«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жайлы мектептің» жағдайын көріп таң қалдық

«Жайлы мектептің» жағдайын көріп таң қалдық
Ашық дереккөз
Білімді ұрпақ – елдің кемел болашағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бұл жобаны «Самұрық – Қазына» қоры қадағалап, жүзеге асырып келеді. Аталған жобаның игілігін біздің өңірдің балалары да көре бастады. Тараз қаласы бойынша пайдалануға берілген жайлы мектептер қатарында «Бәйтерек» шағынауданындағы №66 орта мектеп те бар.

Байқағанымыз, мұнда білім ошағына келген кісіге құрмет ерекше. Білім ошағының табалдырығын аттаған сәтімізден мектеп директор Фарида Шортанбекова қарсы алып, аралатуға кірісті. Оқу ошағының бірнеше айырмашылықтары бар. Біріншіден, бастауыш сыныптар басқа блокта, ал жоғары сыныптар өз алдына бөлек білім алады. Екіншіден, барлық пән кабинеттері панельдік тақталармен жабдықталған. Үшіншіден, спорт залы екеу. Әр спорт залында ұлдар мен қыздар киім ауыстыратын 4 бөлме қарастырылған. Төртіншіден, компьютер кабинетінде арнайы жабдықтар, әр балаға жайлы креслолар берілген. Бесіншіден, әр қабатта 3 коворкингтен бар. Алтыншыдан, мәжіліс залы, кең 265 адамға арналған. Сахнасы заманауи экрандармен жабдықталған. Бұдан бөлек асханасы өте кең. Бір мезгілде 350 оқушы тамақтана алады. Үлкен бассейні бар. Кітапханасында да барлық жағдай жасалған. Шахмат бұрышы бар. Бір сөзбен айтқанда, жайлы мектеп – баланың білім алуына өте ыңғайлы, қолайлы білім ошағы.

Кітапханаға бас сұқтық. Зерттеуші-педогог, 28 жыл еңбек өтілі бар Гүлназым Шалова 4-сыныптық оқушыларына бейнеэкрандағы суреттер арқылы мақал-мәтел жасырып жатыр. Оқушылар кезекпен қол көтеріп, мақалдың жауаптарын дәл тапқанына куә болдық. Ал, он екі жыл еңбек өтілі бар кітапханашы Раушан Тәжиева мектепте 28 мың 940 дана кітап қоры барын айтады. Оның ішінде 1 080 данасы көркем әдебиет. Бұл – барша баланың көкжиегін кеңейтуге жететін мөлшер.

4 «Е» сыныбына кіргенімізде, күмбірлеген домбыра үні назарымызды аудартты. Бізге оқушы Нұрасыл Мұрат «Тепеңкөк» күйін орындап берді. Бұл – мектептегі домбыра үйірмесінің үш айлық жұмысының жемісі. Тағы да бірнеше оқушының бойынан ұлттық аспап домбыраға деген қызығушылықты байқадық. Осы сәтте қоңырау соғылды. Баяғы біз естіп өскен шылдырлаған қоңырау емес, күйдің дауысы. Үзілісте директор өтіп бара жатқан 4 «З» сыныбының оқушысы Әсем Тойшыбаеваны тоқтатып алып, «Қандай кітап оқып жүрсің?», – деп сұрады. Ол Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» кітабын оқығанын, басты кейіпкер Аянның тағдырын мүдірмей айтып берді. Ал, 7 «Ә» сыныбының оқушысы Әміржан Бәйтік қазіргі уақытта Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасын оқып жүр екен.

– Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» кітабынан 100, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабынан 100, үш тілге аударылған Гарри Поттердің кітабынан 150 дана сатып алдық. Әр оқушыға бір кітаптан жетеді. Үйлерінен оқып келіп, сыныпта талдайды. Кітаптың көптігі сапалы білім алуға ықпал етеді, – дейді мектеп басшысы Фарида Советбекқызы.

Аталған мектептің 8-сынып оқушылары өзін- өзі басқару ұйымының жұмысын жүргізіп, түрлі іс-шаралар өткізуге де дағдыланған. Мектеп президенті Ерсұлтан Тұрысбек те 8-сыныпта оқиды. Ол қазіргі таңда робототехника бағыты бойынша дронды құрастыру жолында еңбектеніп жүр. Ал, тағы бір оқушы Інжу Дүйсебай «Robomade» атты шағын робот құрастырып шыққан. Робот әр түрлі түстерді ажырата алады. Ол түс сезуі арқылы алдында тұрған допты теуіп, қай бағытқа ұшса да іздеп тауып алды. Әрине, 8-сыныптың қызы үшін бұл аз жетістік емес. «VR» көзілдірігін киіп көрдік. Алдымыздан мүлдем басқа әлем шықты.

Жайлы мектепке өзге облыстардан да келіп жатқандар бар. Мәселен, бастауыш пәнінің мұғалімі Рабиға Тенелова бұрын Қостанай облысында еңбек еткен. «Отбасы жағдайымен Тараз қаласына ауысып, тесттен өтіп, осы жайлы мектепке келіп отырмын. Мектеп барлық қажеттілікпен қамтылған. Біздің міндет – тек сапалы білім беру», – дейді ол. Ал, Қызылорда облысынан қоныс аударған Қарлығаш Әбдірахманова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы. «Өзім осы Әулиеата топырағына туып-өскенмін. Біраз жыл Сыр бойында, Қызылорда қаласында еңбек еттім. Ол жаққа да өзімнің мүмкіндіктерімді көрсеттім. Жақында Тараз қаласына көшіп келіп, тестілеуден өтіп, осы жайлы мектепке мұғалім болдым. Барлық мүмкіндікке ие мектепке келгеніме қуаныштымын», – деді. Бастауыш пәнінің мұғалімі, педагог шебер Айтолқын Дәуітбекованың ұстаздық еңбек өтілі – 30 жыл. Ал, 16 жыл еңбек өтілі бар Динара Қарымсақова Қордай ауданынан қоныс аударған. Информатика пәнінің білікті маманы Ұлжан Қоңырбаева да осы мектептің абыройын көтеру үшін тер төгуге бекініп отыр. Мектептің үлкен спорт залында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мәлік Болмашев 7-сынып оқушыларына білгенін үйретуде. Нәтижесінде балалардың волейбол спортына машықтанып алғанын анық байқадық.

Үлкен сыныптар блогының ең жоғары үшінші қабатындағы үлкен коворкингте Мағжан Жұмабаевтың: «Мен баланың шырағын жағу үшін мектептемін», деген сөзі жазылыпты. Қандай терең мазмұнды, ұлағатты сөз! Осы сөзді мектептің әр қабырғасына, ең бастысы әр мұғалім өздерінің жүректеріне жазып қойса, артық болмас. Ал, жоғары сыныптар блогының кіреберісінде мектеп басшысының өз идеясымен үлкен қабырғаға сурет салыныпты. Мұнда қазақтың тауы мен қызғалдағы, алма жемісі, нұрын шашқан күн, ұядан қанат қаққан қарлығаштар бейнеленген. Суреттің өзі сөйлеп, шәкірттерге бағыт-бағдар беріп тұрғандай.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар