«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Су тасқынына дайын болу керек

Су тасқынына дайын болу керек
Ашық дереккөз
Бұл туралы апта басында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді. «Су тасқыны кезеңінің басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Әкімдер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы қажет. Төтенше жағдай туралы халықты хабардар ететін барлық жүйелердің жұмысын тұрақты қамтамасыз ету керек. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқынына толығымен дайын болуға тиіс, сондай-ақ орталық және жергілікті органдардың жұмыстарын үйлестіруді қамтамасыз етсін», – деді Үкімет басшысы.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде қардың тез еріп жатқанын айтты. Ведомство басшысының сөзінше, 11 наурыздағы жағдай бойынша ел аумағының 71 пайызында қар жатыр. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 15 пайызға аз. «Еліміздің оңтүстігінде, атап айтсақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында және Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында қар еріп жатыр. Наурыз айында температураның көтерілуі мен жаңбыр түріндегі қатты жауын-шашын болған жағдайда тау өзендерінде еріген қар суының әсерінен жоғары тасқын жүруі мүмкін. Орталық, солтүстік және шығыс аймақтарда қар жиналу үрдісі жалғасуда, наурыз айында жауын-шашын мөлшері айлық нормадан екі және одан да көп түсуі күтіледі. Мысалы, Астанада айлық жауын-шашын мөлшері бірінші онкүндікте ғана түсіп үлгерді», – деді Е.Нысанбаев.

Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі көктемгі кезеңге арналған ауа райы болжамына қатысты жаңартылған деректерді ұсынып, су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды атады. Министрдің мәліметінше, наурыз, сәуір айлары әдеттегіден жылы болады деп күтіліп отыр, әрі еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын көп түсуі ықтимал. Бұл су тасқыны қаупінің артуына ықпал етуі мүмкін.

Су тасқыны қаупі жоғары өңірлердің қатарында Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары бар. Қауіптілігі орташа өңірлер – Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары. Ал, тасқын қаупі төмен өңірлерге Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстары жатады.

«Биыл «Қазгидромет» кәсіпорны алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Бұл анықтамаларда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейінің және ағысының күтілетін ең жоғары мәндері, ағын көлемі және сондай-ақ қауіп аймағында орналасқан елді мекендерді көрсете отырып, болжамды басталу күндері көрсетіледі. Сондай-ақ, өткен аптадан бастап «Қазгидромет» апта сайынғы гидрологиялық болжамдарды шығара бастады. Гидрометеорологиялық жағдай күрт өзгеретін болса, «Қазгидромет» ескертулерді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды», – деді министр.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар