
Елен Әлімжанның шығармаларына арналған әдеби кеш жазушының «Анажар» романының үзіндісін мұғалім Ерлан Нұрлановтың мәнерлеп оқуымен басталды. Ал, мектеп оқушылары Елен Әлімжанның прозаларын жатқа оқып, бірқатары қаламгерге арнап шығарған өлеңдерін тарту етті.
– Эрнест Хэмингуэйдің «Үлкен жазушы болу үшін, талант, біліммен қоса, бақытсыз балалық керек» деген сөзі бар. Шүкір, менің балалығымда жүрек ауыртарлықтай оқиға өткен жоқ. Әкем соғыстан жараланып, 1944 жылы келді, мен 1945 жылы өмірге келдім. Есімді білгенде, ел аман, жұрт тыныш. Екі әжем және өз анама еркелеп өстім. Осы үш әйел малды да бағатын, сиырды да сауатын, шөпті де шабатын, еңбекқор үш анамның арқасында таршылық көрмедім. Соғыстан жараланып келсе де әкем қасымда болды. Эрнест Хэмингуэйдің сөзінің жаны бар. Өйткені, балалық шақтағы көкіректе қатқан шер ерте оятып, көкіректі жарып шықса екен деп қолға қаламды ерте ұстатады. Мысалы, от тілді Шерағалар сондай қиын балалықты бастан кешкен. Әкесі халық жауы болып ұсталып кеткен, соның зардабын өмір бойы шеккен. Жақында дүние салған Дулат Исабековтың әкесі соғыста қаза болған, өмір бойы әкесін жоқтап, көрмегеніне өкініп өтті. Біздің заманымызда Хрущев деген басшы болды, өмір көрмеген балалар оқуға түспесін деп, алдымен 2 жыл жұмыс істетіп, еңбек майданында пісіртетін. Оқуға түсетін балалардың 20 пайызын ғана мектептен бірден қабылдады. Мен сол мектептен бірден қабылданған 20 пайыздың қатарында болдым. Бірақ, бізді кеште оқытып, күндіз жұмыс істетті. Мұндағы айтайын дегенім – жазушылыққа келуіме балалығымның, жастығымның көп әсері болған жоқ. Бірақ, алғашқы әңгімем «Ән сыры» деген тақырыппен18 жасымда жазылды, – деді публицист Елен Әбдуатұлы.
Осы алғашқы әңгімесі 1964 жылы жарық көрген Қазақстан жазушыларының «Таңғы шық» жинағына енген. Одан бөлек, 1978 жылы «Оралу», 2000 жылы «Көріпкел», 2016 жылы «Ақ періште – арманым» әңгімелер мен хикаяттары, 2006 жылы «Тақталас», 2005 жылы «Толық адам туралы», 2010 жылы «Бауыржанның пырағы», 2013 жылы «Адамгершіліктің ақ жолы» атты пьесалар мен публицистикалар жинағы, 2019 жылы «Анажар» романы қалың оқырманға жол тартып, бүгінде оқырманның жүрегінен орын алды. Оқушылар жазушының өмір жолы мен шығармашылығы туралы өз аузынан естіп ғана қоймай, бейнероликпен де танысты.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Оның кейіпкерлері даналыққа жетелейді
- 3 мамыр, 2025
Ерлан Жүніс – «Алаш» сыйлығының иегері
- 1 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді