
Жеңіс лебімен қатар қос қуаныштың куәсі болған жандар Луговой ауданы (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы), Калинин селолық советіне қарасты Көкдөнен ауылында тұратын Нәметқұл мен Ажардың отбасында дүниеге нәресте келді. «Қара бұлттан кейін сәулелі күн шығады» деген, бұл қызымның есімі Сәуле болсын» деп есімін үлкен атасы Құлман өзі азан шақырып қойған болатын.
Ананы баладан, баланы әкеден айырған сұм соғыстың салқыны санадан өшпесі анық. Елімізде соғыс зардабы тимеген бірде-бір отбасы болмаған шығар. 150-ге жуық түтіні бар алақандай Жарлысу ауылынан 200-ге жуық азамат соғысқа аттанып, олардың тең жартысы ұрыс даласында қаза болды. Қаншама бала әкесіз жетім, қаншама ана жесір қалды. Жалғыз баласынан мәңгілікке қол үзген шал-кемпір, бір үйден екі-үш бірдей азаматынан айырылған сорлы ана, баласынан қара қағаз келсе де үмітін үзбей, жылдар өтсе де қара жолға қарап өмірін өткізген әжелер қаншама. Сондай әжелердің бірі менің анамның нағашы апасы Шәрия еді. Соғыстан есеңгіреген халық енді естерін жиып жатқанда, соғысқа кеткен қос боздағынан хабар ала алмаған Шәрия апасы еңіреп ауылға келіп, мұңын айтып жылайды. Баласы соғысқа кетіп оралмаған қамкөңіл ананың зарына шыдай алмаған үлкен атасы Құлман небәрі бір жарым жасар нәрестені, яғни анам Сәулені Шәрияның қолына ұстатады. «Балаң келгенше ермек болсын. Балаң аман- есен келсе қайтарарсың» депті сонда. Бірақ, балалары сол қырғыннан қайтып елге оралмады. Сөйтіп оның балалық шағы нағашыларының қолында, яғни қазіргі Жарлысу ауылында өтеді. Осы ауылдағы жетіжылдық мектепті зерек қыз жақсы оқып, мақтау қағазымен бітірді. Білім қуып, қалаға кетейін десе, кішкентайынан баққан нағашы апасының жағдайына қарап, жалғыз тастағысы келмей әрі қарай оқуын жалғастыра алмай қала берді. 16 жасында Жарлысу ауылының тұрғыны Әшірәлі Өстеміровке тұрмысқа шығып, 18 жасында тұңғышы Ерланды, одан кейін Жаратқанның қалауымен 13 құрсақ көтеріп, 13 перзентті дүниеге әкелді. Жұбайы екеуі қол ұстасып жүріп, еңбек етті. 31 жыл совхоздың малын бақты.
Анам жолдасынан 47 жасында айырылып, он баламен жалғыз қалыпты. Тағдырдың небір сынағынан өткен анамды ажал жолдасынан да, екі ұлынан жастай айырды. Бірақ Құдайға күпірлік жасап, неге осынша тауқымет бердің деген емес.
«Құдіретіне кім көнбейді Алланың,
Пешенеге көреміз ғой салғанын,
«У» үстіне «У» іштім-ау қайтейін,
Енді, Алла, аман қойшы қалғанын», – деп өзін-өзі сабырға келтіріп, бақилық болған екі ұлы мен әкеме Құран бағыштап, дұға тілеп отыратын. Ақындығы бар анамның ақ сүтімен дарыса керек, мен де әкеме арнаған өлеңімде:
«Әкем менің бұл дүниеден өткенде,
Жасым менің асқан жоқ еді бестен де,
Бұлдыраған бала күндегі елесі,
Кетпейді екен мәңгілікке естен де», – деп жаздым әкемнен төрт жасымда айырылғаным жаныма батып. Ес білгелі ағам әкемдей, анам бүкіл әлемдегі жамандықтан мені қорғап тұрған алып мәуелі талдай болды.
Анамның қонақжайлығы бір төбе, кемеңгерлігі, кеңдігі, даналығы бір төбе дер едім. Аптасына үйге қонақ шақырылмаса жабырқап, қабағы түсіп, денесі құрысып кетуші еді. Үйге қонақ келетінін естісе, лезде жазылып, жайнап шығушы еді. «Қонақ он түрлі нәсіппен келеді, соның біреуін ғана жеп, тоғызын келген үйіне тастап кетеді», – деп қонақ шақыруға оң қабақ танытатын.
Анамның тағы бір жақсы қасиеті – білгеніне бұлданбайтын. Ауылымыздың адамдары ғана емес, көршілес ауылдардан да әртүрлі байқауларға қатысатын ұл-қыздарына, қуаныштарына өлең шығартатын. Алғыс айтса, марқайып, риза болып отырушы еді.
Дәмді тамақ жегіздім бойы өссін деп,
Жақсы сөздер естірттім ойы өссін деп,
Еңбекке де баулыдым жас кезінен,
Өз орнын табу үшін күрессін деп.
Осылай деп жазған анам ұл-қыздарына қандай тәрбие бергенінің өзін бір шумақ өлеңге сыйғызған екен. Өз басым қазақи болмысына, тереңдігіне, көрегендігіне, кеңдігіне, өжеттігіне тәнтімін. Қарапайым қазақ әйелінің 10 баласын он үй еткен Батыр ананы, өлеңдері аудан көлеміне таралып, газет- журналдарға олжа болған, кітап болып басылып, өнегеге айналған ақынды көремін.
«Өлең жазсам қалады жаным сергіп,
Жазған сайын кетемін тым беріліп,
Өлең – менің сырласым бала кезден,
Ойламаңдар отыр деп құр ерігіп.
Елеусіз кеш табылған мен бір бұлақ,
Қатарға қоссам деймін сипап-сылап,
Елімнің кажетіне жарайтындай,
Жинағым шықса деймін болып кітап», – деп армандап өтті. Сол арманын орындайын деп ұлы Нұрдәулет пен келіні Ұлту өлеңдерін баспада дайындатып жатқанда, анамыз бұл дүниеден кете барды. Өзі көре алмаса да «Жаныма жалғыздықта кітап – сыңар» деген атпен кітабы жарыққа шығып, Жарлысу ауылындағы Айтқұл Шынасилов мектебінде тұсаукесері ұйымдастырылып, Сәуле анамызға арналған еске алу кеші өтті.
Ажал жетсе амал не өлеміз ғой,
Алланың аманатын береміз ғой.
Құран оқып тұратын ұрпақ қалса,
Қуанып осыларға сенеміз ғой.
Осы қарапайым шумағын қағазға түсірген жан – арнайы білім алмаған, ауылдан, отбасы-ошақ қасынан өмірі аттап шықпаған, он баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қатарға қосқан, солардың тілеуін тілеп отырған Батыр ана, кәдімгі қазақтың қарапайым әйелі. Анамыз туралы бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бітпейтін жыр, өшпейтін өнеге, өлмейтін өлең – ол менің Анам.
Қос балдағын сүйрете ауыр басып, көкірегі сырылдап ентігіп, тамағы кеуіп жұтынып, ыңырана жөтеліп ас бөлмесіне келе жатқан анамның даусы келеді құлағыма. Иә, осы дауыстан жайбарақат алаңсыз жатқан мен ұйқымнан оянушы едім. Бүгінде осы үнді, дәл осы дауысты сағынамын.
Кенжебек УСТЕМИРОВ.
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді