
Сонымен қатар, тек ақпарат алу орталығы ғана емес, қоғамдағы теңдік пен инклюзияны ілгерілететін рухани алаң болып табылады. Кітапханадағы Тифлология бөлімі – көру қабілеті нашар азаматтарға барлық қажетті ақпараттарды жеткізе отырып, оқырмандармен тікелей байланысты іске асыратын арнайы кітапхананың негізгі бөлімдерінің бірі.
Бөлімнің міндеті – көру қабілеті нашар азаматтармен жұмыс істеу бойынша аудан кітапханашыларына консультациялық-әдістемелік көмек көрсету. Сонымен қатар, көру қабілетінен айырыла бастаған азаматтарды психологиялық қолдап, қазақ әдебиетінің мерейтой иелерінің және жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарын Брайль жүйесінде басып шығарады. Ұсыныстық тізімдерді, библиографиялық көрсеткіштерді жасап, брайль жүйесі бойынша оқуға және жазуға үйретеді. Бөлім редакторы Ербол Бегимов «Зағип және компьютер», «Брайлист» атты екі үйірме бойынша жұмыс жүргізеді.
Дәуір технологиясының өркендеп тұрған заманында тифлология бөлімі жарық әлемге жанарсыз бейімделген жандардың компьютерді меңгеріп, білім көкжиегін кеңейту мақсатында пернетақта сырын саусақ ұшымен сипап сезуі арқылы түрлі техникаларға бейімдейді. Мәселен, «Зағип және компьютер» үйірмесі аясында №2 арнаулы «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына компьютер және сенсорлық телефондарда еркін жұмыс істеу әдісі бойынша сабақтар жүргізіледі. Осы сабақтарға тұрақты қатысып, толық курстан өткен белсенді 22 оқушыға UNICEF Халықаралық балалар құқығын қорғау ұйымы және «ЖАН», «АЗИЯ мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің сертификаттары табыс етілді.
Брайль жүйесі – уақыт сынынан өткен, адамзаттың ойлап шығарған үлкен жетістіктерінің бірі. Оқып, жазып үйренген адам әдебиетке, музыкаға, мәдениетке, ғылымға қызығып ізденеді, қызмет істейді және өмірде өз орнын табады. Осы орайда «Брайлист» үйірмесі де зағип жандардың білім деңгейін, сауаттылығын жоғарылатып қана қоймай, оңалту қызметін де көрсетеді. Зағип адамның қоғамға, тұрғылықты жағдайларға бейімделуі маңызды. Үйірмеде сонымен бірге «ақ таяқтың» көмегімен бағыт-бағдар табуға, кез келген тұрмыстық техниканы пайдалануға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретеді. Мұндай кеңестер, әсіресе аяқ астынан көрмей қалған азаматтарға үлкен септігін тигізуде.
Брайль жүйесінде басып шығарылған кітаптар оқу-танымдық ғана емес, тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін рухани құрал іспеттес. Инклюзивті орта қалыптастыру үшін тифлотехникалық құралдармен жұмыс жүргізудің де мәні зор. Техника мен технологияның қарқынды дамуы жанарынан айырылғандарды қоғамға жақындастыра түседі. Мәселен, «nvda» және «jaws» бағдарламалары көру қабілеті бұзылған адамдар үшін ақпараттық технологияларды қолжетімді етуде маңызды рөл атқарады, оларға компьютер пайдалануға, әлемді тануға және зерттеуге жан-жақты мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, жайпақ баспалы қаріп түріндегі әдебиеттерді оқуға «SARA» оқу машинасы қамтылған. Өткен жылы кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 20 миллион теңге бөлініп, тифло техникалық құралдар алынып, аудио студия ашылды. Нақты айтқанда, брайль қарпінде басып шығаруға арналған принтер, мәтінді брайль (Duxbury BrailleTranslator) қарпінде аударуға арналған бағдарламалық жасақтама, сондай-ақ портативті тактильді дисплей, жазуды үлкейту үшін брайль ұлғайтқышы және кітаптарды дыбыстап оқуға арналған арнайы құрылғы алынды. Биылдан бастап «Бір беттік кітап» 4 форматтағы, нақтырақ жайпақ баспалы, нүктелі-бедерлі, бедерлі графикалық, аудио нұсқаларындағы кітаптарды шығару жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жаңа ақпараттық ресурстарды аудио және Брайль формасындағы кітаптарды көбейту, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасу арқылы жаңа әдістемелерді енгізу жоспарлануда. Бұл алға қойған мақсаттардың нәтижелері мен жаңа жетістіктердің бастауы. Осы 55 жыл ішінде жинақталған білім мен тәжірибе инклюзивті қоғамды құрудың негізгі діңгегіне айналды.
Гүлнұр ҚҰРАҚБАЕВА,
облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы «Тифлология» бөлімінің меңгерушісі
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді