«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қосымша құн салығы кімдерге тиімсіз?

Қосымша құн салығы кімдерге тиімсіз?
Ашық дереккөз
Салық кодексі аясында жүзеге асуы мүмкін жаңашылдықтың бірі – қосылған құн салығы бойынша есепке қоюдың шегін қазіргі 78 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету. Үкімет өкілдерінің пайымдауынша, бұл бизнеске де, мемлекетке де пайдалы болмақ. Олардың айтуынша, елімізде тіркелген 2 миллион 300 мың салық төлеушінің 137 мыңнан астамы ғана қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Енді соның 88 мыңы ғана қосылған құн салығын төлеуде адалдық танытады екен. Бұл қаншама қаржының қазынаға құйылмай жатқанын айғақтайды. «Мұның бірден-бір себебі жоғарғы шек», – дейді шенділер.

– Сол себепті біз қосылған құн салығы бойынша шекті төмендетуді ұсынып отырмыз. Бұл шекте шағын және орта бизнестің 80 пайызы жұмыс істейді. Сондықтан, шағын және орта бизнес субъектілерінің көбіне бұл онша әсер етпейді. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде шек бұдан да төмен. Кейбір жетекші экономикасы бар елдерде тіпті нөлге теңестірілген, – дейді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Ал, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әміриннің түсіндіруінше, табысы 500 миллион мен 1 миллиард теңге аралығындағы кәсіпкер қосылған құн салығын төлемеу үшін 78 миллион теңгеге дейінгі аралықта бизнесін бөлшектеп тастайды.

– Табысы 500 миллион теңге болса, демек оған 12-15 компания тіркеуге тура келеді. Ондай жағдайда қосылған құн салығын төлеуден құтылады. Әйтпесе, де-факто – салық төлеуге тиіс орта бизнес. Мемлекет жыл сайын бизнестің бөлшектенуі салдарынан 800 миллиард теңге көлеміндегі табыс салығын жоғалтады. Қосылған құн салығын есепке қою бойынша шектің төмендетілуі және B2C-дегі жеңілдетілген арнайы режим сияқты тетіктер – кәсіпкерлікпен емес, көлеңкелі экономикамен күрес. Салық төлейтіндер салық төлемейтіндермен әділ бәсекеге түсе алмайды», – дейді вице-министр.

Қосылған құн салығы мөлшерлемесінің 12 пайыздан жоғары көтерілуін қолдамағандардың біразы оның шегінің төмендеуін де қаламайды. Бұл ретте олар баға қымбаттап, көптеген кәсіпкерге есепші мен заңгер қажет бола бастайды. Бұл – басы артық шығын. Шағын кәсіпорындардың көбі жабылып қалады деп үрейленеді. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, шекті 15 миллионға дейін төмендету мәселені шешпейді. Бизнесті бөлшектеу одан әрі жалғаса береді.

– 78 миллион теңгенің 15-ке емес, 40 миллионға түсірейік. 3 жылға. Ашықтық режиміне өте ме, өтпей ме, қарап көрейік. 40 миллион теңгені 12 айға бөліңіздер, қанша болады? 2 миллион теңге әркімнің қалтасында жүр, соның бәрі қосылған құн салығын төлеуі керек пе? Ең абзалы – 40 миллион теңге. Бәрі дұрыс болса 3 жылдан соң тағы да төмендетуге болады. Болмаса сол 40 миллион күйінде тұра береді. Сосын бизнестің келесі жылы қанша табыс табарын ешкім де айта алмайды. Осындай құралдармен бизнесті қысып жатырсыңдар. Жалпы, салық реформасынан бизнесті ынталандыратын ештеңе көріп тұрған жоқпын», – деді депутат Парламентте өткен талқылауда.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев те қосылған құн салығының шегі 40 миллионнан жоғары шекте болуы керек деген пікір білдірді. «Адамдар бизнестен орташа жалақы деңгейінде табыс табуы үшін айналымы 15 миллион емес, 45-75 миллион теңге болуы керек. Әйтпесе, олар кәсіпкер емес, әрең дегенде жан бағып жүргендер болып шығады. Мұндай тәсіл күн-түн демей жұмыс істеп жүргендерге обал жасайды. Олар дәл олай зауытта да, кеңседе де істей алар еді ғой», – дейді депутат.

Бизнесмен Ерлан Оспанов мәселеге басқа қырынан қарап көрген дұрыс деген пікірде.

«Қазір қосылған құн салығын төлеушілер саны 100 мыңға жуықтайды. Енді шекті төмендету нәтижесінде олардың саны 300 мыңға дейін толығады. Бұл 300 мың қазір бағаға 12 пайызды қосып жатқан жоқ. Ал шекті төмендеткеннен кейін олар бағаға қосылған құн салығының құнын қосуға мәжбүр болады. Қазір олардың (ҚҚС төлемейтіндердің) бағасы әлдеқайда бәсекеге қабілетті. Нәтижесінде нарықтың барлық қатысушылары арасындағы баға теңеседі. Бұған қосылған құн салығын төлеп отырған қазіргі 100 мың субъект тек қуанады. Өздерінің ұсақ бәсекелестерінің бірыңғай ережемен ойнайтынын құп көреді. Сонымен қатар, салық жүктемесінен бөлек салықтық әкімшілендіру де бар. Шекті төмендетпес бұрын цифрландырып, бақылауды ретке келтіру керек», – дейді кәсіпкер.

Сарапшы, «iKapitalist» платформасының негізін салушы Нұрбек Раев қосылған құн салығы шегінің төмендеуінің бизнеске тиімді тұсы туралы айтты.

«Мұндай талапқа тек мықты орта немесе ірі компаниялар ғана шыдас бере алады, демек, Үкіметтің назары бизнесті күшейтуге бағытталған. Мұның ізін ала кезекті реформа – кәсібін бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен жеке кәсіпкерлікке бөліп тастап, қосылған құн салығының шегіне дейін сауда жасауға маманданған бизнестің бөлшектену үрдісін жою тұр. Шекті төмендету бизнесті кеңейтуге ынталандырады. Ресейде мұндай шара бірнеше жыл бұрын жүргізілді. Бірақ ол жақта бұл шара әлдеқайда қатаң жүргізіліп, күштік құрылым да тартылды. Жалпы, қосылған құн салығы бойынша шекті төмендету – бизнесті рейдерлік схемаларсыз үлкейтудің өте өркениетті тәсілі, яғни сыбайлас жемқорлық компоненті болмайды», – дейді сарапшы.

 Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар