
Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің өмірі мен болашағын тапсыратын сенімді өкілі, айналасына білім нұрын, шапағатын шашатын ізгі тұлға. Көрнекті ақын Мұзафар Әлімбаев «Шәкіртке ұстаз болу – ірілік, Ұстазға ұстаз болу – ұлылық», – депті. Көрнекті педагог В.Сухомлинскийдің сөзімен айтсақ, жер жыртушы, тұқым себуші, астық басушы егіс даласында өсірілген бидай масағымен және бір уыс дәнге бірнеше айдан кейін қуанып мәз болады, мұғалім өз жасампаздығының жемісін көру үшін жылдар бойы еңбек ету керек болады. Университетіміздің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан, бүгінде өз ғылыми мектебін қалыптастырып үлгерген, осындай аяулы ұстаздардың бірегейі – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Пернайым Сағымбекова.
Ұлы шығыс философы Әл-Фарабидің «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсіне білетін, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, еш нәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі», – деген сөздері менің ұстазым Пернайым Сағымбекқызына да арналған сияқты.
Жаңашыл ұстаз, креативті ғалым Пернайым Сағымбекқызын 1982 жылдан білемін. 1982 жылы мен оқитын М-1,40 тобына Пернайым Сағымбекқызы «Математиканы оқыту әдістемесі» пәнінен сабақ берді. Пернайым Сағымбекқызы болашақ педагогтердің, яғни біздердің математика пәніне деген қызығушылығымызды арттыру үшін сабағын әрдайым қызықты әрі көрнекі өткізетін еді. Сабақта неше түрлі шығармашылық тапсырмалар орындататын, қызықты есептер, басқатырмалар, ребустар, сөзжұмбақтар және өзге де тәсілдер қолданатын.
Пернайым Сағымбекқызы математикадан сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлетін. Практикалық сабақтарда математикалық кештер мен сайыстардың әртүрлі дәстүрлі емес инновациялық түрлерінің үлгі-жоспарларын жасатып қана қоймай, оларды жүргізіп көрсететін. Ғалым Пернайым Сағымбекқызы тіпті сол кездің өзінде қазіргі жаңа мемлекеттік стандарт талап етіп отырған болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігінің қалыптасуына өз үлесін қосты. Ол – жаңашыл ұстаз, креативті педагог. Ұстазымның ұлағатты да, қажырлы еңбегінің алдында бас иемін.
Клара БҰЗАУБАҚОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі, шәкірті.
Ұқсас жаңалықтар
Он саусағы он кісі
- Бүгін, 05:08
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді