«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қызылсай қырғыны

Қызылсай қырғыны
Ашық дереккөз
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың жалыны еліміздің бірқатар аймағын шарпығаны белгілі. Ірі толқулар, әсіресе, Торғай мен Жетісу аймағында жиі орын алды. Жамбыл өңірінде де азаттық қозғалысының белгілері Меркі, Сарысу, Қордай жерлерінде байқалды. Мұның ішінде Меркідегі Ақкөз батыр бастаған көтеріліс туралы көпшілік Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романынан оқып білсе, өзгесіне көбіне беймәлім қалыпта қалды. Солардың бірі – Қордай жеріндегі «Қызылсай қырғыны» деген атаумен ел есінде қалған азаттық қозғалысы.

1916 жылғы патша жарлығы қазақ даласын дүр сілкіндірді. Бұл хабар Қордай жеріне де жетеді. Көп ұзамай «Өмірбайдың Көкағашы» деген жерде Сырымбет елінің Ырғайты, Қалғұты, Шөміш болыстықтарына қарасты елдің бірлескен жиыны өтеді. Аттарын ойқастатқан старшын, ауылнай атаулылар: «Ақ патшаға қарсы болмаңдар, 19 бен 43 жас арасындағы жігіттерді майдан жұмысына жиып беріңдер» деп, болыстарға сөзін өткізе дігерлейді. Қарапайым жұрттың еңсесі басылып, өзегі қараяды. «Түрлі алым-салықпен жүдеткені аздай, енді желкілдеген жастарымызға ауыз салмақ па?» деп көкіректері қарс айырылады. Сол уақытта Шөміш болысының кедей жатағы, ер тұлғалы Асан Тасболатов бас көтеріп қарсы шығады. Асанға ілесе Бейсенбай Қожамбетұлының да ызғарлы үні естіледі. Жиын аяғын күтпестен аттарының басын кері бұрған оларға тағы бірнеше жігіт ілесе кетеді. Соның ертесіне-ақ: «Үш болыс Сырымбеттің жиынында Асан мен Бейсенбай патша жарлығына қарсы сөз айтыпты, болысты шаппаққа қол жинап жатыр екен» деген сөз бүкіл Қордай жеріне тарайды.

Бұл сыбыстың жаны бар болатын. Озбырлықтан ығыр болған халық бойларын кек кернеп, тұс-тұстан Асанды іздеп келіп жатты. Әрқилы ойларын ортаға салды. «Теріскейде Бекболат сарбаз жинап жатыр дейді, соған барып қосылайық», «Күнгейде қырғыз жігіттері де патшаға қарсы көтеріліп, Ивановканы басып алыпты. Тоқпақта, Кемінде де жұрт көтеріліп жатқан көрінеді, солармен бірігейік», деседі.

Асан мұны естісімен күн-түн демей, ел арасынан жарамды мылтық, найза, қылыш жинап, адам санын көбейтеді. Ол көтерілісшілерге барып қосылу туралы ұйғарымға келіп, дереу іске кіріседі. Жансыздары арқылы оның әр қадамын аңдып отырған болыстар «бүлікшіл» ауылдардың бас көтерерлерін жазалауды сұрап, төңіректегі орыс алпауыттарына шабады. Столыпиннің саясатымен қазақ жерінің ең шұрайлы өңірлеріне ауыз салған қара шекпенділер бұл аймақта да аз емес болатын. Құнарлы Қордай қойнауына дендей енген орыс мұжықтары Георгиевка, Успеновка, Малоархангельск, Новоалександровка, Михайловка, Благовещенка, Горноникольск тәрізді селолар салып, жергілікті қазақтарды жайылымнан қыса бастаған. Қарасуды билеген бай Федор дереу жасақ жиып, елді патша жарлығын орындауға күштеп көндірмек болады. Сұлутөрдегі кулак Каширин де сол аймақтағы қазақтарды тырп еткізбей ұстау қамына кіріседі.

Ал, ауылдан жырақта, тау ішінде құрылып жатқан Асанның қолы күннен-күнге толығып, ірі топқа айналады. Ақыры ол жүз қаралы жігітпен атқа қонады. Көбінің қаруы – cойыл, тоқпақ, шоқпар, бірауыз, қосауыз білтелі мылтық. Жігіттер алдымен Шудың арғы бетіне өтіп, Бірқұлақтағы (Ивановка) қырғыз көтерілісшілеріне бет түзейді. Бұлар келгенде олар жеңіліс тауып, Алатауға шегінген екен. Тоқпақ пен Кемін тараптағы көтерілісшілер де патшаның қарулы отрядтарына төтеп бере алмай, басылыпты. Асан жігітерімен амалсыз кері қайтады. Алайда күш біріктірмейінше, аздаған топпен қырғыздарша жеңіліс табарына көзі жетеді. Енді қалайда Суықтөбе, Үшқоңыр жақта құрылып жатқан Бекболаттың қалың қолына барып қосылуды көксейді. Айналаға хабар салып жасағын, қару-жарағын көбейтуге ден қояды. Қасабай мерген, Арғынбай аңшы, Бейсенбай, Еспембет сынды өжет жігіттерді қасына топтайды.

Қордайдағы ереуіл жайлы хабар Пішпектің уездік бастықтарына жетіп, олар жедел түрде жазалаушы отряд шығарады. Асанды не тірідей, не өлідей алып келу, жасағын түгел қыру тапсырылады. «Шаш ал десе, бас алатын» әумесер казак-орыстар жол-жөнекей жергілікті тұрғындарға ойларына келгенін істейді. Сәл қарсылық көрсеткенін атып немесе қылыштап шауып кете барады. Жендеттерден қаймыққан бір пақыр ақыры басқалардың амандығы үшін Асандардың жиналған жерін көрсетіп береді. «Солдат келіп қалды!» дегенде Асан санын бір-ақ соғады. Қапыда қалған жігіттердің қаша жүріп атқанынан бірер солдат оққа ұшып, жараланғаны болмаса, бәлендей тегеурінді қарсылық көрсете алмайды. Жендеттер жүзден аса адамның қанын судай төгеді. Қанды қасап болған жер кейіннен «Қызылсай» аталып кетеді.

Бұл қырғында Кенжебала Бекболатқызы деген жасөспірім қыз ғана өліктердің астында аман қалыпты. 1992 жылы 93 жасында қайтыс болған Кенжебаланың жүрегі қан жылап отырып айтқан естеліктерін жергілікті мұғалім Қаматай Тұрғанов хатқа түсірген.

Бұл оқиға қордайлық журналист Қырғызбай Дәуітовтiң ертеректегі бір мақаласында Қызылсайдағы қырғында опат болғандардың саны 120 адам делінеді. Жазалаудан қашқандардың талайы босып Қытайға өтіп кетеді. 2016 жылы мұнда Қазақстандағы ұлт азаттық қозғалыстардың, оның ішінде Қызылсай қырғынының жүз жылдығы кең көлемде аталып өтті.

Бұдан бөлек, 1916 жылы Пішпектегі РКП (б) мүшесі А.Иваницын бастаған астыртын ұйымның ықпалы Қордайды да қамтиды. Н.Однокозов, Н.Фаизов, Н.Грищенко секілді азаматтардың қолдауымен Георгиевкада 1918 жылы төңкеріс штабы құрылып, ауылдағы билікті қолдарына алған, ал 1919 жылы ол таратылып, аудандық съезде аудандық атқару комитеті құрылды. Олардың қатарына жергілікті қазақтардан Ш.Жылыбаев, Ж.Есмамбетов, М.Нәзірбаев, З.Әйтеков қосылады. Олар жаңа өкіметтің бай-құлақтарды тәркілеу, ұжымдастыру саясатын жүргізуге белсене қатысқан қордайлық алғашқы большевиктер болды.

Аймақта күштеп ұжымдастыруға қарсы көтерілістер де болмай қалған жоқ. 1931 жылы қыркүйекте Қордайға уәкіл болып келген Ораз Жандосовтың Голощекинге және Қордай аудандық партия комитетінің хатшысы Харитоновқа жазған хатында 12 қыркүйектегі Ұмтыл аймағында болған көтеріліс кеңінен сипатталады. Оған 200-дей адам қатысып, қатарында коммунистер де болған. Көтеріліс күшпен басылып, қолға түскендер қуғын-сүргінді бастан кешті. Мұндай сүргіндер зұлмат жылдарында да жалғасын тауып, «Қанды террорға» дейін ұласқан.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар