«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сәттілік оған әрдайым серік бола қойған жоқ

Сәттілік оған әрдайым серік бола қойған жоқ
Ашық дереккөз
Қасиетті Әулиеата өңірі таланттардан кенде болмаған. Тағдырлы тарихымызда әлемге әйгілі апайтөс балуандарымыз жетерлік. Сол саңлақтарымыздың ізбасарлары бүгінде арамызда жоқ емес. Талай бәсі биік жарыстарда қара үзіп, бірнеше дүркін әлем чемпионы атанып жүрген жерлестеріміз қаншама?! Бұл тізімде шулық Нұрасыл Қуандық та бар. Жерлесіміз бұған дейін Вьетнамда өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанып үлгерді. Сондай-ақ, ол көптеген халықаралық жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп, еліміздің жасөспірімдер құрамасын толықтырды.

Нұрасыл 2006 жылы отбасының екінші перзенті болып дүние есігін ашады. Үлкен ағасы еркін күреспен айналысқандықтан, Нұрасыл Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің табалдырығын алғаш аттаған күннен-ақ әкесі екінші ұлын да еш ойланбастан күреске алып барады. Алайда, Нұрасыл ол ортаға бірден үйренісе алмайды. Сондықтан, ол арада біраз уақыт өткеннен кейін өз мектебіндегі аудандық таэквондо федерациясының президенті Марат Тілеуқұловтың қызы Балжан бапкерлік ететін шығыс жекпе- жегінің секциясына жазылады. Бозбаланың бұл спорт түріне бірден қызығушылығы ауып, осындағы атмосферадан ерекше әсер алады. Міне, осы сәттен бастап оның спорттағы жолы басталды.

Өкінішке қарай, уақыт өте мектеп жанындағы секция жабылып қалады. Әйтсе де, жігерлі ұл сабақты жалғастыруға бел буып, Марат Тілеуқұловтың жаттығу алаңында шеберлігін шыңдай түседі. Өз кезегінде Марат Жайлауұлы алғыр жігіттің әлеуетін байқап, болашағынан зор үміт күтеді. Көп ұзамай білікті бапкердің болжамдары шындыққа айналады. Айталық, 2014 жылы Нұрасыл Қордай ауданында өткен ашық біріншілікте қола жүлдегер атанып, спорттық мансабындағы алғашқы жетістігіне қол жеткізеді. Бір жылдан соң талантты балуан облыс чемпионатында үздік үштікте қатарынан көрініп, ел чемпионатына жолдама алады. Осынау сында еліміздің түкпір-түкпірінен келген «сен тұр, мен атайын» дейтін спортшылар өзара кім мықтыны анықтаған еді. Жерлесіміз мұнда да ІІІ орынды місе тұтып, ел назарын өзіне аудартады. Ал, 2016 жылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері арасындағы ел чемпионатының қола жүлдегері атанса, келесі жылы Байқоңыр қаласында өткен республикалық ашық турнирде жеңіске жетеді. Дәл осы кезеңде «Спорт шеберіне үміткер» атанды. Сонымен қатар, жерлесіміз Астана қаласында өткен балалар арасындағы ел чемпионатында да жеңіс тұғырына көтерілген еді.

Жалпы, Нұрасыл үшін 2019 жыл өте сәтті болды. Балуанымыз сол жылы Біріккен Араб Әмірлігінің Эль-Фуджайра қаласында «Fujairah open G1» атты ірі халықаралық турнирде чемпиондық титулды жеңіп алды. Сондай-ақ, осы жылы Өскемен қаласында өткен кадеттер арасындағы ел біріншілігінде атой салып, Харьков қаласында өткен «Ukraine open G1» атты ауқымды халықаралық турнирде жеңімпаз атанады. Ал, Австралияда өткен «Austrian open G1» халықаралық турнирінде қола, Иордания астанасы Амман қаласында кадеттер арасында өткен Азия чемпионаты мен Атырау қаласында өткен балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің арасында ел чемпионатында күміс жүлдені иемденеді. Айрықша атап өтерлігі, Нұрасыл екі жыл бұрын Эль-Фуджайрадағы жетістігін қайталап, «Fujairah open G1» халықаралық турнирінің екі дүркін жеңімпазы атанады. Бұдан бөлек, ол 2022 жылы өткен Азия чемпионатының қола жүлдесін қанжығалап, «Спорт шебері атағына» қол жеткізді.

– Бұл чемпионатта жеребе арқылы сұрыптау мен үшін сәтті бола қоймады. Бірінші жекпе- жекте жарысты ұйымдастырушы вьетнамдықтардың балуанымен шығып, оны жеңдім. Екінші жекпе- жек Үндістанның өкілімен болды. Бұл жекпе-жек те аса қиындық тудырмады. Ал, жартылай финалда Азия чемпионы атанған Тайпэй балуанынан жеңіліп қалдым. Бәлкім, бұл жеңіліске ескі жарақатым себеп болған шығар, – деді сол кезді есіне алған Нұрасыл.

Шын мәнінде, бұл жігітке өзгелер ойлағандай үнемі сәттілік серік болған жоқ. Жерлесіміз Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжіне оқуға түседі. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады, ол мұнда бір-екі ай ғана жаттықты. Оның түрлі себебі бар. Кейінірек біздің жігіт оңтүстік астанамыздағы Қ.Ахметов атындағы спорт колледж-интернатында білім алды. Бір анығы, мақсатшыл жігіт әлі талай спортсүйер қауымды толағай табыстарымен қуантары сөзсіз. Ендеше, оған тек сәттілік тілейміз!

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар