«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді

Қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді
Ашық дереккөз
Жақында Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің отырысы өтіп, саладағы салмақты мәселелер сараланды.

Күн тәртібінде партия жол картасындағы туризмді дамыту бағыты бойынша және облыстың туристік имиджін қалыптастыру туралы мәселе қаралды. Жиынға партия облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Уәлихан Болатбекұлы, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабекова және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекқызы қатысты. Amanat партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының қаулысына сәйкес, «Miras» аймақтық кеңесінің құрамына белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәуренбеков, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы, «Аква 2030» ЖШС-нің директоры Анар Досымбаева қосылды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова қаладағы мәдени іс-шаралар және алдағы атқарылар жұмыстар туралы баяндады.

– Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Тараз қаласы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар мен көрсеткіштердің мәдениет саласы бойынша 2024 жылға қойылған 2 тармақ бойынша жұмыстары толығымен орындалды. 2024 жылы мәдениет бөліміне қарасты 9 мәдени ошақ болған. Олар орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің 8 кітапхана филиалы және Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі. Қала тұрғындарының рухани сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында, сонымен бірге қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыру үшін былтыр 1993 мәдени іс-шара өткізіліп, оған 277 402 адам қамтылды, – деді ол.

Облыстағы туризм мәселесі жөнінде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды- инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабекова жан жақты айтып өтті.

– Өңірде туризмді дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді. Жыл қорытындысымен облысқа болжам бойынша 201 480 турист келіп, өткен жылғы келген туристер санымен салыстырғанда 128,6 пайызға артады деп күтілуде. Туристерге 2 миллиард 234 миллион теңге көлемінде қызмет көрсетіліп, бұл көрсеткіш 128,5 пайызға, ал қонақ үйлермен ұсынылған орын саны 275 267-ге жетіп, бұл көрсеткіш 111,5 пайызға орындалды, – деді ол.

Жиын соңы сұрақтарға жауап беріліп, ұсыныстар айтумен қорытындыланды.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА.

Ұқсас жаңалықтар