«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мамырбайдың бақшасы мен қобызы

Мамырбайдың бақшасы мен қобызы
Ашық дереккөз
Ел ішінде талай талантты, тағылымды, өнерлі жандар аз емес. Ондай ерекше адамдар туралы естелік айтатындар да табылады. Сондай өнегелі ақсақалдың бірі – 1987 жылы Құмарық ауылында өмірге келген Мамырбай Шымырбаев. Ол Кеңес одағы кезінде қырық жыл бойы бақша өсірумен айналысқан. Ұзақ жыл Шал тауының етегінде бау-бақша өсірген алқап әлі күнге дейін «Мамырбай бақшасы» аталады.

Мамырбай қарт кетпенін арқалап, бау-бақшасын өсіріп жүріп, 97 жасқа сергек жеткен екен. Алты ұл-қыз тәрбиелеп, олардан тараған немере, шөбере, шөпшектер де еліміздің әр тарабында өсіп-өніп жатыр. Үлкен ұлдары Мұқабай мен Мәдібай Ұлы Отан соғысына аттанып, туған жерге қайтадан оралмапты. Мамырбай атаның ұрпақтары осылайша Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға да үлестерін қосқан.

Мамырбай ақсақал жас кезінен бастап қобыз тартқан. Бірнеше күйді қара қобызымен толғанып отырып тартқанда төңіректегі жұрт көздерін жұмып тыңдап, «Пах, шіркіннің өнері-ай!» деп тамсанған. 80 жыл серік болған қыл қобыз – әулеттің ең бағалы заты. Ақсақал өмірден озғанша қобызын қолынан тастамай, тоқсаннан асқан шағында да тартып отыратын болған. 1984 жылы Мамырбай Шымырбаев ақсақал бақилық болады. Содан кейін де қыл қобызы 6 жыл қара шаңырақта сақталған. 1990 жылы қобызшының баласы Қызырбай Мамырбайұлы аталған қобызды аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізеді. Осынау ерекше бағалы жәдігерді сол кездегі музей меңгерушісі Әміре Сұлтанбеков қабылдап алған.

– Ол қобыздың кемінде 130 жылдық тарихы бар. Екі ғасырға куә болуымен де, тыл еңбеккері және майдангер ұлдардың әкесі болған ардақты ақсақалдың мұрасы болуымен де бағалы. Қобызға назар аударғандар ақсақал туралы да мәліметтерді біліп қайтады, – дейді аталған музейдің директоры Элдар Өтембаев. Біз қара шаңырақтағы баласына да хабарластық. «Әкеміздің мұрасы біз үшін бағалы. Музейге барып қыл қобызды көріп тұрамыз. Қобызды көрген кісілердің ішінде ақсақалдың ұрпағы деп бізді де іздеп үйге келетін кісілер бар. Барлығына құрмет көрсетіп, әкеміз бен қобыз туралы білген ақпаратымызды айтып береміз», – дейді қобызшының ұлы.

Мамырбай ақсақалдың қобызы жас ұрпақ қызығып, зерттеу жұмыстарын жүргізетіндей құнды дүние.

 

Есет ДОСАЛЫ

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар