«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұйырғаны - күміс медаль...

Бұйырғаны - күміс медаль...
Ашық дереккөз
Бұл күнде қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. Себебі, жақында ғана қазақтың қаракөз қыздары бокстан ерекше атаққа қол жеткізді. Нақтылай түссек, Сербияның Ниш қаласында өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты отандық спортсүйер қауым үшін сәтті аяқталды. Азия бокс федерациясы Қазақстан құрамасын Азия құрлығындағы «Ең үздік федерация» деп танылғанын жария етті. Ниште жалауын желбіреткен жарыста Азия елдері арасынан Қазақстан, Солтүстік Корея (КХДР) және Қытай мемлекеті ғана алтын медальға ие болды. Ел құрамасы үш бірдей алтын медаль еншілесе, КХДР мен қытайлықтар бір реттен өз елінің әнұранын шырқатты.

Жалпы, бұл жарыста Назым Қызайбайдың бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаттары тарихында өзінің үшінші алтын жүлдесін жеңіп алғаны тарихи жеңіс саналды. Ал, солтүстік кореялық Пан Чхоль Ми жеті жыл бұрынғы жеңісінен кейін екінші мәрте әлем чемпионы атағын қанжығасына байлады. Осынау сында Азиядан Тайланд пен Өзбекстанның да былғары қолғап шеберлері ақтық кезеңге дейін жетті. Бірақ, қос елдің намысын қорғаушы спортшылар күміс медальді місе тұтуға мәжбүр болғанын көзіміз көрді. Ал, Вьетнам елі бір қола жүлдені қанжығалап, медальдық есепте үздік шыққан алтыншы азиялық ел ретінде тіркелді.

Сонымен, Балқан түбегіндегі аталған елде атой салған тек Назым бастаған қаракөздеріміз ғана емес. Өйткені, бізде бокс өнерінде шеберлігі жоғары, шоқтығы биік қыздар жетерлік. Бір ғана Жамбыл жерінде бұл спорт түрімен шұғылданушылардың қатары күн санап артып келеді. Ең негізгісі, қайсар мінезді қылықты қыздарымыз Назым әпкесінің жолын қуып, шаршы алаңда шашауларына шаң жуытпай жүр. Айталық, қордайлық Аружан Мұхтар (-46кг) мен Валерия Вайдеман (-54кг) дүбірлі додада атой салып үлгерді. Қос бұрымды Сербияның Собор қаласында әйелдер мен жастар арасында өткен XIV халықаралық турнирде сәтті өнер көрсете білді. Осылайша, нәзікжанды жерлестеріміздің өз салмақтарында күміс медаль еншілегені бар. Біз қос бұрымдыны бокс өнеріне баулып, спорттың қыр-сырын үйретіп жүрген Төребек Әміровті сөзге тартқан едік.

– Рас, бұл турнир шәкірттерім үшін үлкен сынақ болды. Себебі, қарсыластары өте тәжірибелі боксшылар. Алайда, қыздарымыз туған елін өзге жұртқа лайықты таныстыру үшін көп жұмыс істеді. Аружан мен Валерия әрбір жекпе- жекте бокстың техникасын ғана емес, мінездерін де көрсете білді. Бұйырғаны – күміс медаль. Бұл – үлкен жетістік. Шын мәнінде, бізге әлі көп жұмыс істеу керек. Шәкірттерімнің жеңісті күндері алда екеніне сенімдімін, – дейді жаттықтырушы.

Шаршы алаңға шыққанда қызу қандылықтан гөрі аса шыдамдылықпен қатар ұтқыр болуды мақсат ететін Аружан да келешекте батыр әпкелерінің ізін жалғастыратынына күмәнданбайды. Ол әлі талай дүбірлі додаларда топ жарып, ел еңсесін көтеремін деп отыр.

«Бұл – менің ең бірінші ірі халықаралық турнирім болды. Әрине, жекпе-жек алдында аздап уайымдағаным рас. Бірақ, білікті бапкерім мен қамқор командаластарымның қолдауы бойымды билеген уайымды сейілтуге көмектесті. Жарыстағы әр жекпе-жек нағыз шайқас сияқты өтті. Тұғыр биігіне көтеріліп, күміс медаль алғанымды мақтан тұтамын. Ендігі мақсатым – жатпай-тұрмай еңбектеніп, келесі турнирлерде үздік атану», – деді Аружан Мұхтар.

Иә, шаршы алаңның шаңын шығарып жүрген қыздарымыздың алар асуы әлі алда. Бастысы, спортшылардың төккен тері мен бапкерлердің еңбегі зая кетпесе дейміз. Осы ретте біз де қай заманда да сұлулық пен қайсарлықтың символы бола білген бұрымдыларымызға шын тілекші екенімізді білдіргіміз келеді.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Қордай ауданы

Ұқсас жаңалықтар