«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әннің әсемқоңыры, саздың сайыпқыраны

Әннің әсемқоңыры, саздың сайыпқыраны
Автор
Қазақ күй өнерінің маңдайына біткен күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Баласағұн» орталық концерт залында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен «Ән мен күйдің әсемқоңыры – Нұрғиса» атты концерті өтті.

Дара тұлғаның шығармалары – қазақ музыкасының алтын қазынасы. Оның күйлері, әндері, оркестрлік шығармалары халықтың рухын көтеретін асыл мұраларымыз саналады. Көзі тірісінде-ақ «Халық қаһарманы» атағын алып, сазгерлік өнердің сайыпқыраны саналған Нұрғиса Тілендиев қазақ күй өнерінің өткенін жаңғыртып, жаңа белеске көтере білді. Бұған оның өмір жолының қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтармен тоғысып отыруы да себепкер болды. Әсіресе, Нұрғисаның дарынын ертеректен танып, оған домбыра сыйлап, арнайы оқуға түсірген Ахмет Жұбанов еді. Бұл туралы композитордың өзі «Мына мен Ахаңсыз сөйлемеймін, Ахаңсыз дирижерлік етпеймін, Ахаңсыз өмір сүріп көргенім жоқ. Міне, сол Ахаң өмірімде, бесіктен келе жатқаннан қадірлейтін адамым да, өмірде бағынатын менің пайғамбарым» деген еді.

Дәл сол секілді жас Нұрғисаның үйіне қарт Жамбыл жиі қатынап тұрған. Қазақтың «Қырықтың бірі Қыдыр» дегені болар, өмірінің соңында жыр алыбы Жамбылдан «Менің ием, жолбарысым Тілендінің баласы Нұрғисаға кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұр екен. Ендігі иесі сол болар» деген сөз қалды. Шынымен де өнер құдіреті қонған Нұрғисаның мұрасы әр алуан жанрдағы 500-ге жуық музыкалық шығармадан тұрады. Соның ішінде әндер, күйлер, романстар, увертюра, поэма, контата, опера, тіпті балет те бар. Бұған қоса, композитор «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа» көркем фильмдеріне, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» мультфильмдеріне, бірқатар спектакльдерге музыка жазды.

Маэстро мен Мұқағали арасындағы тандем де қазақ ән өнеріне отызға тарта шоқтығы биік туындыларды сыйлады. Бір айға жуық ақын інісін қонақ қылған композитордың жарына қарата айтатын «Дариға, домбырамды берші маған» деген тіркесі жырға айналып, кейіннен бұл өлеңге де ән жазылды. Дәл осындай тағы бір танымал әннің тарихы туралы сазгер естелігінде былай дейді: Мұқағали дүниеден өткен соң, қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі айға жуық емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң, жұмысқа киетін бешпетімнің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың хаты екен. Онда ол «Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көрерсіз» депті. Жаным күйзеліп отырып, ақын інім көз жұмғаннан кейінгі екінші айдың ауыр бір күнінде әлгі өлеңге ән жаздым, – дейді. Сазгердің айтып отырған туындысы бүгінде көпшілікке Елена Әбдіхалықованың орындауында кең танылған «Есіңе мені алғайсың» әні еді. Ал, Нұрғисаның ән өнеріндегі төлқұжаты саналған «Құстар әні» шығармасы сазгердің ішкі жан тебіренісін айнытпай бейнелеген туындының бірі деп айтуымызға болады. Өйткені әннің жазылу тарихы да композитор өмірінің қилы сәттерімен тұспа-тұс келеді. 1965 жылы ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар сазгер Қазақфильм киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарады. Бірде жұмыстан шығып, саябақты аралап, көңілсіз күйде үйіне қарай тартады. Сірә, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек. Осы кезде бақта ұшып жүріп ағаштардың біріне қонған тырнаға бір топ қарғалардың тыныштық бермей қойғанын көрген Нұрғисаға осы бір эпизод қатты әсер етеді. Болған жайтты ақын інісі Тұманбай Молдағалиевке баяндап, өлең жазуды тапсырады. Осылайша, кейіннен халық арасында «Құстар әні», «Құстар қайтып барады» атауларымен танылған әйгілі ән жазылып шығады. Көзі тірісінде сазгер өз концерттерінің бәрін де осы әнмен аяқтайтын болған.

Композитордың өмір жолы мен шығармашылығынан хабар беріп, қазақ даласын күмбірлі күйімен тербеген дәулескер күйшінің шығармашылығын кеңінен насихаттауды мақсат еткен іс- шарада республикалық конкурстардың лауреаты «Бозторғай» үлгілі би ансамблі, Жамбыл ауданы, М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары, «Ақкербез» би ансамблі, республикалық конкурстардың лауреаты «Кәусар» вокалдық ансамблі мен Мәдениет саласының үздігі Дулат Байзілдаев жетекшілік ететін Қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Сондай-ақ, салтанатты кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев, Мәдениет саласының үздіктері – Оңал Азаматова, Жанатбек Кәдіров, Мадина Сағынбекова, Айгүл Мақашова, Әсел Уашева мен Динара Диханбаевалар сазгер әндерінен шашу шашты.

Қазақ музыка мәдениетіне өшпес із қалдырған Нұрғиса Тілендиев Құддыс Қожамияровпен бірге жазылған «Алтын таулар» операсының, Лев Степановпен дайындалған «Достық жолымен» балетінің, «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, көптеген әндер мен романстардың авторы атанды.

Сазды-әуенді кеште композитордың жоғарыда аталған туындылары мен «Баламишка», «Алтын дән», «Жеңіс салтанаты», «Әлқисса» күйлері, «Кел, еркем, Алатауыңа», «Аралдағы жеңеше», «Куә бол», «Жүрегім менің», «Саржайлау», «Әке туралы жыр», «Құстар әні», «Өз елім» әндері орындалды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар