«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие?
Ашық дереккөз
Жұмысшы мамандықтарының ел экономикасын ілгерілетуге қосар үлесі қомақты. Сондықтан да болар, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялап, еңбек адамдарының беделін көтерер, адал ісін насихаттайтын іс-шараларға биліктің назарын аудартты. Әрине, қандай істі атқарсаң да оның қыр-сырын білу үшін білім қажет. Механизатор, тракторшы, құрылысшы, наубайханашыдан бөлек, тіпті қарапайым шопан болу үшін де малдың қыр-сырын білу керек. Биылғы атаулы жылда білім беру саласы нендей іс атқармақ? Бұл жөнінде облыс әкімдігінің білім басқармасынан сұрадық.

Үкіметтің 2024 жылғы 30 желтоқс андағы №1134 қаулысымен «Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу» жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл жоспардың негізгі мақсаты – жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, жастардың осы салаға қызығушылығын арттыру, кәсіби бағдар беруді жетілдіру және еңбек нарығының сұранысына сай білікті кадрлар даярлау. Облыс әкімінің 2025 жылғы 8 қаңтардағы №2 өкіміне сәйкес, осы мақсатта арнайы штаб құрылып, 6 бағыттан тұратын 123 іс-шара әзірленген.

– Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының тұрақты дамуының және халықтың жұмыспен қамтылуының маңызды факторы. Индустрияландыру мен технологиялық өзгерістер заманында білікті жұмысшы кадрларға деген сұраныс күннен- күнге артып келеді. Өңірде 42 колледжде 28 219 студент 104 мамандық бойынша білім алып жүрсе, оның 28 колледжінде 49 жұмысшы мамандықтары бойынша 12 306 студент оқуда. Жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты арттыру үшін кешенді тәсіл қолданылып, еңбек нарығындағы қажеттіліктер ескерілді. Жоспардың негізгі бағыттары еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби бағдар беру, жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту, жастардың белсенділігін арттыру және халықаралық тәжірибелерді енгізу сияқты аспектілерді қамтиды. Жұмысшы мамандықтары жылын табысты өткізу үшін 6 негізгі бағыт белгіленді. 1-бағыт – жұмысшы мамандықтарының жылын дайындау және ұйымдастыру. Бұл бағытта 21 іс-шара жоспарланған. Еңбек адамының қоғамдағы оң имиджін қалыптастыру үшін теле-радио хабарлар, деректі фильмдер және мақалалар жариялау қарастырылған. «Еңбек адамы» тақырыбында арнайы деректі фильмдер түсіріледі. Екінші бағыт – кәсіптік бағдар беру жүйесін жетілдіру. Бұл бағытта 35 іс-шара енгізіліп, еңбек нарығына сәйкес, жаңа мамандықтарды ашу мәселесі қарастырылды. Осы мақсатта «Жаңа кәсіптер Атласы» жобасы әзірленіп, оған жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді. Жоба өңірдің басты 5 саласын, яғни агроөнеркәсіп, өнеркәсіп, баламалы энергетика, туризм және көлік-логистика бойынша 68 жаңа мамандықты анықтады. Сонымен қатар, 17 мамандықтың жойылатыны, 41 мамандықтың трансформацияланатыны белгілі болды. Кәсіптік бағдар беру жұмыстары аясында 15 мың оқушыға мамандық таңдау диагностикасы жүргізіледі, 6 мың оқушы облыстың 27 ірі кәсіпорнына экскурсияға жіберіледі. Үшінші бағыт – жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру. Бұл бағытта 14 іс-шара қарастырылып, оқу орындарын материалдық-техникалық жаңарту және жаңа мамандықтарды енгізу жоспарланған. 4-бағыт–жұмыс берушілер мен ынтымақтастықты кеңейту. Жұмыс берушілердің қолдауымен 8 іс-шара жүзеге асырылады. 2024 жылы 6 инвестициялық жобаға 5 колледждің 27 түлегі 11 жұмысшы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасқан. Биыл 33 инвестициялық жобада 1 360 жұмыс орны, 18 инвестициялық жобада 234 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, түлектерді жұмысқа орналастыру мақсатында 113 бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізу, 1 315 адамды қысқа мерзімді оқыту, 500 орын – мақсатты тапсырысқа қабылдау, 3 500 орын – жұмысшы мамандарына кадр дайындау, 30 – өндірістен шеберлерді тарту және жұмыс берушілер мен форсайт-сессия өткізу жұмыстары жоспарланған. Келесі бағыт – жұмысшы мамандықтарының имиджін арттыру. Бұл бағытта 16 іс-шара жо спарланған. Яғни, халықаралық Agroskills, республикалық «Jas Skills», «MedikalSoftSkills», облыстық «Junior», «World Skills», «DeafSkills», «MamandykFest» сынды 53, салалық 14 кәсіби мерекелер өткізілетін болады. Ал, алтыншы бағыт – жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру. Жастар арасында кәсіпкерлік пен техникалық мамандықтарды насихаттау мақсатында 29 іс-шара қарастырылған, – дейді облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұлова.

Ләззат Әбілдақызының айтуынша, қаржы орталығы арқылы кәсіпкер тарапынан колледж студенттеріне биыл 120 орын, келесі жылы №9 Меркі колледжіне 100 орындық жатақхана құрылысы салынады деп күтілуде. Сондай-ақ, сәуір айында Жамбыл инновациялық жоғары колледжі базасында «1С» сертификаттау орталығы сжұмысын бастамақшы.

Тағы бір қуанарлық жағдай – қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар ашылмақшы. Шетелден инвестор тарту арқылы анығырақ айтқанда, Сиань қаласының кәсіптік білім комитетінің инвесторлығымен облысымыздан «Автомобиль құрастыру» мамандығын ашу жоспарлануда. Ол №7 Бетқайнар колледжінде болады. Сондай-ақ, «Гидротехникалық құрылыс» мамандығы жаңадан енгізіледі. Колледждерде «Дәнекерлеу ісі», «Электрмен жабдықтау», «Гидротехникалық құрылыс» бағыты бойынша «Жұмысшылар кешені» құрылады.

Сонымен қатар, 6 салалық (hub) кешен ашу жоспарланып отыр. Олар Жамбыл индустриалды- технологиялық колледжінде «Дәнекерлеу» полигоны, Құлан агротехникалық жоғары колледжінде «Agro hub», Қаратау құрылыс техникалық колледжінде «Автотехнопарк», Жаңатас көпсалалы колледжінде «AUTO SKILLS» орталығы, Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде «IT hub», Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде химия саласында құзіреттілік орталығы құрылады.

Мұнымен қоса, жастарды жұмысшы мамандықтарға қызықтырып, еңбекке тарту мақсатында «Үздік топ-10 студент» конкурсы, «Мен – кәсіпкермін» гранд турнирі, республикалық хакатон және басқа да іс-шаралар белгіленген. Сондай-ақ, «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы тұрғын үй бағдарламалары аясында «Әулиеата жастары» жұмысшы қызметкерлерге жеңілдетілген несие ұсыну жұмыстары жүргізіледі.

Қорыта айтқанда, биыл атқарылатын кешенді іс-шаралар жұмысшы мамандықтарының мәртебесін биіктетіп, осы салада сапалы мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Жоспарланған жобалар мен бағдарламалар алдағы жылдары да өз жалғасын табады дейді жауаптылар. Міне, осылайша, мемлекеттік қолдаудың арқасында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жетілдіріліп, жастарға жаңа мүмкіндіктер берілмек.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар