Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- author «Ақ жол»
- 20 наурыз, 2025
- 347

Жайшылықта адам баласы түсіне бермейтін жаратылыстану ғылымдары өзге ғылымдардың бастауы саналады. Әсіресе, өткен ғасырда жоғары маңызға ие болып, құпия салада талай өнертапқыштар есімі жасырын қалғаны белгілі. Ұзақ жылдар өңірдің білім саласында қажырлы еңбек еткен физик-ғалым Тұрғанбай Мұхидың өнертабыстары алғаш болып айға қонған «Луна 16» ғарыш кемесінде қолданылған.
Ғалымның ғибратты жолын әлқиссалатсақ, 1935 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген Тұрғанбай Мұхи Түрікменстандағы Чарджоу мемлекеттік педагогикалық институтында білім алады. Жастайынан өлең-жырға құмар болып әдебиетке қызыққан ол оқуға түсуге басқа қалаға бара жатқанда жолда қатты ауырып, айға жуық уақыт жатып қалады. Тәуір болып, құжаттарын тапсыруға барса, тек физика факультетіне құжаттар қабылданып жатыр екен. Осылайша әдебиетке құжат тапсырамын деп барып, еш дайындықсыз физика мамандығына тапсырып өтіп кетеді. Қызығы мен қиындығы мол салаға қызығушылығы артып, құпиясы көп ғылым жолын құштарлықпен меңгеріп кетеді. Сөйтіп жас Тұрғанбай еңбек жолын осындағы орта мектепте физика және математика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Кейіннен ел ішіне оралып Қордай және Жамбыл аудандарында орта мектептерде физика пәнінің мұғалімі, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты физика кафедрасының ассистенті, оқытушысы болып қызмет атқарып, 1966-1970 жылдары Мәскеу гидромелиоративтік институтының физика кафедрасының аспиранты атанады. Кандидаттық диссертация қорғаған соң әр жылдары Мәскеу гидромелиоративтік институтының ғылыми-зерттеу секторында кіші ғылыми қызметкерліктен бастап кафедра меңгерушісі, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының физика кафедрасының доценті қызметтерін атқарады. Ал 1998 жылдан бастап үш институтты Тараз мемлекеттік университетіне біріктіргеннен кейін жалпы физика кафедрасының доценті болып жұмыс істейді.
Оның ғылыми зерттеушілерінің нәтижелері Мәскеу ғылыми-зерттеу химия-технологиялық институтында тәжірибе түрінде енгізілді. Атап айтқанда, «Ағымдық бұралу өлшегіші бар динамикалық вискозиметр» және «Айналмалы электроиндуктивті вискозиметр» секілді зерттеулері түрлі техникалар мен құралдарда пайдаланылатын меаталдар жабынының сапасын едәуір жақсартуға атсалысты. Ал, Мәскеудегі бүкілодақтық физикалық ғылыми-зерттеу институтында жасалып, зауытта сынақтан өткен «байланыссыз моментомер», «Лавочкина» кейінірек «Луна 16» ғарыш кемесінде қолданылды. Тарихтағы алғашқы айға қонған аппаратқа енгізілген технология қашықтықтан басқаруды қамтамасыз етеді. Сол арқылы қазба жұмыстары кезінде электромагниттік өріс арқылы топырақ сынамасын алуға жағдай жасайды.
Осылайша ғалымның ай бетіндегі топырақ қабатын бұрғылау кезінде құрылғыдағы магнит өрісінің жұмысын жеңілдетуге үлес қосқан технологиясы 1970 жылы 12 қыркүйекте ұшқан зымыран арқылы айдан 101 грамм топырақ сынамасын алуға мүмкіндік береді.
– Тұрғанбай Мұхатұлымен ұзақ жылдар көрші тұрып, қызметтес болдық. Биязы бекзат болмыстың иесі болған ол өз жұмысына үнемі тиянақтылықпен қарайтын. Әсіресе, зертхана жұмыстарын үнемі қатаң бақылауда ұстайтын. Екеуміз Мәскеу гидромелиоративтік институтының жалпы инженерлік факультетінде бірге оқысақ та, саламыз бен зерттеу бағытымыз екі түрлі болды. Ол үнемі ғарыштағы қысым жағдайы, қашықтықтан басқарылатын аппараттар туралы зерттеп, сол бағытқа қызығатын. Өзге салада бұл жай ғана ғылыми процесс саналғанымен, физикада үлкен табандылықты қажет ететін жұмыс. Өз саласы мен бала арманын ұштастырған ол өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамады. Суырыпсалмалық ақындық қасиет пен ғылымды ұштастыра білген Тұрғанбай Мұхатұлын лирик-физик деп атауға әбден болады, – дейді Халықаралық инженерлік академиясының академигі Сағат Жүнісбеков.
Физикада да толассыз тылсым сезімнің лирикасы бар дейді батыстық ғалымдар. Бала арманынан бас тартпай жыр мен ғылымды тең ұстаған ғалым поэзия айдынында да қарымды қалам тербейді.
Атырып өмір ақ таңын,
Келеді үміт ақтағым.
Жеткізсе деп ем осындай,
Арманға өз соқпағым.
Түсіндім – өмір қатты ағын,
Ғұмыр қысқа, қас қағым.
Мен пүшайман емеспін,
Ұнайды өз соқпағым, – деп өзі жырлағандай, ғылымның соқпағында жүріп, өлеңнің соқпағындағы ізін ұзақ жылдар жұртшылыққа жария етпеген. Тек алпыстан асқан шағында ғана алғашқы жыр жинағы жарық көріп, көпшілікке таныстырылады. 1999 жылы жарық көрген «Қызыл іңір» атты авторлық жыр жинағына оның туған ел мен жер тағдырына алаңдаған жан сыры, көкейкесті ойлары топтасқан өлеңдері мен салмақты дастандары енген.
Ұзақ жылдардағы тебіреніс пен толқыныстан туған Тұрғанбай туындыларына ақын Жақсылық Сәтібеков «Мен Тұрғанбайдың тұла бойынан бірі өзіне, екіншісі жырларына қатысты екі алуан сыр аңғарғандаймын: алғашқысы жігіт ағасы дерлік жасқа келгенше ақындық қасиетін құпия сақтап басылым мекемелерінің табалдырығын аттап баспағандығы, екіншісі анау-мынау емес, сол жұртшылыққа ұялмай ұсына алатын жырларының жабулы қазан астында қалып келгендігі. Мұны теріс мінез деп айтуға болмас, алайда оқырмандарына азды-көпті қызмет етуге құқығы бар дүниелерін сол оқырмандардың назарынан іркіп қалу жырларға қиянаттай көрінеді. Өрісін таппаса, өлеңге обал. Жырды жеке автор жазса да, ол алдағы ғұмырында оқырманның қажетіне айналуы тиіс. Тұрғанбай ақын мамандығы жөнінен ұстаз-ғалым болғандықтан жырларында да ғылымға тән құпия ой, жұмбақ сырлар көптеп кездеседі», – деп баға берген.
Әрі ақын, әрі физик ғалым Мәскеуде қызмет етіп жүрген жылдары талай қазақ баласының оқуға түсіп, білім алуына жағдай жасап, қамқорлық танытады. Отбасында да ардақты отағасы, үлгілі әке болған ол өнегелі өмірі арқылы өшпес із қалдырған.
Физикадан үлкен жетістіктерге жетіп қана қоймай, кітап жазды, мақала, шығармалары, өлеңдері газет-журналдарда жарық көрді. Кенже ұлы Абылсаин Тұрғанбайұлының айтуынша, әкесі отбасында өте мейірімді, байсалды адам болған. Адамдарға көмек беруден, студенттеріне білім беруден жалықпаған. Есіл еңбегінің арқасында елге сыйлы, білімді, үлгі алатын тұлғаға айналып, бедел белестеріне бейнетпен жеткен.
Саналы ғұмырын ғылым жолына арнаған өнертапқыштың бүгінде өмір жолы көпке үлгі. Оның еңбек жолы ел аумағындағы ерен тұлғалардың, оқытушы-профессорлар мен ғалымдардың ғибратты ғұмырнамасын топтастырған «Высшая школа Казахстана в лицах» энциклопедиялық кітабына да енген. 42 ғылыми мақаланың, 16 ғылыми-зерттеу есебінің, 8 өнертабыс авторлық құқық куәлігінің, көптеген оқу-әдістемелік құралдарының, соның ішінде «Вихрьлік тоқ-контроллер» кітабының авторы.
2000 жылдан бастап, Жамбыл облысындағы «Қайнар» Алматы университетінің филиалында декан болып жұмыс атқарған. Сол жылдары физика ғылымдарының профессоры атағын алған.
Көзі тірісінде қасиетті Құран аудармаларына ғылыми тұрғыда зерттеу жүргізіп, 2008 жылы кенже ұлымен бірге қажылыққа барып, мұсылмандық парызын орындап қайтқаны да бар.
Жұбайы Алтыншаш екеуі тәрбиелеп өсірген ұлдарының арасында асқар таудың асқақ ізін жалғап, ғылым жолын таңдағандар да бұл күні ел дамуы жолында еселі еңбек етіп жүр.
Саналы ғұмырын ғылым жолына арнаған өнертапқыш ғалымның ғазиз жолы көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өшпес өнеге.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Жаны нәзік, ары биік арулар
- 13 сәуір, 2025
Әкемнің «Арманым жоқ» деген сөзі құлағымнан кетпейді...
- 12 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді