«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үш жанрда бірдей қалам тербеген

Үш жанрда бірдей қалам тербеген
Ашық дереккөз
Талас ауданын үнемі ақындар елі деп естиміз. Әрине, бекер емес. Арғы жағын айтпағанда, Күләш Ахметова, Рафаэль Ниязбек, Абдрахман Асылбеков, Нарша Қашаған, Серік Томановтың қай-қайсысын алып қарасаңыз да – шын таланттар. Міне, осы шоғырға Баймаханбет Ахметұлын да қосуға болады. Ол ақындығына қоса прозаның ауыр бейнетін, журналистиканың жүгін көтеріп жүрген еңбекқор қаламгер.

Облыстық Жаст ар ре сурстық орталығының ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүше сі Баймаханбет Ахметпен студент және өнерпаз жастар кездесті. Облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» орталығында өткен кездесуге өнерге енді қанат қағып жүрген жас айтыскерлер де, болашағын ғылыммен байланыстырғысы келетін студенттер де қатысып, ақынға алуан түрлі сұрақтар қойды.

Ал, Баймаханбет Ахмет қаламды мектеп қабырғасында жүрген кезінен ұстағанын, республикалық «Қазақстан пионері» газетінің жас тілшісі атанғанын, кейіннен әскерге барып, ауылда шопыр болып, біраз жүріңкіреп қалғанын қызықты әңгімеледі. Тіпті, ол аудандық газетке 30 жасында ғана әдеби қызметкер болып ауысқан. Дегенмен, ол бас редактордан жолы болған адам. Әуелі Талас аудандық «Талас тынысы» газетінде Әбірахман Әбдірәсілов деген өте сауатты, білікті, газет жұмысын өте жақсы білетін бас редактордың қарауында еңбек етсе, кейіннен Сәулембай Әбсадықұлынан да үйрене жүріп, облыстық «Ақ жол» газетіне ауысқан. Ал, «Ақ жолдағы» алғашқы бас редакторы Әлдихан Қалдыбаев болыпты.

Жазушы-ақын осы кезге дейін 16- 17 кітап жазып, оқырман қауымның назарына ұсынды. Оның ішінде өлеңдер жинағы, әңгіме-повестер жинағы, бірнеше романы бар. Ол туралы өзі: «Жас кезімнен балалық жайлы әңгіме, повесть жаза берген екенмін. Повестерім 70-80 беттен тұрды. Соларды біріктіріп, романға кеңейттім. Ауыл адамдарының өмірі, мінез құлықтарын қамти отырып, тағы бір роман жаздым. Мен кейде ә дегеннен Алматыға кетіп, журналистика мамандығына «топ» етіп түсіп кетпегеніме қуанамын. Мен ол кезде ауылдың тынысын, ауыл адамдарының мінезін, тіршілік тынысын сезіне алмайды екенмін», дейді ақын ағынан жарылып. Ол жастарға жігер беретін, жақсы жолдарға шабыттандыратын жалынды сөздерін айтты. Іс-шара барысында айтыскер Есет Досалы өзінің төл шәкірті Дидар Апбасовпен айтысып, кеш иесінің ақындық, жазушылық, азаматтық қырларын жыр шумақтарымен ашып берді.

Іс-шараны облыстық Жаст ар ресурстық орталығы директорының орынбасары Медеу Мырзатай қорытындылап, кеш қонағы Б.Ахметке сый-құрмет көрсетті. Баймаханбет Ахмет те өзіне үздік сұрақ қойған студент Мадина Нұралықызына жаңа кітабын сыйлады.

 

Диас ҚҰЛИБАЙ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің студенті.

Ұқсас жаңалықтар