«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тоқпановтан тәлім алған талант ал, біз ол туралы не білеміз?

Тоқпановтан тәлім алған талант ал, біз ол туралы не білеміз?
Ашық дереккөз
Редакцияға Меркі ауданынан қоржынын арқалап, артынып-тартынып, 84 жастағы Ахау Қуанышбекұлы есімді ақсақал келді. Шаруасы бәлкім, өзінің бойында қарыз боп жүрген аманаты да шығар, Шопан Кәрібаев деген талантты театр маманы туралы айтып берді. Мойындауымыз керек, он шақты жыл бойы облыс баспасөзінде еңбек ете жүріп, Шопан Шәбденбайұлы деген өнер майталманы жөнінде естімеген екенмін. Қарияны біраз тыңдап отырып, азаматтың театрға адалдығымен өлшеусіз сіңіріп кеткен еңбегіне таңдандым.

Шопан Шәбденбайұлы 1959 жылы Меркі ауданының Кеңес ауылында дүние есігін ашқан. 1984 жылы Алматы мемлекеттік театр- көркемсурет институтының актерлік бөлімін бітірген соң, сол кездегі Жамбыл қаласына келіп, облыстық Абай атындағы қазақ драма театрының актері ретінде еңбекке араласып кетеді. Бірнеше рөлдерді сәтті ойнап, сол кезде көзі тірі театр корифейлері Шәріпбай Сәкиев, Мұхамеджан Табановтардан бата алған. Осы күні ортамызда жүрген театр ардагері, Халық әртісі Мәкен Рахымжанова «Шопан Кәрібаев біздің облыстық театрда еңбек етті. Театрды бүкіл жүрегімен жақсы көрді. Жақсы актер, білікті басшы болды. Жас еді. Жастығына қарамастан табанды, жемісті еңбек етті», – дейді.

Ал, Алматыда бұл азаматқа ақ жол тілеп, тәрбиелеген ұстазы – Қазақстанның Халық әртісі, профессор Асқар Тоқпанов екен. Кілең марқасқалардың оң бағасын алған Шопан Шәбденбайұлы шыныменен аса талантты адам екенін осыдан-ақ байқауға болады емес пе? Ол 1988 жылы аталған облыстық қазақ драма театрының директоры қызметіне тағайындалды. Аталған қызметті ұршықтай үйіріп, дөңгелетіп әкетті. Талант қай жерде де талант! Сол шақта оның жасы бар болғаны 29-да еді. Арада екі жыл өткенде ару қала Алматысына қайта оралады. Алған білімі өзіне аз көрініп, екі жылын тағы алаңсыз білімге арнап, Т.Жүргенов атындағы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының режиссерлік бөлімін Қазақстанның Халық әртісі Маман Байсеркеновтың сыныбы бойынша бітіріп шығады. Тоқпановтың, Байсеркеновтың мектебінен өту деген қандай тәжірибе, қандай тереңдік десеңізші! Сондай алыптардың саған «Айналайын» деп елжіреуі үшін өзің қаншалықты талантты болуың керек?!

Кейіпкеріміз 1992 жылдан бастап Атырау облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театрының директоры және бас режиссері болып бақандай 5 жыл қызмет атқарды. Театрды талай жетістікке жетеледі. 1994 жылы Жезқазған облысында өткен Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық театр фестивалінің жеңімпазы және «Ең үздік режиссерлік шешімі үшін» деген арнайы дипломмен де марапатталып, лауреат атанды. Сонымен қатар, ол Каир қаласында өткен халықаралық театр фестивалінің дипломанты. 1996 жылы театр өнеріндегі жетістіктері үшін Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атанған. Жалпы, өз ісінің шеберіне қай жерде де сұраныс бар. Шопан 1998 жылы Семей қаласындағы Абай атындағы сазды драма театрына бас режиссер қызметіне шақырылған. Осы тұста Шыңғыс Айтматовтың шығармасы бойынша қойылған «Боранды бекет» спектаклі Қарағанды қаласында өткен VІІ республикалық театрлар фестивалінде жүлделі екінші орынды иеленеді. Жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің шығармасы бойынша қойылған «Өз отыңды өшірме» спектаклі сол кездегі Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Шопан Шәбденбайұлының шығармашылық театр ұжымы 2001 жылы Петропавл қаласында өткен ІХ республикалық театр фестивалінде 14 ұжымның арасынан жүлделі екінші орынды иеленген еді. Осы жолы да ескере кететін бір жайт, аталған фестивальдің бірінші жүлдесін атақты сахна сардары Әзірбайжан Мәмбетов басқаратын астаналық театр әртістері алады. Мәмбетовтен кейінгі екінші жүлдені иелену – «сен тұр, мен атайын» дейтұғын талай режиссердің қолы жете бермес арман. Шопан Кәрібаев бұл биікті де бағындыра білді. Ол қазақ театрының аса мойындалған тарланы Мәмбетовпен теңесті деуге татитын дара тұлға еді.

Әттең! Әттең, 44 жасқа қараған шағында аяулы театр қайраткері, өнердің дара тұлғасы Шопан Шәбденбайұлының жүрегі мәңгілікке тоқтады. Осы тұста театр әртісі Әсел Салықованың:

Азаматтың өткен соң парқын біліп,

Аза тұтып жатады халқым тынып.

Шопанды да шап берді ажал-құрық,

Арманына жете алмай сарқылды үміт.

Қоңылтақсып қалғандай қоғам мынау,

Өкініштер өнерді тонадың-ау.

Тарланым-ай, туған ел құшағына,

Шабыт емес, табытпен оралдың-ау,

– деп жырға қосып, жоқтағаны бар. Аяулы театр майталманының мәйіті сонау Семей жерінен ұшақпен әкелініп, аса дарынды азаматқа өзінің туған жерінен топырақ бұйырыпты.

Өкінішке қарай кейінгі жылдары Шопан Кәрібаевтың есімі біздің өңірдің өнерпаздары мен театр әртістерінің арасында көп айтыла бермейді. Десе де, ол өзге облыста еңбек етсе де, Жамбыл топырағының қасиетті де, киелі екенін өзге өңірлерге дәлелдеп өтті. Жамбыл облыстық театрында да 5 жылдан астам жемісті еңбек еткені және бар. Ендеше, аяулы азамат Шопан Кәрібаевтың есімін есте сақтау бойынша батыл жұмыстар жүргізіп, театр тұлғасының еңбегін терең бағалайын уақыт жеткен секілді. Кәрібаевқа өзі туған аудан мен ауылынан көше, мектеп, мекеме атауын беру, Шопан Шәбденбайұлы атындағы өңірлік театр фестивальдерін өткізу, ғылыми- практикалық конференциялар ұйымдастыру қажет-ақ. Осы орайда, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Меркі ауданы әкімдігі Шопан Кәрібаевқа қатысты еске алу жұмыстарын назардан тыс қалдырмайды деген ойдамыз. Аманат арқалап, редакцияға келген 84 жастағы Ахау Қуанышбекұлы ақсақалдың да тілегі осы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар