
Жалпы, аталған оқу орны ең алғаш 1920 жылы Түркістан кәсіптік білім беру бас басқармасының шешімімен Шымкент қаласында «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын даярлайтын педагогикалық техникум болып құрылыпты. Тұңғыш директоры болып Сегізбай Айзұнов деген азамат тағайындалып, үш жыл басқарған. Онан соң 3 жыл Жәрменов деген кісі жетекшілік жасаса, 1926 жылы көрнекті жазушы, белгілі қоғам қайраткері Жүсіпбек Аймауытов директор болып тағайындалған. Жүсіпбек Аймауытов та аталған техникумды үш жыл бойы басқарыпты. Ал, 1929 жылы аталған педагогикалық техникум Шымкент қаласынан Әулиеатаға көшірілген. Ал, Аймауытов сол 1929 жылы ұсталып, тергеуге алына бастаған. Одан кейін сол қауіп-қатерге толы уақыттарды басынан кешіріп, 1931 жылы бақилық болған.
Біздің айтайын дегеніміз, 105 жылдың ішінде аталған колледжді 13 кісі басқарған екен. Аймауытов үшінші директор болса, қазіргі Саясат Есеев 13-ші директор.
– Тарихи тұлға Жүсіпбек Аймауытовтың біздің колледжді басқарғаны ұжымымыз үшін зор мақтаныш. Сондықтан, Ж.Аймауытов мұраларына кітапхананың бір қабырғасын арнап отырмыз. Ол жерге қайраткердің суреттері, кітаптары және Ж.Аймауытовқа арналған кітаптар қойылады. Соңғы кезде Алматы қаласында қайта басылып шыққан «Қартқожа», «Ақбілек» кітаптары және өлеңдер жинағынан бірнеше данадан алдырттық. Сонымен қатар Қарлығаш Әбдікованың «Жүсіпбек Аймауытов туындыларындағы тұлға бейнесі», Рахымжан Сағынбекұлының «Жүсіпбек», «Жүсіпбек Аймауытұлы» зерттеу еңбектері бізде тұр. Сонымен қатар, колледж ұжымы Жүсіпбек Аймауытовтың шөпшек туысы болып келетін керекулік Сайлау Байбосын деген кісімен байланысып, зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз, – дейді Саясат Керімбекұлы.
Біз де Сайлау Байбосынмен хабарластық. «Қанқұйлы ХХ ғасырдағы зауалды кезеңнің бірі – отызыншы жылдардағы қуғын- сүргін зобалаңы екені әркімге аян. Бұл жылдарды біздер «37-нің қуғын-сүргіні» деп атағанымызбен, Сталиннің саяси терроры жиырмасыншы жылдардың аяғында-ақ басталғаны белгілі. Аты шулы қуғын-сүргін жөнінде оқып-біліп жүргенімізбен, қызыл қырғынның жалпы масштабын тану үшін жазықсыз құрбандар жатқан қорымдарды аралап, өз көзіңмен көру керек. Сонда ғана осы бір алапат қырғынның адам баласына қаншалықты қайғы-қасірет әкелгенін жан дүниеңмен түсінесің. Алматыда жазықсыз оққа байланғандарды, арып-ашып өлгендерді есептемегенде, Мәскеудің үлкен-үлкен үш-төрт зиратында жатқан жүздеген мың адамдардың тізімін көзбен көргенде, еріксіз төбе шашың тік тұрады. Осы жазықсыз құрбандардың ішінде Алаш жұртының болашағы үшін арман арқалап кеткен ұлтымыздың небір көшбасшылары да бар екенін білесіздер. Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Нығмет Нұрмақов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ғазымбек Бірімжанов, Ораз Исаев, Зияда Әбенов, Дінмұхаммет Әділов, Әбдірахман Байділдин секілді Алаш зиялыларына осы қаладан топырақ бұйырған.
Павлодар мемлекеттік университетіндегі үш тұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айман Зейнулина екеуміз Мәскеу қаласына барып, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың басына зиярат етіп қайтып едік. Оның басына біздер алғаш 2014 жылы, жазушының 125 жылдығына орай барған болатынбыз. Сол жылы мен наурыз айында Парламент Сенатының сол кездегі депутаты, белгілі жазушы-драматург Жабал Ерғалидың атына «Мәскеудегі Жүсіпбек Аймауытовтың сүйегін елге әкеліп жерлесек» деген мазмұнда хат жазып, ол дереу Сыртқы істер министрлігіне шығып, министрлік Мәскеумен хабарласып, соңында маған Мәскеу қаласының мэриясынан «Аймауытовтың сүйегін қазып алуға мүмкіншілік жоқ», – деген жауап келген болатын.
Дегенмен, біздер бір топ адам Павлодар облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаевтың қолдауымен Мәскеудегі Жүсіпбек Аймауытұлының басына зиярат етіп, өзінің туған өлкесі әулиелі Қызылтаудың топырағын апарып салып, дұға бағыштап қайтып едік. Ұлттың арысына айналған азаматқа қолдау көп болса қанекей!», – дейді ол.
Жүсіпбектің көрнекті шығармаларының бірінде Ордабай бай туралы айтылады. Ордабай мен Жүсіпбектің әкесі Дәндебай бірге туады. Дәндебай Жүсіпбектің екінші атасы болса, Ордабай жоғарыда біз айтып өткен Сайлау Байбосынның төртінші атасы. Жүсіпбек пен Сайлаудың арасында осындай да байланыс бар.
Абай атындағы гуманитарлық колледжінің әр студенті әуелі Жамбыл менен Абай аталарының атына лайық болуға талпынады. Сондай-ақ, Жүсіпбек Аймауытовқа да құрметтері бөлек. Тарихы терең колледждің көкжиегі кеңейіп, үздік оқу орнына айнала беретініне сеніміміз мол.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
«Жайлы мектептің» жағдайын көріп таң қалдық
- 29 наурыз, 2025
Қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие?
- 29 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді