Жайлы мектеп ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықты жояды
- author «Ақ жол»
- 6 наурыз, 2025
- 372

ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына барлық қажеттілік қамтылған Жайлы мектеп білім алушылардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
– Мектебімізде қазіргі таңда жалпы 699 оқушы білім алуда. Даярлық топтарында 57 оқушы, 1-4 сыныпта 244 бүлдіршін, 5-11 сыныпта 398 жеткіншек оқиды. Білім ошағы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спортзал, 2 компьютер кабинеті, STEM, студия, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана қарастырылған. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау, жеделсаты және турникет орнатылған. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ, кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі берілген. Жайлы мектеп аты айтып тұрғандай, оқушыға да, ата-анаға да ыңғайлы, қатынауға қолайлы. Мектебімізде жүзеге асырылып келе жатқан ұтымды жұмыстарды да айта кетсем, оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Үздік педагог» байқауы жеңімпаздарының озық педагогикалық тәжірибесін тарату мақсатында 2023 жылдан бері «Үздіктен үйрен» жобасы жүргізілуде. Жобаның мақсаты – үздік педагогтердің озық тәжірибелерін педагогикалық қоғамдастыққа тарату, олардың жұртшылық арасындағы танымалдылығын арттыру. «Үздіктен үйрен» жобасын іске асыру аясында мектебімізде «Өнеге» тәжірибе орталығы ашылды. «1+10» тәлімгерлік жобасы аясында жұмыс жасауда. Мысалы, Үміт Сүгірбекованың авторлық бағдарламасына тоқталайық. Үміт Ізбасарқызының өз іс-тәжірибесімен бөлісу мақсатында Республикалық сараптамалық кеңестен өткен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқытуға арналған авторлық бағдарламасының негізгі мақсаты – басты кейіпкер Абай бейнесі арқылы қазақ даласындағы тарихи оқиғаларды талдай отырып, ұлттық құндылықтарды білім алушының бойына сіңіру. Әріптестерге «авторлық бағдарламаны қалай жазу керек? Нені басшылыққа алу қажет?» деген сұрақтарға жауап беру мақсатында семинар, дөңгелек үстел ұйымдастырды, – дейді аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аружан Әбілқасымова.
Елімізде білім беру сапасын арттыру және инфрақұрылымды жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобамен салынған Сарыкемер ауылындағы Жайлы мектепте оқушылардың өнегелі тәрбие алуына да жаңаша форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып отыр.
– Адамның жан-жақты дамыған, білімді тұлға, саналы азамат болып қалыптасуы үшін тәрбиенің маңызы зор. Бала бойына тәрбие қалыптастыру, ізгілік дәнін егу, жақсы-жаманды ажыратып, біреуге қиянат жасамауға тәрбиелеу алдымен ата-ананың міндеті десек, екіншіден, мектептің де беретін тәрбиесінің рөлін жоққа шығара алмаймыз. Оқушы тәрбиені тек отбасынан, үйден ғана алмайды, сонымен қатар, ұстаздарынан, қоршаған ортасынан, достарымен араласудан, мектепте өтетін іс-шаралардан да алады. Баланың жарты күні мектепте өтетіндіктен, бала тәрбиесінде мектептің атқаратын рөлі де орасан деп айтуға әбден болады. Мектеп тек білім беруге арналмаған, сонымен қатар саналы ұрпақ тәрбиесінде де айрықша маңызға ие. Әл-Фараби айтқандай, білімді тәрбиемен ұштастырып беруді назарға алдық. Қазіргі уақыт – жаһандану заманы. Ұлттық құндылықтар негізінде білім мен тәрбие алған балалар тілін, тарихын, салт-санасын, дәстүрін сақтап, түсініп, бойына сіңіріп өседі. Жолында қандай қиындық кездессе де төтеп беруді, ішкі жан дүниесінде сырттан келген жаңа әдетке сүзгі қойып үйренеді. Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы да ұлттық тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға баса назар аудартады. Аталған бағдарламаны негізге ала отырып, мектепте түрлі іс-шаралар атқарылуда. Ғасырдан ғасырға жеткен, ұлтымыздың ежелгі салты мен дәстүрі, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті, жазылмаған дала заңы бүгінге дейін қаншама тұлғаны тәрбиеледі, әлі де тәрбиелей бермек. Қанымызда, жанымызда, ділімізде бар ұлттық болмысымызды ұлттық тәрбиемен ұштастыру – бүгінгі ұстаздардың басты міндеті екені даусыз. Біздің білім ошағы да осы талаптың үдесінен шығып келеді. Мектебіміз балаларды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге баса назар аударуда. Мәселен, биылғы оқу жылында мектебімізде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша әр айда іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, қыркүйек – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы, қазан – тәуелсіздік және отаншылдық айы, қараша – әділдік және жауапкершілік айы, желтоқсан – бірлік және ынтымақ айы деп аталып, осы тақырыптарына қарай іс-шаралар ұйымдастырылды. «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында әр үзіліс кезінде оқушылардың бос уақытын ұлттық ойындар арқылы қызықты өткізу мақсатында сыныптар арасында асық ойнауды бастадық. «Күй күмбірі» бойынша үзіліс уақытында қазақтың ұлттық күйлері оқушыларға жаңа серпіліс беруде. «Өнегелі 15 минут», «Үнемді тұтыну» тақырыптарында күнделікті іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Алдын алу шаралары» жобасы аясында «Буллингтен қорған», «Өмірге саламатты көзқарас», «Өмірге саламатты қадам» бойынша іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар, діни экстремизмнің, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіліп, арнайы мамандармен кездесіп, бала бойындағы ұлттық, патриоттық сезімді оятуда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеді, – дейді Аружан Кәрімқызы.
Адал еңбек пен еңбекқорлық мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында мектепте «Еңбегі адал жас өрен» жобасы жүзеге асырылады. Жоба еңбек адамының мәртебесін көтеруге, еңбек культін дәріптеуге бағытталған. Оқушыларға өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман нағыз еңбек адамы екендігін көрсетуде.
Сөз қадірі кеміген заманда оқушыларымызды ғасырлардан келе жатқан сөз өнеріміз – айтыстың құндылығын білуге, құрметтеуге шақыру да төл өнерімізге деген үлкен сүйіспеншіліктің белгісі екені белгілі. Оқушылар айтыс өнері жайлы білгенін ортаға салып, білмейтін ақпараттарын мұғалімнен естіп, танымдарын кеңейтуде. «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында мектеп студиясы «Сырлы сұхбат» айдарын жүргізіп отыр. Аталған айдарға Аружан Әбілқасымова жетекшілік етіп, сөз өнеріне жақын, қаламды серік еткен оқушылармен бірге жұмыс атқарады. Мұндағы жас журналистер тіл тазалығы, сөз саптауы, ой тапқырлығымен қатар, сахна мәдениетін үйреніп жүр. Студияда осы мектептің олимпиада жеңімпаздары және республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпаздарымен сұхбат жүргізіліп тұрады. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ұшқыр ой алаңы» жобасы негізінде Нүркен Қалқабаев жетекшілік ететін дебат оқушылардың сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, тапқырлық пен шешендігін дамытуға ықпал етуде.
ОҚУШЫЛАРҒА ЕҢБЕКТІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛДЕРІ ҮЙРЕТІЛЕДІ
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасымен оқушылар мектептегі зертханалық жұмыстарды да жоғары деңгейде өткізіп жүр. Себебі, Жайлы мектептегі зертханалық кабинеттер соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында әр сабақта тәжірибелік жұмыстар мен ғылыми жобалар ұйымдастырылады. Биология зертханасында қазіргі таңда гидропоника әдісімен тәжірибелік жұмыстар жасалуда. Оқушылармен гидропониканы алудағы негізгі мақсат – кәсіптік біліктілікті дамыту, кішігірім ауданнан мол өнім алу. Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз өсіру, бұл тәсілмен өсімдік ерітіндіден қажетті мөлшерде, дәл пропорцияда барлық қоректік заттарды алады. Гидропоника – жаңалық емес. Оның тарихы бұрынғы заманнан бастау алады. Мысалы, Аспалы бақтарды алатын болсақ, ол туралы бізге әлемнің 7 кереметінің бірі болып табылатынын Ежелгі Вавилонның археологиялық қазбалары айтады. Өсімдіктерді өсіруде гидропонды әдістің артықшылығы осы тәсілді қолдану кезінде жеміс өсімдіктерінің өнімділігі барынша артады, сәндік өсімдіктердің қарқынды гүлденуі, олардың өсуіне гидропониканың оң әсері дәлел бола алады. Гидропоника технологиясында өсімдіктердің арам шөбін жұлу, күлтелеу, қопсыту, топырақты өңдеу жұмыстары жүргізілмейді. Тек қана гидропонды құрылымды бақылап, ерітіндісін құйып отыру қажет. Бүгінде Жайлы мектептің зертханасында бидай, қияр, аскөк, салат жапырақтары өсірілуде. Қыс мезгілінде бұл әдіс арқылы үй жағдайында құнарлы көкөністер алынады. Бұл – ауыл шаруашылығына да, қала тұрғындарына да өте тиімді әдіс.
«Еңбегі адал жас өрен» бағытында оқушылардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру және еңбекқорлық идеясы арқылы құндылықтарды дәріптей отырып, қыздарды кәсіпке баулу жұмыстары да жүргізілуде. Мысалы, қазақтың ежелден келе жатқан нан өнімдерінің бірі – ши бауырсақты оқушы қыздарға пісіртіп, бүгінгі балалардың сүйікті асына айналған Fast food өнімін алмастыру көзделген. Әсіресе, балалар жақсы көретін фриге пішінін ұқсастырып ши бауырсақ дайындап, балаларды қызықтыру мақсат етілген. Нәтижесінде, осы мектептің оқушысы анасымен бірге ши бауырсақ әзірлеп, сатуды кәсіпке айналдырыпты. Олар ши бауырсақпен бірге қазіргі трендтегі шоколадты клубника да әзірлеп, кәсіп көзін тауып отыр.
Сондай-ақ, Сарыкемердегі Жайлы мектептің оқушылары қыш өнерімен де айналысады. Бұл өнер – көнеден бастау алған кәсіп түрі. Оның тарихы ғасырлар бұрын басталып, жасалу технологиясы жылдан-жылға күрделене түскен. Бүгінде қыш құю ісімен айналысатын шеберлер көп емес. Алайда, өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Оқушыларға сазбалшықтан құмыра жасау үшін қандай сазды пайдалану керегі түсіндіріліп, қыштан жасалған шыныаяқтарды қолмен жасатады. Ең бірінші ыдыстың түбі, одан кейін қабырғалары шығарылады. Гончарлық шеңбермен құмыра ғана емес, табақ, түрлі формадағы шыныаяқтар, күл сауыт және үйге қоятын түрлі сәндік заттар мен бұйымдар жасауға болады. Құмыра жасау – балаларға қол маторикасын дамытуға, бала бойындағы ойлауды, тепе-теңдікті ұстауда үлкен пайдасы бар.
Сонымен қатар, бұл мектепте қыз балаларға тігін де үйретіледі. Болашақта осы тігінді кәсіпке айналдырғысы келетін оқушылардың қатары көбеюде. Қазіргі таңда Айзат Узаковамен бірге оқушылар сыпыра тігіп үйрену үстінде. Сыпыра – халық түсінігінде дастарқан тәрізді береке, молшылық әкелетін, отбасының ынтымағын жарастыратын қасиетті бұйым саналған. Сондықтан «Сыпыраны теріс бүктеме» деген ырым сөз де сақталған. Нан жайылып болған соң, сыпыраның ішіне аздап ұн мен ашытқы қалдырып, алдымен ішкі жағын беттестіре екі бүктеп, кейін екі жақ шетін теңестіре қайырып, ортасына қарай теңдей бүктеп, жоғарыға қойған. Осындай кешегі әжелердің тұрмыстық салтын үйретумен оқушы қыздардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, еңбекке баулу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп отыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді