
Қазақстанда балаларды қабылдаушы отбасыларға орналастыру жүйесі қарқынды дамып келеді. Бұл жүйенің бірнеше түрі бар. Атап айтсақ, асырап алу жүйесі, яғни бала толыққанды отбасы мүшесіне айналады. Асырап алушы ата-аналар барлық құқықтарға ие болады. Келесісі – қорғаншылық және қамқоршылық, бұл бағытта бала қамқорлығына алған отбасында 18 жасқа дейін тәрбиеленеді, бірақ оның заңды ата-анасы болмайды. Тағы бірі – патронаттық тәрбие, яғни мемлекет пен отбасы арасында арнайы келісімшарт жасалып, соның негізінде жауапкершілігі бар отбасы белгілі бір мерзімге баланы тәрбиелеуге алады. Бұл тағдыры сынаққа ұшыраған балаларға жаңа өмір бастаудың үлкен мүмкіндігі. Қабылдаушы отбасы – ата-анасыз қалған немесе қиын жағдайға тап болған балаларға тек баспана ғана емес, мейірім мен сүйіспеншілікке толы орта сыйлайтын жылы ұя. Мұнда балалар махаббат пен қамқорлықты сезініп, жаңа армандар мен үміттерге қанат қағады.
Қабылдаушы отбасының бала өміріндегі рөлі зор. Себебі, отбасылық орта – баланың тұлға болып қалыптасуының негізі. Жетімдер үйлері немесе арнайы мекемелер қанша жерден жақсы жағдай жасағанымен, олар ешқашан отбасылық жылулықты алмастыра алмайды. Қабылдаушы отбасына түскен бала өзіне деген сенімін қайтарады, қоғамда өз орнын табуға ұмтылады және болашағына үмітпен қарай бастайды. Мұндай отбасылар балаға тек физикалық қамқорлық қана емес, рухани демеу көрсетеді. Бұл қатыгездікке ұшыраған немесе қараусыз қалған балалар үшін ерекше маңызды. Олар сүйіспеншілік пен қауіпсіздік сезіміне мұқтаж.
Айта кету керек, елімізде мемлекет тарапынан жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдаушы отбасыларға арнайы қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, бала күтімі мен тәрбиесіне мемлекеттен жәрдемақы бөлінеді. Балаға білім алып, медициналық қызметтердің қажетті кезінде көрсетілуіне барлық жағдай жасалады. Қиын жағдайға тап болған балалармен жұмыс істеу үшін арнайы мамандар, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетеді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кәмелет жасқа толғанда баспана алуға құқылы. Бұл балалардың қоғамға бейімделуіне және толыққанды өмір сүруіне зор мүмкіндік береді.
Жетім, қадағалаусыз қалған немесе қатыгездік көрген балалардың тағдыры – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әр бала – еліміздің ертеңі. Олардың тағдырына бейжай қарамай, жүрек жылуын сыйлау – әр азаматтың парызы. Қабылдаушы отбасылар жүйесінің дамуы мейірімді, әділетті қоғам құрудағы маңызды қадам. Әр бала өз өмір жолын махаббат пен үмітке толы ортада бастауға лайық. Бүгін біз көрсеткен қамқорлық – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі.
Әрине, Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында да балалардың барынша еркін өсіп, заманауи білім мен тәрбие алып, өз елінің қамқорлығын сезінуіне бар жағдай жасалып отыр. Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 30 шілдедегі бұйрығы негізінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» үштағанымен сабақтасқан тәрбие жұмысы жүргізіледі. Тәрбиеленушілерді ұлттық құндылыққа бағдарланған жеке тұлғалық ерекшеліктерін дамыта отырып, еліміздің мемлекеттік рәміздерін құрмет-теуге, өз халқына, оның тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігін, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруда тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Отбасы, қоғам және мемлекет алдындағы өз міндеттеріне саналы көзқараспен, өз құқығы мен бостандығы, сондай-ақ басқа адамдармен қарым-қатынаста адал әрі әділ болуға және әдептілік нормаларын ұстануға тәрбиелеу басты назарға алынған. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру барысында тәрбие жұмысының жылдық жоспары құрылған. Жоспар бойынша «Қамқор», «SMART BALA», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы» және басқа да жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру аясында, қосымша құқықбұзушылықтың алдын алу, құқықтық білім беру жұмыстары бойынша Тараз қалалық ішкі істер басқармасымен, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен, облыстық наркологиялық диспансермен, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мекемелерімен келісіліп, бірлескен жұмыстар жүргізіліп отырады.
Балаларды қолдау орталығында кәмелетке толмаған тәрбиеленушілер үшін маңызды әлеуметтік бастамалар да жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қамқоршының келісімімен және орталықтың жарғысы негізінде орталық пен «Дара» тәлімгерлер қоры бірлесіп жұмыс атқарады. Елімізде 2015 жылдан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ерікті-тәлімгерлермен араласу арқылы дербес өмір сүру және әлеуметтік ортаға бейімделу дағдыларын қалыптас-тыру мақсатында «Тәлімгерлер» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама еліміздің 17 қаласында жүргі-зіледі және 330-дан астам баланың жеке тәлімгері бар. Біздің орталықта бағдарлама 2022 жылдан бастап жүргізіліп келеді, жобада 4 тәлімгер бар. Тәлімгерлер балалардың әрбір жетістігі кезінде қастарынан табылады. Орталықта өтетін әрбір іс-шара кезінде балалармен бірге қуанады. Балалардың білімі мен оқу жетістігіне, қоғамдағы орнына алаңдаушылық білдіреді. «Дара» әлеуметтендіру қоры қазіргі таңда орталықпен бірлескен жұмысын жалғастырып, тәрбиеленушілерге өз болашағын айқындап, кәсіби және жеке мақсаттарға қол жеткізуге, сондай-ақ қоғамда лайықты орнын табуға көмектесіп отыр.
Жоба шеңберінде орталықтың он тәрбиеленушісіне тәлімгерлер бекітілді. Тәлімгерлер балаларға қамқорлық көрсетіп, олардың өміріндегі маңызды сәттерде жанынан табылып, қуаныштарын бірге бөліседі және балалардың болашағына жанашырлық танытып, оларға өмірге сенімді қадам басуға қолдау көрсетеді. Бұл игі бастама балалардың қоғамға сәтті бейімделуіне бағытталған маңызды қадам ғана емес, олардың жүрегіне жылулық пен сенім ұялататын ерекше жоба.
Жасөспірімдердің жан-жақты дамуына бағытталған бастамамен облыстық Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы арасында ынтымақтастық байланыс орнатылып, меморандумға қол қойылған болатын. Бұл серіктестік қоғамдық маңызы бар іс-шараларды ұйымдастыруға негіз болып, жасөспірімдерге даму көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік берді. Жоба шеңберінде жасөспірімдер шығармашылық қабілеттерін шыңдап, өз идеялары мен ой-қиялдарын іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Тәрбиеленушілерге дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар беріліп, болашақ өмірлеріне сенімділік ұялатып, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі. Жасөспірімдердің әлеуетін ашуға, олардың өзіндік ойларын ортаға салып, шығармашылыққа деген ынтасын арттыруға ықпал етеді. «Тәлімгерлер кемесі» – бұл жас ұрпақтың болашағына бағдар беретін, шығармашылық пен армандардың айдынына жол ашатын ерекше бастама.
Сонымен қатар, ішкі істер басқармасымен бірлескен меморандум бойынша балаларымыз аптасына үш рет «Динамо» спорт кешеніне «Дзю-до», «Самбо», «Таэквон-до», «Футбол» спорттық секцияларына, «Анаға тағзым» үйімен бірлескен меморандум бойынша аптасына үш рет «Бойтұмар» қолөнер үйірмесіне және «Даму бала» бойынша «Даниярбек» оқу және өнер орталығына «Вокал», «Модель», «Дәстүрлі би», «Шахмат», «Каратэ-до» үйірмелеріне қатысады. Облыстық мәслихат депутаты, «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанның құрақ құрау техникасы бойынша тігін цехтары мен шеберханаларда 12-17 жас аралығындағы қыздарға шеберлік сыныптар ұйымдастырып келеді. Жеке кәсіпкер, блогер Майса ханым балаларға тәтті тоқаштар мен бәліштер пісіру бойынша түрлі технологияларын бірлесе жасап үйретіп жүр. Қазақстан халқы ассамблеясының аналар кеңесі және поляк орталығы тәрбиеленушілерімізбен бірлескен түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады.
Тағы бір айтарлық іс, 2020 жылдан бері «Мейірім» жобасының тұжырымдамасы аясында мекеменің 47 тәрбиеленушісіне әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында демеушілер бекітілді. Орталық тәрбиеленушілеріне әлеуметтік көмек көрсету, жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша, мүдделі мемлекеттік мекемелердің басшылары және ірі кәсіпкерлері мен «Отбасы банк» арқылы үш жақты келісімшарттар жасалды. Бүгінгі таңда орталықта нақты бекітілген 13 балаға «Отбасы банк» арқылы үш жақты келісімшарт жасалды. Қайырымдылық нәтижесінде бүгінде облыста тәрбиеленіп жатқан балалардың шоттарына жалпы 17 411 850 теңге жиналды. Алдағы уақытта да мұндай жұмыстар жалғаса береді.
Әсел ЖҰМАТАЕВА,
Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы директорының оқу-әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы.
Ұқсас жаңалықтар
Айдан келген топырақта қазақ баласының да қолтаңбасы бар
- 20 наурыз, 2025
Күн мен түн теңелгенде...
- 20 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді