
Естеріңізде болса, біздің аймақ былтырғы жылы еліміз бойынша «Үздік спорттық өңір» атанды. Осынау атақ өңір спортшыларының қандай толайым табысы үшін берілді, жамбылдық сайыпқырандар ұлу жылында нендей жетістіктерімен дараланды, аймақ спортының өркендеуі бағытында сала мамандары қандай жұмыс атқарды? Бұл сауалдарға облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов жауап берді.
– Өткен жылы өңірдің спорт саласын дамытуға 15,8 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Осыдан-ақ, жергілікті билік тарапынан спортшыларға барынша жағдай жасалып жатқанын бағамдауға болады. Спорттың қай түрінен болсын ұлттық құрама сапы ұдайы жаңартылып отыруы тиіс. Жаңа буын қалыптаспай, саңлақтардың ауыз толтырып айтарлықтай жеңіске жетуі мүмкін емес. Мықты спортшыларды шығару, оларға қолдау көрсету – міндетіміз. Жалпы алғанда, облыста 54 спорт мекемесі тұрақты жұмыс істеп келеді. Бұл мекемелерде 29 872 спортшы бар, 1 195 жаттықтырушы олардың талапқа сай жаттығуы жолында тер төгіп жүр. Қазіргі кезде өңірде спорттың 85 түрі қамтылған. 885 сайыпқыранымыз – түрлі деңгейдегі ұлттық құраманың мүшесі. Облыс спортшылары бүгінге дейін республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда 1 797 медаль иеленді. Оның 658-і алтын, 570-і күміс, 569-ы қола жүлде, – дейді басқарма басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы бір спортшы еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, сегіз спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 84 спортшы спорт шебері нормативін орындаған. Сондай-ақ, үш бапкер еліміздің «Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағына ие болған. Ендеше, Жамбыл жеріне «Жылдың үздік спорттық өңірі» атағының берілуі кездейсоқтық емес. Мамандардың айтуынша, бұл табыс төртжылдықтың басты додасы саналатын Париж Олимпиадасындағы тарихи жеңіспен тікелей байланысты. Елдос Сметов сияқты сан сүрлеуден сүрінбей өткен саңлақ Париж төріндегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында арман-мақсатына қол жеткізді. Жерлесіміз төрт жылдықтың басты додасында жарыс иесі Лука Мхеидзені өз көрермендерінің алдында тізе бүктірді. Шын мәнінде, Францияның мақтанышына айналған қарсыласы оңай шағылар жаңғақ емес еді. Мхейдзе Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы. Алайда, исі қазақтың өр мінезді өрені байрақты бәсекенің басты жүлдесіне таласу мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Осылайша, ер Елдос 32 жасында мәңгі тозбас атаққа қол жеткізді. Соңғы үш Олимпиадада үш жүлде иеленген Елдостың Париждегі алтын жүлдесін жанкүйерлер 44 жыл күтті. Ақыры сайыпқыранымыз ел үмітін ақтады. Рио-де-Жанейро – күміс, Токио – қола, Париж – алтын!
Паралимпиада ойындарына облысымыздан 4 спортшы қатысып, Жұмағали Нұрдәулет паражүзуден күміс медальға ие болды. Ал, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі, жерлесіміз Ақмарал Науатбек 48 килограмм салмақ дәрежесінде (J2 санаты) финалдық кезеңде сынға түсті. Ол тәжірибелі франциялық спортшы Сандрин Мартинеттен басым түсіп, 10:0 есебімен жеңіске жетті. Ақмарал татамиде кездескен үш бәсекелесін де «иппон» ұпай санымен жеңді. Бұл – Қазақстанның Париж Паралимпиадасындағы екінші алтын медалі. Бұдан бөлек, 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 17 жамбылдық спортшы қатысып, 7 алтын, 7 күміс пен 4 қола, барлығы 18 медаль иеленді. Грек-рим күресінің шебері Ержет Жарылқасынның Әлем чемпионатында күміс жүлдегер атануы мен Азия чемпионатында топ жаруы да айтарлықтай жетістік. Бұл – жамбылдық спортшылардың ересектер арасындағы Әлем чемпионатындағы тұңғыш жүлдесі.
Рас, ұлу жылы әулиеаталық саңлақтар халықаралық додаларда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Айталық, дзюдошы Нұрқанат Серікбаев пен Мейіржан Әшіров әскерилер арасында әлем чемпионы атанды. Жастар арасындағы әлемдік додада боксшы Асылхан Көшербай күміс, Әнел Әбдірасілова қола жүлде иеленді. Бексұлтан Боранбек жамбылдық жастар арасынан шыққан алғашқы Әлем чемпионы ретінде өз есімін тарихқа жазды. Сонымен қатар, ересектер арасындағы жарыста Диас Молжігітов пен Дулат Бекбауов Азия чемпионатының күміс жүлдесін мойнына ілсе, Әйгерім Сәттібаева қола жүлдеге қол жеткізді. Өңір спортшыларының халықаралық додаларда жасындай жарқыраған сәті де аз емес. Сондай-ақ, өңірде бұқаралық спортқа мықтап бет бұрған тұрғындардың саны жыл санап артып келе жатқанын да айта кеткен жөн. «Өткен жылы облыс халқының 41,2 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылдануға ден қойды. Осылайша, көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір артты. Қазір облыс көлемінде 503,3 мың адам бұқаралық спортқа тартылған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті көбейту мақсатында жұмыс істейтін боламыз», – дейді Ернар Ибраимов.
Қорыта айтқанда, өткен жыл жамбылдық жампоздар үшін толайым табыстарға толы болды. Олимпия ойындарының жалғыз алтын жүлдесін ер Елдос қоржынға түсіріп, тарихи жетістікті тіркеді. Былғары қолғап шеберлері де тамаша табыстарға қол жеткізді. Дегенмен, жамбылдық боксшылардың 2004 жылдан бері Олимпия ойындарында жүлдеге іліне алмай жүргені жасырын емес. Ендігі мақсат – келесі Олимпиадада сол олқылықтың орнын толтыру.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
«Ата жолы» картасының артықшылықтары қандай?
- 24 ақпан, 2025
Ауылда жаңа спорт кешені ашылды
- 17 ақпан, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді