
Көмекшім, кітапханашы Клара Өмірбайқызы екеуміз жазу үстелінде отырғанбыз. Ол кісі менің көңілге түйгендерім мен жүрекке сақтаған толғамдарымды ақ қағазға маржандай етіп түсіреді. Сол сәтте қолымдағы келінім Перизат:
– Ата, бір үлкен кісі баласымен келе жатыр деп құлаққағыс жасады. Шамасы терезеден көрсе керек. «Бұл кісі кім екен» деген ой санама қоңырау соқты. Таңырқағаным рас. Мен ешкімді де күтпеген едім. Ауызды жинап алғанша:
– Ассалаумағалейкум, жиен, – деген көтеріңкі өктем дауыс естілді. Табан астында нағашым Әбдімомынның дауысы құлаққа шалынғандай тебірене түстім. Жаныма жақындап келгенде ол кісінің Әбдімомынның туған інісі Әбдібай нағашым екенін түсіне қойдым.
– Ағаңыз екеуіңіздің түр-түстеріңізді былай қойғанда дауыстарыңыз да, сөз саптастарыңыз да айнымайды екен, – деп атап айттым.
– Әрине, айнымайды, екеуміз де бір әкеден, бір анадан жаралдық әрі нәр алдық.– Талай бірге туған жандарды көріп жүрген жағдайым бар. Бірақ сіздерге ұқсамайтын тәрізді.
– Әйткенмен жете көңіл бөлген жанға байқалатындай ағамыз екеуміздің де айырмашылығымыз жоқ емес. Мәселен, Әбдімомын бала кезінен өнер жолын таңдап, ауыл өнерпаздарымен бірге жүрді. Сол себептен жүрегі жұмсақ, пейілі кең, мейірімді болып өсті. Өнер жолы қиын жол болса да, ыстығы мен суығына бірдей төтеп берсең, көрерменнің көңілін көтеріп жүрсең, өнер ордасы киелі шаңырақ қой. Оның көтергені домбыра, көргені жұртшылық, назар аударатыны сахна болды. Бәлкім содан болар, бауырым өсе келе көрерменнің көзайымына айналып, мәдениет саласынан іздегенін тауып, үлкен құрметке бөленді. Ал, менің ортам одан басқаша болды.
Осылай деген Әбдібай нағашым бір сәт үнсіз қалды. «Бұл кісіге не болды?» деген ой мазалай бастады. Айтар сөзі аузына түспей қалды ма, әлде топырағы кеппеген бауыры есіне түсіп кетті ме тереңінен тыныстады. Нағашымның ойын одан әрі жалғамақ болып «тосылмаңыз, айта беріңіз» деп қолқа салдым.
– Айтсам, әңгіме былай, – деп ол қайтадан сөз бастады. Екеуміз де бір үйде өссек те тағдыр жолымыз, яғни еңбек жолымыз қиыспады. Әбдімомын өнерпаз болса, мен өмір бойы темір пісіруші кәсіппен айналыстым...
– Қызықты әңгімеңіз енді бастау алатын сияқты. Ол жағын да айтып беріңізші, – деп рухани қолдау көрсеттім.
Сонымен, Әбдібай нағашым зейнет жасына шыққанға дейін ауыл шаруашылығы саласында темір пісіруші қызметін абыройлы атқарған. Ағасына қарағанда, кіммен болса да көңіл жықпастың күйін шертпей «бетің бар, жүзің бар» демей тура сөйлейтіндігі байқалады. Өзіндік болмысы бөлек бұл ағамыз Желдібайдың қара шаңырағын ұстап қалған. Мінезі ауырлау болса да ел-жұртына қадірсіз емес. Бұл күнде мәуесі мол бәйтерек іспетті. Ұрпақтары өсіп, немере-шөберелері көбейіп келеді. Алдағы кезде сексен бес жасқа толғалы отырған ағамыз тағы да бір сәт үнсіз қалды.
– Жиен-ау, өткен жолы өзің іздеп келгенде, бауырым Әбдімомын туралы әңгімелескенімізде көп нәрсе ойыма түсе қоймаған еді. Сол кезде айтылмаған жайларды есіңе салайын деп ат басын бұрдым.
– Өте орынды қадам жасап отырсыз. Біз Әбдімомын Желдібаевтың күйлері мен әндері жайлы бірсыпыра білеміз. Ол жөнінде концерт жүргізушілер де атүсті болса да айтып жатады. Ал тегі туралы мәселе жабулы қазандай жабулы түрде қала бермейтін болар. Атам қазақ «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп тегін айтпаған.
– Бүгінгі сұхбатымызды осыдан бастайықшы.
– Біз Дулат бабаның үлкен ұлы Сиқымнан тараған ұрпақпыз. Соның ішінде сен де барсың. Ал енді Әбдімомын екеуміздің жеті атамызды жіпке тізгендей атап берейін. Әкеміз Желдібай болса, оның әкесі Төленді, Тайлақ, Жанкісі, Балғабай, Бөкей, Солтан...
– Нағашы, мұныңыз дұрыс болды. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында «Жеті ата», «Жеті қазына», «Жеті күлше» сияқты халқымыздың қасиетті нанымдары мен сенімдері ұмытыла бастаған болатын. Еліміз егемендік алғаннан кейін өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ата-бабалардан қалған рухани мұраларымыздың жас ұрпақтың санасына қайтадан жете бастағандығы қуантады. Жоғарыда аталған аталарыңыздың қай-қайсысы болса да қоғам дамуына, ел тыныштығын сақтауға, ауызбіршілікті нығайтуға үлкен үлес қосқандары талассыз шындық. Дегенмен жекелеген аталарыңыз туралы айтып беріңізші.
– Жоғарыда атап өткенімдей, мен қатардағы шаруа адамымын. Көп оқыдым, көп тоқыдым дей алмаймын. Шежіреші де емеспін. Солай болған жағдайдың өзінде аталарымның жақсы жақтарынан хабардармын.
Қазақ тарихында Бөкей есімімен белгілі танымал тұлға – Дулаттан шыққан Бөкей батыр. Ол біздің алтыншы атамыз.
Осы дарынды қолбасшы туралы біздің заманға жеткен жазба деректер де баршылық. Мәселен, көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясында Абылай ханның оң және сол қолында отырған негізгі қолбасшылары арасында «шау тартқанына қарамастан әлі де күш-қайратынан айырылмаған» Бөгенбай батырмен қоса, Керей Жабай батырдың, Қыпшақ батырлары Дербісал мен Маңдайдың, Дулат Бөкей батырдың отырғанын жазады.
Осы атақты трилогияда Бөкей бабаның қандай деңгейдегі қолбасшы болғанын көрсететін барынша айқын тағы бір дерек бар. «Дулат руынан жаушы келіп, Абылайға Дулат руының Бөкей мен Садыр батырлар бастаған бес мың сарбаздың көмекке келе жатқанын жеткізді», – деп жазады жазушы. Демек, Бөкей бабаны Абылай ханның белгілі де танымал сардарларының бірі болды деуге толық негіз бар.
Күні бүгінге дейін атақты Қаратаудың ең заңғар ұшары үш ғасырдан бері «Бөкей тауы» деп аталады.
1758-1760 жылдары Қоқан ханы Әлім көп әскермен Ұлы жүз қазақтарының жеріне басып кірді. Атақты Абылай хан басқыншыларға қарсы күресті басқарды. Ханның жанында оның қандыкөйлек серіктері – Дулаттың бес мыңдық қолына басшылық жасаған белгілі батырлар Бөкей Сұлтанұлы мен қарт Шағыр Әлібекұлы да болды. Сол шайқаста қоқандықтар жеңіліп, бітімге келеді.
Қаратаудың ең биік сілемінің Бөкей тауы аталуы да тегін емес. Бұл жерде батыр қатысқан қазақ-жоңғар соғысының ең жарқын беттерінің бірі саналатын айтулы оқиға өткен.
Бөкей батыр ХVІІІ ғасырда Қаратаудың таулы аймақтарында өмірге келген. Қазақ жағдайында батыр атану үшін алдымен сол адамның ерекше күш-қайратқа ие болуы шарт. Бұл жағынан келгенде Бөкей баба шынында да ерекше қайратты кісі болған көрінеді. Қолда бар дереккөздерге қарағанда Бөкей батыр өз әскерімен Цин және Қоқан басқыншыларына қарсы табанды күрес жүргізген. Ол туралы қазір қолда бары ауызекі әңгіме ғана. Алайда кейбір дереккөздерге қарағанда Өзбекстан мұражайларында, мұрағатханаларында сиқым Бөкейдің қоқандықтарға қарсы шайқасы туралы деректер бар.
Сол жылдардағы ауыр кезеңді Ілияс Есенберлин өзінің «Жанталас» романында былайша суреттейді: «1757-1758 жылдары Цин империясы мен Қоқан хандығының басқыншыларына қарсы Абылай хан қазақ әскерін басқарды. Сол соғыста Шағыр мен Бөкей деген қос батыр Дулат қолын бастап, ерлік көрсетті».
Қазақтың жауынгерлік тарихында өзіндік орны бар Аңырақай шайқасында жас Бөкей батыр кемел шағына келген жігіт болатын. Сол соғыста Бөкей баба сиқымдардың Арыстан Шынасылұлы басқарған мыңдығының құрамында шайқасып, ерлік көрсетеді. Бөкей батырдың басшылығымен сиқым әскері өздерінің «Жаубасар! Жаубасар!» деген ұранымен жоңғарлардың ең бір топтасқан жеріне басып кіріп, жойқын тойтарыс береді. Сиқым әскерінің сол соғыстағы ерлігі үшін осы рудың бас батырына Жаубасар деген атақ беріледі.
Міне, қолбасшы Бөкей батырдың қазақ тарихындағы орны осындай! Даңқты жолдан өткен Бөкей батыр Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген...
Сондай-ақ әкеміздің әкесі Төленді кезінде елге танымал би болыпты. Кісілікті, кішіпейілдікті пір тұтқан қазіргі Теректі өзенінің бойындағы Төленді жайлауы, Төленді қорасы деп аталатын жер аттарын көнекөз қариялар әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді. Төленді бабамыз жайлаған Теректі өзенінің бойы құтқа толы аймаққа айналды. Бүгінгі таңда бұл өңірде Шатыркөл кен орны ширек ғасырдан бері жүйелі жұмыс істеп, Балқаш кен байыту комбинатын мыс алынатын шикізатпен қамтамасыз етуде. Ал мыс шыққан жерден алтын, күміс және тағы басқа аса бағалы металдар шығады дегенді естиміз. Бөкейлік нағашыларымның ата жұртынан неше түрлі қазба байлықтар алынып, халық қазынасын толтыра түскендігі өз алдына үлкен бір әңгіме іспетті. «Сулы жер – нулы жер» деп бекер айтылмаған. Таулардан бастау алған Кербұлақ пен Теректі өзендерінің ел ырзығына айналғанына қаншама уақыт өтті десеңізші... Осы өзендердің жан-жағы малға таптырмас жайылым болса, ендігі кезекте ірі өндіріс орнының қанат жаюына да кең тыныс ашты. Өмірден озып кеткен ақын, күйші Әшірәлі Шынқожаев атамыздың:
Кербұлақ пен Теректі,
Ол да бізге керекті.
Қысы-жазы сарқылмай,
Жердің бетін гүл етті.., – деп жырлағаны ел есінде.
– Ер жігіттің үш жұрты болады емес пе? Өз жұртыңыз туралы тамаша айттыңыз. Енді нағашы жұртыңыз туралы не білесіз?
– Анамыз Гүлжамилә Келдібайқызы көрші Қордай ауданындағы Жаныс баба кіндігінен тараған Қасқарау елінің ұрпағы. Қазақ халқының қас батырларынын бірі – Өтеген батырға да туыс болған.
Өтеген батыр Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан. Оның ата-бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет 1635 жылы ойрат ханы Батырдың 50 мың әскеріне қарсы соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа қатысқан. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Өтеген батыр 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа араласқан. 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасады. Іле бойында қалмаққа қарсы жасақ жинаған Төле би әскеріне қосылып, елін жаудан азат етіседі. 1756 жыл шамасында Абылайдың Қытаймен бейбіт болу саясатына қарсы шығып, Жиделібайсында 17 жыл жүріп қайтыпты деген аңыз да бар.
Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың: «Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді», – деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі – Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екіншісі – батырдың елді «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтара соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі. Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандастар болған. Райымбек бірде Өтегенге: «Өлгенде сен су астында қаласың» деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Өтеген батырдың бейіті су астында қалатын болады. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен.
Өтеген батыр – ел арасында аңызға айналған адам. Оны алғаш жырлаған Сүйінбайдың бабасы Күсен ақын. Өтеген батыр жайында тарихи дерек жинаған тарихшы Делебаевтың материалына қарағанда, Тілеміс, Майкөт ақындар да батырды дастан етіп жырлаған екен. Бұлардың ішінде бізге жеткені – Жамбылдың «Өтеген батыр» дастаны. Өтеген батыр туралы дерек-аңыздар жинауға әдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Тұрғанбаев, Н.Смирнова, С.Бегалин қатысқан. Алматы облысының Бозой мен Қарой аралығында Өтеген батыр есімімен аталатын жерлер бар.
Сонымен қатар нағашымыз Ноғайбай Дәулетбақұлы туралы да айтпай кетуге болмайды. Ол кісі қазақ-қырғыз жұртына танымал тұлға. Өмір сүрген дәуірде белгілі шешендігімен әрі әділдігімен ел-жұртына сыйлы болған.
Әбдімомын ағамыз екеуміз де тектілерден нәр алған екенбіз. Тамырларымыз тереңге тартып, бүгінгі күні бейне бір алып бәйтеректей жайқалып өстік. Дегенмен балалық шағымыз Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келгендіктен аса қиын жағдайда өткендігін несіне жасырайын. Ішсек тамаққа, кисек киімге жарымадық. Жоқшылықты, тапшылықты көріп жүрсек те жасымадық. Өйткені біздің әке-шешелеріміз не көрмеді десеңізші... Айтып отырса адам нанғысыз ашаршылықты, орталықтың қатаң озбырлығын, қызыл империяның қиянаты және тағы басқалары. Соның бәріне төзе біліп, шыдамдылық танытып, бейбіт өмірдің берекесіне әзер жеткен.
Әкеміз Желдібай сұрапыл соғыс басталмастан бұрын шағын ауылымызға су әкелетін басты арықты қазуға атсалысқан. Ол кезде канал қазу жұмыстары тек қана қол күшімен атқарылған. Кетпен, күрек, қайла сияқты еңбек құралдарын пайдаланған. Қазылған топырақты зеңбілмен жоғарыға шығарған. Таңның атысынан күннің батысына дейін жер қазып, сыртқа топырақ тасу кімге болса да оңай болмаған.
Тепсе темір үзетін жастар жағы мойынға түскен қиындықты майыспай көтере білді. Сондай ауыр жұмыстары үшін алып жатқан жалақылары да күнкөрісін көтере қоймапты. Ауыл жастары ауыл ақсақалдарының ақ батасын ала жүріп, жоспарлы канал қазу жұмысын да еңсеріп тастады. Осындай игілікті істің басы-қасында жол ортасына жетіп қалған Желдібай да білек түріп, қызу атсалысты. Ленин каналы аталған бұл үлкен арыққа келген ағын су біздің ауылдың солтүстігіндегі Киров, Ақтөбе, Айдарлы, Көктерек және тағы басқа ауылдардың егіншілікпен айналысуына мүмкіндік берді. Бұған дейін аула алдындағы жерді пайдалануға су тапшы болса, бұдан кейін елдің берекесі кіре бастады. Ауылдың айналасы да, көшелері де колхоздың егістік тараптары да, әртүрлі дақылдары, жеміс-жидек талдарының жайқала бастағаны ашаршылықтан әрең ес жинаған жергілікті жұртты қуанышқа кенелтті.
Бұрындары өз арнасымен ғана ағып жатқан Шу өзенінің жаңа тармағы тың жерлерге тартылды. Ауылға ағын су келген соң қант қызылшасын өсіру қолға алынды. Бұл өзі бір бейнетті көп талап ететін шаруа болып шықты. Қызылшаға ауыл әйелдері қырын қарап, турасын айтқанда қажетті көңіл бөлмеді. Үкімет жағы бұл дақылдың аса бағалы екендігін түсіндіріп бақты. Сол кезде Желдібай қызылшашылар бригадирі болып тағайындалды. Ол аудандағы, ауылдағы атқамінерлердің нұсқауы бойынша тәртіп пен талапты күшейтті. Жекелеген әйелдер өзіміздің қайын ағамыз ғой деп өзеурей түссе, қолындағы қамшысын ала жүгіретінді шығарды. Бас салып ұрмаса да қызылшашы қауымды ұршықша иіріп, айтқанына көндірді.
Желдібай жұмысында қатал болғанымен үйіне келгенде кенже ұлы – мені алдына отырғызып, ерекше еркелететін. Сен бидің баласысың, тегің Төлендиев болып жазылған, ал Әбдімомын бригадирдің баласы, сондықтан Желдібаев болып кеткен. Әкеміздің бұл сөзіне ағамыз екеуміз мәз болып күлісетінбіз.
Төленді бидің екі ұлы болған. Үлкені Үмбетәлі, кішісі Желдібай. Батыста соғыс өрті тұтанған кезде Үмбетәлінің жалғыз ұлы майданға шақырылады. Ол кезде біздің ауылдағылар қазіргі Төле би ауылын, аржақтағы ауыл деп атайтын. Желдібай інісі Әйетбекті аудандық әскери комиссариатқа шығарып салады. Қайтар сапарында Шу өзенінің үстіндегі жылтыр мұздан табаны тайып суға түсіп кетеді. Мезгіл ақпан айы болғандықтан Желдібайдың бойын суық сорып, денесі қалтырап әзер дегенде ауылына жетеді. Оқыс оқиғадан кейін Желдібай біраз айлар төсек тартып жатып қалады. Елдегі емші тәуіптердің арқасында жаны қалғандай болады. Бірақ денсаулығына байланысты әскер қатарына қабылданбайды. Ал інісі Әйетбектен 1942 жылы Сталинград шайқасына кіріп бара жатырмыз деген соңғы хат келеді. Бұдан кейін ол бауыры хабар-ошарсыз кетеді. Осылайша ауыл адамдары бірде қара қағаз алып, бірде қара қағаз алмай-ақ орны толмас қайғы-мұңға бата береді. Мұндай жан беріп, жан алысқан қан төгіс енді қайталанбасын деп тілейік. Басымызға, шаңырағымызға, қоғамға бақыт нұрын сеуіп тұрған бейбіт күнді бағалай білгенге не жетсін...
Әбдімомынның ауылдағы тай-құлындай тебісіп өскен құрдастары да еске түсе береді. Олардың бәрін атап шығу мүмкін емес. Әйткенмен Білімқоз Иманбаев, Жанайдар Бұралқиев, Әлімбек Ниязалиев, Кеңес Мамасеріков, Мұхтарқұл Қартайғанов, Нүсіп Ақбергенов және тағы басқаларының жақын жүргендігін, ертелі кеш бірге ойнайтындығын білемін. Ол кезде ауыл балалары үй шаруаларын тындырып бағатын. Қолдағы малға қарайтын, азын-аулақ жерді күрекпен жыртып, әртүрлі дақыл егетін. Ең бастысы, олар бір-бірімен түсініспей қалып, кейде жұдырықтасқанның өзінде ертесіне бірін-бірі кешіріп, кектесу дегенді білмейтін. Сол балалар ересектерге қолқанат болып, қандай бір ауыр жұмыстар атқарса да мойымайтын әрі есептесіп жатпайтын.
Баяғыда біреу айтқан екен: «Шынымды айтамын деп сырымды айттым» деп, сол айтпақшы, Әбдімомынның ата тегі туралы айтуды жөн көргенімен біраз жайлардың басын шалған сияқтымын.
Енді Әбдімомынның үрім бұтағы туралы хабардар етейін. Ағам мен жеңгемнің шаңырағында жеті бала дүниеге келді. Олардың бесеуі ұл, екеуі қыз. Үлкендері Талғат, ол Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебін және Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдаған жоғары білімді музыкант. Әке жолын ардақтаған тұңғышы Талғат бұл күнде Астана қаласындағы өнер ордаларының бірінде қызмет атқарады. Оның жұбайы Сәуле де үлкен өнер ордасының түлегі. Дәстүрлі әнші өзінің қайын атасымен қоса қазақтың маңдайына біткен сазгерлердің әсем әндерін асқақтатып келеді. Талғат пен Сәуленің тұңғышы Меруерт те өнер жолын таңдаған. Алдымен музыка мектебін, кейін Астанадағы Ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Мамандығы – әнші, домбырашы. Меруерттің інісі Шалқар өнер ордаларынан білім алған скрипкашы. Талғаттың кенже ұлы Нұрғиса жоғары оқу орнының студенті. Әбекеңнің екінші ұлы Нұрхат, оның жұбайы Клара, бұлар басқа саланың еңбеккерлері. Олар дүниеге бес бала әкеліп тәрбиелеп, өсірді. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Олардың есімдері: Маржан, Нұржан, Мәжит, Айша, Абубәкір. Кенже ұлы дін жолында дәріс алып, қари атанған. Әбекеңнің үлкен қызы Салтанат, күйеу баласы Садық. Олардың Әмина атты қызы мен Нұрмұхамед атты ұлы бар. Қызы мұғалім болып қызмет атқарса, ұлы қари атағына ие болғандықтан діни жолда еңбек етіп жүр. Келесі ұлы Салауат, оның жұбайы Севда. Екеуінің үш баласы бар. Үлкені Дінмұхамед, ол Шымкент қаласындағы Оңтүстік футбол академиясын бітірді. Алдағы уақытта Астана қаласында қызмет атқаруға ниет білдіріп отыр. Дінмұхамедтің інісі Мустафа мен Румия мектеп оқушылары. Әбекеңнің екінші қызы Шарапат, күйеу баласы Думан. Бұл екеуі де дүниеге үш бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Айшолпан, Бекжан, Данияр бұл күнде жоғары білімді мамандар. Келесі ұлы Мақсат пен жұбайы Айгүл. Бұл шаңырақта Абдулла, Рахима, Абдурахим, Абдуалим атты ұл-қыздары өсіп келеді. Әбекеңнің кенже ұлы Абілахат, жұбайы Жанар екеуінің бес баласы бар. Жабағы, Жанерке, Санжар, Айбар, Сезім.
Құдайға шүкір, бұлардың қай-қайсысы болмасын үлкен өмір жолында өздерінің орындарын тауып, туған халқымен бірге ғибратты ғұмыр кешуде. Ағамның осы бала-шағасына қарап, «Орнында бар оңалар» деген аталы сөзге тоқтаған жайым да бар.
Бұрынғылар «Өмір жалған» деп бекер айтпаған. Осыны біле жүрсек те шындыққа мойынсұнбайтынымыз бар. Соның бір дәлелі, туған бауырынан айырылып, қайғы-қасірет дегенді бастан өткеріп жатырмын. Мен қанша қиналсам да, мен қанша жоқтасам да алтыннан қымбат ағамның жарқын жүзін енді көре алмайтыным талассыз шындық. Ол рухани жағынан өлген жоқ. Құдай берген ұрпағымен мың жасайтыны айдан анық. Туған елі де әркез сағынышпен еске алып, есімін ескеріп отыратын шығар. Мұның бәріне кәміл сенемін. Еліміз аман болсын! Сол елді баянды басқарып отырған жақсылар мен жайсаңдардың тума таланттарға деген көзқарасы оң болсын!
Тоқсан ауыздың тобықтай түйіні, осыдан он бес жыл бұрын Шу жерінде бауырымның «Ерке сылқым» күйінің құрметіне ескерткіш тұрғызылғандығы ел есінде. Білгіштердің айтуына қарағанда, күллі қазақ топырағында күйге арналған алғашқы ескерткіш осы екен. Бұған кезінде қуандық, шаттандық, тәубе дедік. Енді сол күйдің авторы Әбдімомын бауырымның өзіне де ескерткіш тұрғызылса деген ақ тілегім бар. Жергілікті жұрт пен басшылар бұл өтінішімді қуаттап, қолдайтын шығар деген үміттемін.
Ахметжан ҚОСАҚОВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді