
Ұлы Отан соғысы бұрынғы Кеңес одағы халықтарының басынан кешкен оқиғалардың ең ауыры болғандығы белгілі. Жан алып, жан беріскен соғыстың төрт жылы КСРО-ның көпұлтты халқының басына түскен ең ауыр зауал болғаны анық. Осы орайда, жамбылдықтар да өз Отанын қорғау жолындағы ұлы іске атсалысқанын мақтанышпен еске алады. Біздің облыстан майданға аттанған жауынгерлер қатарында өшпес ерлік жасап, Кеңестер Одағының ең жоғарғы әскери атағына ие болғандардың саны бүгінгі күні 29-ға жетіп отыр. Осы даңқты бабаларымыздың қатарында А.Суханбаевты, С.Естемесовты, А.Дәулетбековты, С.Шәкіровты, Б.Момышұлын атап өтсек болады. Сонымен қатар, «Даңқ» ордендерінің толық иегерлері Е.Досмұхамбетов пен Т.Тастандиевті де осы топқа қосқанымыз абзал.
Жалпы, осы және басқа да деректерді іздестіру барысында Ұлы Отан соғысына қатысты мұрағат құжаттарының басым көпшілігі облыстың мемлекеттік мұрағатындағы 282-ші (облыстық партия комитеті) және 399-шы (облыстық атқару комитеті) қорларда жинақталғанын айта аламыз. Жоғарыда аталған қорларда Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін өңірдегі барлық жұмыстардың соғыс талабына сай жүргізіліп, халық арасында жаппай саяси жұмысты үдете түсу ісіне үлкен мән берілгендігі көрсетіледі. Осылай, Қазақстан К(б)П ОК-нің 1941 жылдың 4 қазанында ҚК(б)П Жамбыл облыстық комитетіне жіберілген хатында Отанымызға қауіп төніп тұрған кезде халықты неміс-фашист басқыншыларына қарсы жұмыла бас көтеруге шақырғандығы туралы мәліметтері мен басқа да іс-шаралар тізбесі беріледі. Осы және де басқа да тапсырмаларды орындау барысы мен тылдағы жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері тұрғысындағы құжаттар 399-шы қорда жинақталған. Осы қорда Кеңестер Одағының Батыры атағын алмаса да, халық «хас батыр» санаған Ибрагим Сүлейменовты («Халық Қаһарманы» атағы 2022 жылдың 6 мамырында берілді) мәңгі есте сақтау үшін оның есімін Жамбыл ауданының «Төрткүл» колхозына, Жамбыл қаласындағы Билікөл көше сіне және батыр өмірге келген Сарысу ауданындағы «Комсомольский» ауылдық кеңесі мен «Қызыл күншығыс» колхоздарына беру туралы еңбекшілер депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің 1944 жылдың 21 қаңтарында шығарылған қаулысы да бар.
Әрине, жамбылдық жауынгерлер отандастарымен бірге майданның барлық шебінде ерлік көрсетті. Мәселен, Жамбыл қаласында 1942 жылдың қазанында құрылған 81-ші атты әскер дивизиясы Сталинград майданының 28-ші армиясының құрамында, фашистерге қарсы шабуыл басталғанға дейін Астраханьның солтүстік шетіндегі 80-100 километрлік Волга жағалауын ерлікпен қорғады. Жалпы, алты жарым айға созылған Волгадағы шайқасқа 50 мың қазақстандық қатысып, ержүректікпен көзге түскендіктері белгілі. Сталинградты қорғап, Паулюстің армиясын талқандауда негізгі рөлді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақстандықтар атқарғандығын неміс тарихшыларының өзі мойындағаны бүгінде нақты анықталып отыр. Себебі, 1941 жылдың қарашасына дейін фашистер КСРО территориясының 40 пайызын, негізінен оның батыс еуропалық бөлігін жаулап алған еді. Сондықтан да, аталған шайқаста ауыртпалық негізінен Шығыс халықтарына түскені анық. Кеңестік статистика Сталинградты қорғаған әрбір жиырмасыншы жауынгердің қазақстандық болғанын жасырмайды. Шындығында, олардың үлес салмағы одан да көбірек болуы мүмкін. Атап айтар болсақ, Сталинград түбінде Свердлов ауданынан Б.Жүзенов, Б.Байжанов (қазіргі Байзақ), Меркі ауданынан Ә.Сәрсенбаев, Б.Әлмереков, Луговойдан (қазіргі Т.Рысқұлов) Қ.Дүйсенбиев, К.Жатқанбаев сияқты жауынгерлер асқан ерлік көрсетті. Аталған топта жамбылдықтардың аз болмағандығын жоғарыдағы құжаттар анық көрсетіп тұр. Жалпы, өткен соғыст а ат а ларымыздың жанкештілікпен жасаған ерліктерінің ерен болғаны анық. Ендігі жердегі міндет, біздің аға буынымыз жеткен о сындай жетістіктерді бағалай білуімізде болса керек. Осы орайда, екінші дүниежүзілік соғыстың қанды шеңгелінен аман қалған абзал ағаларымыздың көзі тірісіндегі естеліктеріне мән берсек, онда о сы қан кешуде Берлинге дейін жеткен, жоғарыда аты аталған Бейсен Байжанов ақсақал 1975 жылы тілшіге берген сұхбатында былай депті: «Свердлов ауданындағы Ақжар селосының екі жүз ер азаматы майдан даласынан қайтпады. Соғыс біздің халыққа оңайлыққа түскен жоқ. Жиырма миллион адам шығын болды. Көп адам жетім-жесір қалып, қаншама адам мүшелерінен айырылып, мүгедек болды. Өмірінің жастық шағын, махаббатын берді. Менің әскери қызметім 1940 жылдан басталды, 1941 жылдың жазында фашистер мемлекеттік шекараны басым күштерімен бұзып, алға жылжи бастағанда, біз Смоленск, Ельна бағыттарындағы қорғану шептерінде күші он есе басым басқыншыларға қарсы тұрып, қайсарлықпен күрескен солдаттар мен офицерлердің қатарында болдық. 1941 жылдың қаһарлы қысында Москваны қорғадық. Москва түбіндегі шайқастарда жауынгерлік тапсырманы орындағаным үшін менің омырауыма «Ерлігі үшін» медалі қадалды. Бұл ең алғашқы жауынгерлік наградам еді. 1942 жылдың қыркүйек айынан бастап Сталинградты қорғауға қатыстым. Генерал-майор В.Чуйков басқарған атқыштар дивизиясында болдым. Қаһарман қалада әрбір метр жерді, әр үйді қорғадық. Жау самолеттерінің бомбалары, снаряд, миналары зуылдап жарылып, бүкіл қаланы өрт шалды. Осының бәрін көріп, табандылықпен күрестік. Взвод командирі ретінде бір күнде үш шабуылды тойтаруға қатысқаным үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталдым. 1943 жылдың 2 ақпанында Сталинград түбінде қоршауға алынған жау әскерлерін талқандау аяқталды. Мен басқарған взвод солдаттары қаладағы «Универмаг» ауданында немістің 6-шы армиясының командирі, генерал- фельдмаршал Паулюсті қолға түсіруге қатысты. 1943 жылдың маусым айында гитлершілер командованиесі Орел-Курск иінінде барлық күштерін топтастырып, «Тигр» танкілерін, «Фердинанд» деп аталатын өздігінен жүретін зеңбіректерін бетке ұстап шабуылға дайындалды. 5 шілдеде фашистер таң ертеңмен шабуылды бастап, біздің алдыңғы шепті самолеттерімен бомбалай бастады. 69-шы армияның құрамындағы 9-шы корпустағы менің басқаруымдағы батальон Орел түбінде жау шабуылын тойтарып, 10 танкі мен 100 солдаттың көзін жойды. Танкіге қарсы күресіп, күні-түні жау шабуылын тойтарып, алға өткізбедік. Бір жетіден кейін өзіміз шабуылға шықтық. Мен «Қызыл Ту» орденімен наградталдым. 1943 жылдың қазан айында Чернигов бағытындағы мен басқарған батальон Днепр өзенінің батыс жағасына бірінші болып өтіп, жау бекіністеріне лап қойды. Маған Бас қолбасшының бұйрығымен алғыс жарияланды және «Александр Невский» орденімен наградталдым. 1945 жылдың қаңтар айында Польшаны азат ете отырып, фашистік Германияның жеріне жақындай бастадық. Соғысты бастап, жерді қанға бөктірген, талай сәбиді, ананы пешке жағып өртеген жауды өз үңгірінде жойып, жеңіс туын желбірету күнін, сағатын асыға күттік. Көктемде Германияның Одер өзеніне жеттік. Біздің 77-ші гвардия атқышт ар дивизиясының 9-шы гвардия атқыштар полкінің жаяу әскерлері сонау Волгадан, Днепр- Висла өзендерінен осы жерге дейін жауды өкшелей қуып келді. 27 сәуірде біздің жаяу әскерлер Магдебург қаласын алды. Берлин түбінде жау қоршауға алынды. Рейхстагқа шабуыл жасалды. 1945 жылдың 2 мамырында Кеңес әскерлері Берлинді алды». Ары қарай, Жамбыл облысының Ақыртөбе ауылынан аттанған қазақ капитаны Бейсен Байжанов 9-шы атқыштар полкінің құрамында өз батальонын бастап, Рейхстагқа шабуылға шығады. Рейхстагқа шабуылды жүргізгені үшін ол екінші рет «Қызыл Ту» орденімен наградталады. 8 мамырда фашистік Германия өкілдері сөзсіз тізе бүгу туралы шартқа қол қойды. Ал, 9 мамырда фашистік Германия бастаған соғыста Кеңес Қарулы Күштері, көпұлтты кеңес халқы жеңіске жетті.
Жамбылдықтар партизан қозғалысына да белсенді атсалысты. Тұрғынбек Тыныбеков, Сыдық Қайдарқожаев секілді жерлестеріміз жау тылында фашистерге қарсы ерлікпен шайқасты. Осы тұрғысында бұрынғы партизан, Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы офицер Мәжит Мұқанов ағамыздың естелігіне мән берсек, онда: «1943 жылдың жазы. Кеңес Армиясының неміс басқыншыларын Брянск қаласына қарай тықсырып келе жатқан кезі. Біздің екінші Клетня партизан бригадасы Орел және Смоленск облысының түйіскен жерінде қимыл жасауда болатын. Клетня қаласында немістің паспорт столында екі жылдан астам жұмыс істеп жүрген біздің барлаушы немістердің демалыста болған артиллерия бөлімшесінің Брянск бағытына кетіп бара жатқанын уақытын айта отырып, бізге хабарлады. Біздің бригада фашистердің бұл бөлімшесін майданға жеткізбей жермен-жексен етуге бел байлады. Мен жолдастарыммен бірге жау тылында барлау жұмысын және бүлдіру әрекеттерін жүргізуге машықтанған едім. Біздер он адам болып Заводок пен Бардичи деревняларының арасындағы жолға шықтық. Жолдың 200 метр ұзына бойына шахмат тәртібімен тереңдігі жарты метр шұңқырлар қазып, олардың бәріне жарылғыш заттар қойдық. Бәрін сыммен байланыстырып, оның бір ұшын 300 метр қашықтықтағы бір биік ағаштың түбіне әкелдік. Жарылғыш заттар орналасқан жол үстін әбден таптадық та, үстінен тырма және арбаны ерсілі- қарсылы жүргіздік. Бригаданың 500-ден астам жауынгерлері жол бойына тосқауыл жасап жасырынды. Мен түбіне әлгі сым жеткізілген үлкен ағаштың басына шығып, немістер келетін жақты барлаумен болдым. Сымның ұшын және электр батареясын Вернер ұстап отырды. Таңертең күн шыға біздің қасымызға бригада командирі Коротченко мен комиссар Лебедев келді. Коротченко: «Сіздердің қоймаларыңыз анау телефон бағаналарының қай тұсында жатыр?» деп сұрады менен. Мен: «Жолдас подполковник, қоймаларымыз анау бағаналардың арасында» деп, дәл көрсеттім. «Оларды қашан пайдаланасыздар?», деді тағы командир. «Фашистер оның үстіне толық келіп болғанда, сұмдарға «той» жасаймыз», дедім. Мерзімді уақытта немістердің транспорты мен техникасы, әр калибрлі зеңбіректері мен алты стволды минометтері көрінді. Жарылғыш заттар көмілген жол үстімен өтіп барады, таусылар емес. Шыдамымыз шегіне жетуге таяу. Мұндайда бір минуттың өзі әрең өтетін сияқты. Бір уақытта төрт қатар сапқа тұрған, бастарында темір телпектері бар әскерлер келе жатты. Фашистер біздің күткен жерімізге жетті. «Партизан Вернер, жарылғышқа от бер!», деп айқайлап жіберіппін. Қас қаққанша 200 метр жердегі фашистер топыраққа араласа аспанға бір-ақ атылды. Жарылыс болысымен тосқауылда жатқан партизандар алға өтіп кеткен жаудың техникасына шабуыл жасады. Естерінен айырылған фрицтер жөнді қарсыласа алмады. Осы операцияда фашистердің 37 офицері мен солдаты тұтқынға алынды. Бұлар бізге өте маңызды мәліметтер берді. Олардың ішінен «неміс коммунистеріміз» деген он адамды «Үлкен жерге» жөнелттік. Қолға түскен соғыс техникасы мен құралдары бұдан кейінгі операцияларда немістердің өзіне қарсы жұмсалды. Ал азық- түлік, киім-кешек партизандардың қажетіне жарады. Тағы бір оқиға. Белоруссияның Пригорня темір жол станциясы арқылы немістер майданға күн сайын 12-17 эшелон өткізіп тұрды. Біздің бригада өзінің толық құрамымен түнде келіп, станцияны қоршай орналасты да, таң ата шабуыл жасап, неміс гарнизонын құртып жіберді. Бұл операцияда мен пойыздан су алатын водокачканы қиратып, госпитальды өртеп жіберуге қатыстым. Партизандық жорық күндерінде «Рельс соғысы» дейтінге де қатысып, талай жауынгерлік тапсырманы орындауға атсалыстық. «Рельс соғысы» арқылы темір жолда немістерге жөнді жұмыс істетпейтінбіз. Мұның өзі Қызыл Армияға үлкен көмек болатын. Мен қарулас достарыммен бірге 2-ші Клетня партизан бригадасы құрамында 27 ай бойы болып, жауынгерлік айқастарға қатыстым. Менің партизан отрядында атқарған істерімнің біразы Әди Шәріповтың «Ормандағы от» деген кітабында, бір топ авторлардың «Ерлік» атты жинағында, «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында» деген альбом- кітапта жазылған. «Отан соғысы» ордені, «Отан соғысының партизаны» медалі және жауынгерлік алты медаль партизандық ісімнің белгісі іспеттес», – деп жазылыпты. Қазақ жауынгер- партизандарының мұндай жанкешті ерліктерінің аз болмағандығы анық. Айтар болсақ, тек Украинадағы А.Грабчактың партизан құрылымында 41 қазақ жауға қарсы күресіпті. Олардың арасында жамбылдық жерлестеріміз болуы әбден мүмкін.
Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен әйелдер де аз болмады. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығын тек тылдағы ерен еңбектерімен ғана емес, Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып та қорғаған еді. 1943 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде Жамбыл облысынан шыққан 270 қыз- келіншек Қызыл Армия қатарында соғысып жатты. Олардың қатарында Нұрғаным Байсейітова мен Тұрғаш Жұмабаева сияқты ерлік көрсеткен жамбылдық апаларымыз да болды. Тек, солардың атын жарыққа шығару әзірге кемшін. Бұл енді зерттеуді қажет ететін мәселе.
Алапат соғыста «әттеген-ай» дейтін тұстардың бірі – Ржев дөңесін азат ету үшін болған шайқас. Кеңестік әскери тарихнамада Ржев түбінде болған «Марс» операциясы туралы нақты деректер берілмеген. Тіпті осы ұрысқа тікелей басшылық еткен маршал Г.Жуковтың өзі мемуарларында бұл шайқасқа көп тоқтала қоймайды. Бұл жерде «жақсысын асырып, жаманын жасырып» күн кешкен кеңестік саясаттың салқыны атақты қолбасшыға да тиесілі болғандығына қамығасың. Нақтылап айтсақ, Ржев бағытындағы 60 мыңдық неміс армиясына 1 миллион 30 мың адамдық әскерді қарсы қою, әлбетте, біріншіден әскери дайындықтың нашарлығын көрсетсе, екіншіден сол әскер құрамындағы адамдардың тағдырына деген немкеттілікті білдірсе керек. Әрине, Ржев қаласының Мәскеуден небары 200 километр қашықтықта орналасқандығын еске алсақ, «Марс» операциясының соншалықты маңызды болғандығын түсінуге болатын секілді. Бүгінгі күн тұрғысынан түсінбейтініміз, құрбандыққа шалынғандардың қатарында қазақстандықтардың, соның ішінде қазақтардың үлес салмағының көптігі. Дегенмен уақыт бәріне төреші. Қазіргі кезде осы ұрыста шейіт болған аруақтардың аты-жөндері қайта аталып, осы аталарымыз туралы ақпараттар там-тұмдап берілуде. Айтар болсақ, Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әке сінің майдангер болғанын, ал ағасы Тверь облысының Ржев ауылына қарасты Трубино ауылындағы бауырластар зиратында жерленгенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Иваново облысында соғыс уақытында қаза болған қазақстандық 73 жауынгердің жерленген орны табылғандығына да ризашылық білдірген еді.
Осылай аталған мәселе ең жоғарғы деңгейде қарастырылып отырған кезде, біз не істеуміз керек? Осы тұрғыда ой қорытсақ, біріншіден, Сталинград, Курск, Ленинград және басқа да майдандарда ерлікпен көзге түсіп, тең жартысы шейіт болған жамбылдық бабаларымыздың талайлы тағдырларын зерделеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жолға қойған абзал. Ол үшін нақты іс- шаралар тізбегі белгіленіп, оның орындалуы тұрақты жұмыс тобының бақылауында болғаны жөн сияқты. Күнделікті хабарласу мен делегациялар алмасу мәселесін де осы топтың шешкендігі дұрыс болар еді. Бұл іс- шаралардың тек мемлекет тарапынан көмек болғанда ғана өз шешімін табары түсінікті болса керек.
Екіншіден, соғыста қайтыс болған боздақтарымызды іздестіруді тездету қажет. Себебі, толық емес мәліметтерге қарағанда, облысымыздың тек Байзақ ауданынан (бұрынғы Свердлов) соғысқа аттанған 2924 жауынгердің 1972-сі хабар-ошарсыз кеткен. Сондықтан да, осы саланы (ҰОС тарихын) зерделеп жүрген ғалымдар мен ізденушілердің, өлкетанушылардың арасынан біліктілерін таңдап, олардың осы істі кешенді зерттеуіне мүмкіндік жасаған дұрыс. Жоғарыда көрсетілген мерекелік іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілетінін айтып, «Бүкіл еліміз бойынша оларға е скерткіштер орнатылды. Көшелер мен алаңдар, мектептер мен училищелер, әуежайлар мен әскери бөлімдер олардың есімімен аталады», – деген болатын.
Тиісінше, үшіншіден, осы бағыттағы атқарылған тірліктерімізді ұқсата түсу жолындағы іс-шараларды ширатқанымыз жөн. Мәселен, Сталинград шайқасына, «Марс» операциясына қатысып, ерлікпен көзге түскен жауынгер бабаларымыз туралы өмірбаяндық анықтамалық жазып шығуға болмас па еді? Немесе, қазірге дейін белгілі болған тұлғаларды, олар туып-өскен елді мекендерінде ұлықтап, соғыста шейіт болған боздақтардың аруағын риза ету керек емес пе? Ол үшін әрбір мұражай мен ауылдық округтерде «Әскери даңқ бұрыштары» ашылып, онда ерлеріміздің өмірбаяны, орден және медаль кіт апшаларының көшірмелері мен майданнан жазылған хаттары қойылса, дұрыс болар еді. Мұндай игілікті істен Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен түрлі деңгейдегі газеттердің, сонымен қатар бүгінгі күні арамызда жүрген соғыс және еңбек ардагерлерінің және олардың отбасыларының да тыс қалмайтындығы белгілі.
Жалпы, өткен соғыста аталарымыздың жанкештілікпен жасаған ерліктерінің ерен болғаны анық. Ендігі жердегі міндет, біздің аға буынымыз жеткен о сындай жетістіктерді баға лай білуімізде болса керек.
Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры,
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта алғаш мамандықтар атласы әзірленді
- 19 сәуір, 2025
Міндетті әлеуметтік төлемдердің мерзімінде берілуі бақылауда
- 19 сәуір, 2025
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді