
Ұлық мейрамды тойлау ұлт қайраткерлері тарапынан кең қолдау тауып отырған. Мұны Алаш зиялыларының жыл сайынғы 9 наурызда баспасөз бетіне жариялаған мақала-өлеңдерінен аңғаруға болады. Себебі, ескі Юлиан күнтізбесі бойынша шығыстық Жаңа жылдың бірінші күні 9 наурызға, жаңа Григориан күнтізбесінде 22 наурызға сәйкес келген. Алаш зиялылары осы күні Наурыз мерекесінің мән- мағынасы туралы өз ойларын жазып, халықты құттықтап отырған. «Қазақ» газеті шығып тұрған уақытында (1913-1918) әр жыл сайын 9 наурызда газеттің бас айдарын Наурыз тақырыбына арнаған. Мереке қарсаңында жарияланатын редакциялық құттықтау мақалаларының авторлар қатарында Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлылар болды.
Мәселен, «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 9 наурыздағы №53 санының беташары ретінде жарияланған «Наурыз» атты редакциялық өлеңде Міржақып Дулатұлының қолтаңбасы анық көрінеді.
«Сәлем бердік, жас Наурыз, жылдың басы!
Жұрттың күткен мінеки ықыласы».
Әлихан Бөкейханұлы «Қыр баласы» деген танымал бүркеншік атымен аталмыш басылымның дәл осы санында Наурыз мерекесіне орай жариялаған «Жаңа жыл» атты жазбасын шығыс Жаңа жылы таралған ежелгі шығыс елдерінің күнтізбелік білімдерін талдауға арнаған. Сол уақыттағы қолданыстағы Юлиан күнтізбесі мен әлі қолданысқа енбеген Григориан күнтізбесі арасындағы 13 күндік айырмашылықты талдауы бойынша шығыс Жаңа жылының 9 наурызға сәйкес келуін түсіндіруді мақсат еткені анық көрінеді. Қыр баласы: «Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, жаңа жылдың басы дейді... Біздің қазақтың Жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса күн мен түн тең болғаннан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-шы март болады», – деп күнтізбелік білімді ортаға салады.
Наурыз бен Жаңа жыл ұғымдарының астаса келуі алашордалықтар дәуірінен бұрын ертеректе қалыптасқан үрдіс. Бұл туралы Шәкәрім: «Ескі қазақта (ескі түрікте) жаңа жылдың наурыздағы алғашқы күнінің аты – Ұлыстың ұлы күні», – деп нақты айтады. Ал Алаш құлагері Жүсіпбек Әміре Қашаубаев тағдырын арқау еткен өзінің «Әнші» атты әңгімесінде: «Наурызда қазақ шәкірттері сауық жасауға даярландық. Сауықты Наурыз мейрамына арнаған соң, қазақтың ескі ырымын да істегенбіз. Сарқасқа құрт көжені тайқазанға жүздіріп, бұқтырып қойғанбыз. Ішіне жылқының басын салып, екі-үш табақ ет асып, үлкендердің алдына тартпақ болғанбыз. Ойын басталмай-ақ, жұрт қымызға бас қойып жатыр. Жәлен сықылды мұғалімдер Наурызды түсіндіріп, жастардың талабын құттықтап, мінбеге шығып, сөз сөйлеп жатыр. Біреулер: «Ата-бабамыздың жоралғысын істейік», – деп төс қағысып жатыр», – дейді. Дәл сол секілді Сәкен Сейфуллин «Жаңа жыл» атты өлең жолдарында:
«Жаңа жылды қарсы ап тұр,
Кәрі, жас та, бала да», – десе, Бейімбет Майлин:
«...Шаруа, Жаңа жылың – наурыз келді,
Есен сау барсың ба деп сәлем берді...», – деп қазақтардың ертеден Наурыз мерекесіне «Жаңа жыл» атауын қоса қолданғанын нақтылай түседі.
Алаш қайраткерлерінің «Наурыз» хақындағы жазбаларының маңыздылығы – олардың дәстүрлі қазақ қоғамында, өздерінің көзімен көрген, дәстүрлі Наурыздың діни сипаттан ада таза болмысын дәлме-дәл беруінде. Олардың жазбаларынан «Көрісу», «Жасың құтты болсын» деп айтудың, Наурыз көжеде ет пен ағарған болуының мәнінің жауабын таба аламыз.
Мәселен, Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың Жаңа жылы дін әсерінен таза. Бұл күні ешбір құлшылық, дін әдеттері жасалмайды. Бар болғаны ел бір-бірімен көрісіп, «Жасың құтты болсын!» дейді», – деп көрсеткен. Мұндағы «Жасың құтты болсын!» деп құттықтау салты кей өңірлерге осы күнге дейін еш өзгеріссіз жеткен. Қазақы ортада Наурыз мерекесінде бір- біріне «Жасың құтты болсын!» деп айтуының себебін осымен байланыстырған.
Наурыздың ертеден қалыптасқан ұлт мейрамы екендігін Міржақып «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылы №75 санында жарияланған «Қош келдің, Наурыз!» мақаласында: «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді... Ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол Наурыз», – деген.
1920 жылы Тұрар Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайлана салысымен Орта Азия халықтары үшін Наурыз мейрамын атап өту жайлы бұйрық шығарады. Бұл кейіннен отар елдерді уысында ұстауға тырысқан Кеңес Одағына ауыр соққы болып тиген еді. 1922 жылы Кеңес Одағы құрылып, айналасы екі-үш жыл ішінде Наурызды діни сипаттағы мейрам деп көрсетіп, тыйым салу үшін бар күшін жұмсайды. Осы кездегі саяси ахуал Сұлтанбек Қожановтың 1925 жылғы 22 наурызда «Еңбекші қазақ» газетіне жариялаған «Наурыз туралы» дейтін мақаласында былай баяндалады: «22 март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқы тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер «Дін мейрамы» деп жиреніп, лажы болса құрту керек деп сопысынады. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, Құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – мұсылманшылықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы төлдеп қорасы толып, өздері егін шаруасына қам қылып, жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз».
1926 жылы Наурызға тыйым салынғанымен бейресми түрде мерекені атап өту ауыл-аймақтарда тоқтамаған. Мысалы, Бейімбет Майлин «Наурыз күні» өлеңін 1926 жылы, «Наурыз тілегі» өлеңін 1927 жылы, «Жаңа тілек» өлеңін 1928 жылы жазған. Дәл сол секілді Наурыз туралы деректер кейінгі жылдары М.Әуезов шығармаларында да кездесіп отырады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді