнақ сәндеу сынды үйірмелері жұмыс істеп тұр. Қызмет алушыларды тек сәндеп қана қоймай, олардың кәсіп ашып, еңбек етуіне де алғышарттар жасалыпты. Қол-аяқ моторикасын дамыту үшін емдік жаттығулар залы, инемен емдеу, аппараттармен емдеудің сан түрі бар. Тіпті компьютердің құлағында ойнап отырған жандар да кездесті. Күнделікті информатика сабағында заман талабына сай пернетақтада еркін жазу, электронды поштаны қолдану, цифрлық құзыреттілікті пайдалану үйретіледі екен. Мұндағы әрбір қызметкер жүрегі жұмсақ, жүзі жылы, қызмет алушыға елпілдеп тұрады. Қай бөлмеге кірсең де емделушілердің бірі ұсақ моншақтарды жинап немесе жасыл бұтақтарды құрастырып, енді бірі тоғызқұмалақ ойнап, бірі бассейнде бой сергітіп, келесісі тігін тігіп, инемен ем қабылдап, бос отырған адам жоқ. Тағы біреулері арнайы ағашты күйдіру техникасы арқылы графикалық картиналар жасауда. Ерекше жандардың сауығып кетуі үшін мұнда қолөнершілер де, мүсіншілер де, суретшілер де қызмет етуде.

Арнайы 8 бағыт бойынша қызмет көрсететін орталық 2008 жылы А.Асқаров көшесінің бойынан ашылған екен. Алайда ерекше жандардың жыл санап көбеюіне байланысты ол жерде орын тапшылығы сезілген. Жаңа орынға 2023 жылдың күзінде көшіп келіпті. Су жаңа нысанға келгелі қызмет көрсету аясы да кеңіп, жаңа құрал-жабдықтармен, медициналық аппараттармен толығып, орын саны да көбейген. 150 орындық бірінші және екінші топ мүгедектеріне арналған әлеуметтік орталықта 14 емдік бөлме, 5 жаттығу бөлмесі жұмыс істейді. Физио емдеу, электрмен емдеу, инелі рефлекссотерапия, озакерит-парафинмен емдеу, галокамера, жарықпен емдеу бар. Ол аз десеңіз театр студиясы, кітапхана, зейнетақы, жәрдемақы алуға көмек, заңды кеңес беру, хат жазу мен жолдау бәрі үйретіледі. Оңалтудан жыл сайын мың мүгедектігі бар адам өтеді екен.

– Оңалту орталығында қызмет алушыларға барынша жағдай жасалған. Емдік бөлмелерде бағасы он миллионнан асқан гидрованналар, ең қымбат аппараттар бар. Тұзды шахта жұмыс істеп тұр. Емдік жаттығу бөлмелерінде шведтік БТЛ аппараттары тұр. Бұл аппарат 11 функция атқарады. Ең қымбат құрылғы егзоскелет аппараты да бізде. Ол дегеніміз мүгедек адамның жағдайын көрсететін аппарат. Арбаға таңылған адамды тұрғызып, отырғызып, аяқ-қолын созып, жаттығу жасатады. Бізге түскенде қандай еді, ем біткенде немесе он күнде қандай дәрежеге жетті осыны көрсететін аппаратты біз мақтанышпен айтамыз, – дейді аға медбике Роза Сабырқұлова. Орталықты аралатып, таныстырып, мән-жайды айтып жүрген де осы аға медбике. Оның қарамағында 33 медицина, 80 техникалық қызметкер бар. Мекеменің тазалығына, құрал-жабдықтар мен аппараттар, кадрлар, бейнебақылау, қойма ісі, бәріне осы маман жауапты.

Келесі кезіктіргеніміз Сәуле Мұратова болды. Ол да осында медбике. Аппаратпен массаж жасап жатыр екен. Өзі жаңадан жұмысқа кірсе де ептілігімен көзге түсіп жүр. Емделушілерге түрлі құрылғылармен емдік уқалау жүргізеді екен. Серғазы Аманқұл – бірінші жаттығу бөлмесінің тренері. Ол жаңа құрылғы БТЛ аппаратының шебері. Шын мәнінде бір өзінде бір аттың күшіндей салмағы бар осы құрылғы бірнеше тәсілмен адам емдейді екен. Артрит, артроз сынды небір ауруды емдеудің шебері. Басқа да, аяққа да түрлі емі бар. 2021 жылдан бері осында жұмыс істеп жүрген маманның сөзі тиянақты, ісі де жылдам екен.

Ел мақтаған егзоскелет аппаратын да көрдік. Оның нұсқаушысы Асылқан Орынбековпен де таныстық. Ерекше жандарға, әсіресе бұл құрылғы жұлын омыртқасы зақымданғандарға нағыз дәрумен екен. Аппараттың экранында бәрі көрсетіліп тұрады. Қызмет алушының қан айналымы, жүрек қағысы, қанша текше метр жүргендігін, нәтижесін, бұлшықеттердің қозғалысын көрсетіп тұр. Бөлмеде Рима Залыбаева есімді ерекше жан ем алып жатыр екен. Ол өзінің парафинмен, инемен ем алып, егзоскелет аппаратымен емделіп жүргенін айтып өтті. Келесі кезекте компьютер бөлмесіне де бас сұқтық. Амирхан Ержан есімді қызмет алушы ғаламторға кіріп, тест тапсырып отыр екен.

– Менің жасым 25-те. Төрт жыл бұрын суға шомылып жүріп бел омыртқамды сындырып алдым. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғынымын. Жеке бизнесім бар. Сол бойынша грантқа тест тапсырып отырмын. Мұнда бәрі мамандандырылған, орталық маған ұнайды. Бастапқыда отыра алмаушы едім. Оңалтудан өткелі жақсарып қалдым. Отыра аламын. Өздігімнен шаруамды жасаймын. Дәрігерлер емделеді деп жатыр. Мамандығым – информатик. Жеке кәсібімді дамытып жүрмін, – дейді Амирхан Ержан.

Тігін бөлмесіне кіргеніміз сол еді ондағы қолдан тігілген бұйымдар көздің жауын алды. Құрақ көрпелер, жастықтар, тюрбандар, қолдан тігілген ойыншықтар, қазақша киім үлгілері, тойбастарға тігілген бұйымдар жайнап тұр. Бұл игі істің басы-қасында жүрген бес жыл еңбек өтілі бар – Салтанат Берікбаева. Салтанаттан үйреніп алып, өз кәсібін ашқан қызмет алушылар жетіп артылады екен.

Дәрігер Амангелді Болатбекұлы 2019 жылдан бері медицина саласында невропатолог дәрігер болып жұмыс істеуде.

– Пациенттің көбі инсульттан кейін келеді. Көбінде неврологиялық зақымдану бар. Қарағанды қаласындағы медициналық университтеті тәмамдап, осында келіп жұмыс істеп жатырмын. Әу баста дәрігерлік саланың ішіндегі мамандықтарды таңдағанда-ақ мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтінімді білдім. Бәріне дайын болдым. Қолдан келгенше көмектессем деп талпындым. Бүгінде сау адамдардың көбінде неврологиялық ауытқушылықтар бар. Қаншалықты заман дамыған сайын у-шу, жағымсыз ақпараттар, жаман аурулар көп. Стресс, күйзеліс барша адамды шарпып өтеді. Невропатолог маманы осындай жағдайда керек, – дейді дәрігер Амангелді Болатбек.

Мұнда Қытайда оқып, Қытайдың дәстүрлі медицинасын, соның ішінде инемен емдеуді игеріп келген дәрігер Анастасия Попивухина жұмыс істейді. Анастасия Олеговна Қытайда 7 жыл білім алған. Инемен емдеуші терапевт дәрігер бастапқыда Қытайда бір жыл, екі жыл Біріккен Араб Әмірлігінде жұмыс істепті. Мұнда 8 айдан бері еңбек етуде.

Әлеуметтік жағынан әлсіз топқа қолдау көрсету – парызымыз. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмірін қайтсек жарқын етеміз деп, қоғамда сау адамдармен қатар жүруіне септігін тигізіп жүрген оңалту орталығының қызметкерлеріне дән риза болып, басымызды иіп қайттық. Өмірдің сынағына қайыспас қайсарлық танытып жүрген жандар қашанда құрметке лайық.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

Ұқсас жаңалықтар