«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр адам жақсылық үшін алғыс алады

Әр адам жақсылық үшін алғыс алады
Ашық дереккөз
Қазақстанда 1 наурыз – Алғыс айту күні 2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына орай белгіленіп бекітілген болатын. Осы күннен бастап жыл сайын барлық қазақстандықтардың бір-біріне мейірбандық танытатын күні.

Оның ішінде түрлі этнос өкілдерінің депортация кезінде өз жақынындай қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні ретінде басталған мереке бүгінгі күні жалпы ел халқының бір-біріне, түрлі мамандық иелеріне, сала қызметкерлеріне ыстық ықыласын, жылы лебіздерін білдіретін атаулы мейрамға, жарқын мерекеге айналды. Биыл, бұған қоса бірегей институттың 30 жылдығы жалпықазақстандықтар үшін айрықша реңктерге ие. Қоғамда адами құндылықтарды мейірімділікті, достықты, ризашылықты, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін нығайту және дамытуға баса назар аударылып отыр.

Киелі қазақ жері миллиондаған тағдырларды тоғыстырды, пана болды. Бауырмашыл қазақ халқы тоталитарлық саясаттың салқынын сезген талай жанға қайырымдылығы мен кеңпейілдігін, даналығы мен қонақжайлығын көрсетті. Қазақ халқы паш еткен асқақ адамгершіліктің, адал ниеттің, шынайы жанашырлықтың арқасында талай этнос өкілдері қиын-қыстау шақтың ауыртпалығын еңсерді, қазақ жерінде өнді- өсті, бақытын тапты. Міне, осындай өрелі істің нәтижесінде елімізде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қаланды. Биыл құрылғанына 30 жыл толғалы тұрған бұл конституциялық институт Тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстардың бастауынан табылып, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқын берекелі еңбекпен ел ырысын арттыруға жұмылдырып келеді.

Бірлігі жарасқан, ымыралы күн кешкен, ежелден достықтың тұғырлы ордасы, бүгінде миллионнан астам тұрғынды бауырына басқан Жамбыл облысында 87 этнос өкілдері тұрады. Өңірлік Ассамблея тарихы Қазақстан халқы Ассамблеясы шақырылғаннан бұрын бірнеше мәдени бірлестіктердің құрылуынан басталады. Алғашқылар қатарында өз қызметін грек, өзбек, тәжік, ұйғыр, дүнген, кәріс, шешен-ингуш, орыс, түрік және күрді орталықтары бастап кетті. Облыстағы этномәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіруді өңірлік Ассамблея хатшылығының меңгерушілері жүзеге асырды. Ассамблеяның этносаралық және конфессияаралық бірлік пен келісімде өмір сүре білуді, ұлттық салт- дәстүрлерді, ана тілдерін жаңғыртып, дамыта беруді этномәдени бірлестік пен хатшылық бірлесе ұтымды атқара білді. Ұйымшыл топтың бастамасымен 2005 жылы Таразда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Достық үйінің» салтанатты ашылуы өтті. Этностардың көптігі облыстың этносаралық қатынасының ерекшелігі болып табылады. Ал, аймақтың Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатының астына топтасқан 41 этномәдени бірлестік қоғамдағы сан қырлы мәселелерге үн қатып, бейбітшілік пен татулықтың орнауына үлес қосып келеді. Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін үйлестіру үшін 2013 жылдың 26 желтоқсанында «Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені аумағында айрықша сәулет үлгісімен салынған еңселі «Достық үйі» пайдалануға берілді. Бүгінде облыс орталығындағы «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктердің әлеуетін дамыту арқылы этносаралық келісімді қолдау бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда.

Облыстық Ассамблея жанында ғылыми- сараптамалық топ, Ақсақалдар және Аналар кеңесі, этномедиация кабинеті, Журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Ассамблея жастары», «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары, этнос жастарынан құралған «Достық» театры жұмыс істейді.

Аймақтағы этносаралық ахуалды тұрақтандыру бойынша «Бейбітшілік пен келісім», «Достық керуені», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» 3 ірі пилоттық жобалармен жұмыс жүргізілуде.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бері іске асырылып жатқан «Бейбітшілік және келісім» пилоттық жобасы республикалық деңгейде кеңінен бағаланып отыр. Бұл жобаның ең басты мақсаты – облыста мекендейтін барлық этнос өкілдері арасындағы татулық пен берекелі бірлікке сызат түсірмей, оларды алаңдататын өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығару және оны тез арада шешуге негізделген.

Екі жылдан бері этносаралық тәуекелдің алдын алу мақсатында облыстық «Достық керуені» жобасы іске асырылуда. Былтырғы жылы этностар жиі орналасқан 5 ауданда ұйымдастырылып, Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің 12 отырысына 1200 тұрғын, ұлттық ойындар спартакиадасына 15 команда, «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалінің іріктеу кезеңіне 30 үміткер қатысты. Ассамблея жастарының «Менің елім, Менің Қазақстаным!» тимбилдингіне 200 жас тартылды. Сондай-ақ, жоба аясында облыстық этномәдени бірлестіктер мен аудандық этно ст ардың диалогына негізделген этностардың мәдениеті мен дәстүрі күндері және бүлдіршіндерге ойын алаңшалары ұйымдастырылды. Жалпы, жоба аясында 37 шараға 5000-нан аса адам қамтылды. «Достық керуені» жобасымен Түркістан облысына сапар ұйымдастырылып, ассамблея құрылымдары тәжірибе алмасып қайтты.

Мемлекетіміздегі ұлттық саясат төңірегіндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды қамтуда 1995 жылдан бастап елімізде дәстүрлі түрде ҚХА сессиялары өтіп келеді. Әрбір сессияда мемлекет өміріндегі өзекті мәселелер талқыланып, келелі шешімдер қабылданады. Былтырғы сессия шешімдерін іске асыру мақсатында 13 арнайы жоба бекітіліп, сол бойынша жұмыс атқарылуда. «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» республикалық пилоттық жобасы 2024 жылы Жамбыл облысынан бастау алды. Жобаның мақсаты – этноорталықтарды қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға тарту. Жоба аясында этномәдени бірлестік өкілдерінің, медиаторлардың қатысуымен 8 ауданда және Тараз қаласында, ХҚКО-да Ашық есік күндері, тұрғындармен кездесулер түрінде 25 шара ұйымдастырылып, 1000-нан аса адам қамтылды.

Сондай-ақ, се ссия аясында Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының этномедиация саласындағы іс-тәжірибесін республика көлемінде тарату тапсырмаларына сәйкес «Елдесу мен татуласу» жобасы аясында 2024 жылы Маңғыстау облысының делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл жеріне арнайы келіп, үздік жұмыстарымен танысты.

Мемлекеттік тілді екінші ана тілі санап, сөйлеуді мәртебе көретіндер қазақтілді қоғамды қуантып қана қоймай, тіліміздің келешегі зор екенін айғақтай түседі. Бұл мақсатты елімізде мемлекеттік тілді дамытып, оны этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдыруда «Мәміле», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары жүйелі жұмыс жасап, нәтижесін беруде. Бүгінде өңірде мемлекеттік тілді еркін меңгеру арқылы қызметте жетістікке жеткен 71 спикер пулы қалыптастырылып, оның 15-і республикалық реестрге енгізіліп отыр.

Көпмәдениетті ортаны дамыту тапсырмасы бойынша аймақтық ҚХА жанынан «Достық» театры құрылған болатын. Құрамында дүнген, өзбек, қарашай-балқар, орыс, неміс, түрік этностарының жастары бар. Жетекшісі облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Сейілханов Асқарбек Ақылшаұлы. Жастар театры Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» және Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» қойылымын сахналады. «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты облыстық драма үйірмелері фестивалінде І орынды иеленді. Қазіргі күні Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арнап Сәкен Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» қойылымын дайындауда. Ұлттық құндылықтар ұлттың баға жетпес қазынасы екенін ескерсек, осы бағытта «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында «Достық үйінде» құнды жәдігерлердің бірі – алты қанатты киіз үй жарты моделі – «Алтын шаңырақ» алаңшасы ашылды. Аталған жоба шеңберінде «Ұлттық киім құндылықтары – ұрпаққа мұра» және «Ұлттық бас киімдер әлемі» атты этнос өкілдерінің ұлттық киімдер экспозияциясы мен бас киімдер экспозициясы ашылып, өз жұмысын бастады.

Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттарын орнықтыру арқылы қазақстандық қоғамның мәдени әралуандығын қамтамасыз ету, этнос өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастыру, этносаралық келісімнің қазақстандық моделін ілгерілету бағытында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан былтырғы жылы барлығы 1219 іс-шара өткізілді. Оған 114 200 адам қамтылды. Оның ішінде «Рождество», «Масленица», «Пасха», «Песах», «Славян жазбасы мен мәдениеті күні», «Сабан той», «Сумаляк», этностардың тілі, мәдениет және салт-дәстүрі күндері, «Алғыс айту күні», «Наурыз», «Ұлттық домбыра күні», «Қазақстан халқының тілдері күні», ұлттық ойындар сайысы, «Өнерім саған, Қазақстан» этнофестивалі, бұдан өзге форумдар, көрмелер секілді іс-шаралар өткізілді.

Бейбітшілік пен бірліктің үздік үлгісін көрсеткен Қазақстан халқы қиналғанға қол ұшын созып, далаға дәуірлерден жеткен «тыныштық үнін» үзген емес. Қоғамда қайырымдылықты үйлестіру мәселесі де ассамблея атқаратын жұмыстардың бірі. Өткен жылы өңірлік Ассамблея 294 миллион 170 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.

Ассамблеяға жүктелген негізгі міндеттердің бірі – халық арасында мақсатты кездесулер өткізіп, мемлекеттік саясат пен қабылданған саяси шешімдерді түсіндіру және ілгерілету. Бұл бағытта облыстық ассамблея жанынан ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, оның мүшелері этнос өкілдері жинақы тұратын шағынаудандар мен тұрғын алаптарда кездесу өткізіп келеді.

Былтырғы Алғыс айту мерекесі қарсаңында мерекелік апталық бастау алып, әрбір күн – қайырымдылық, тазалық, көршіге ізет, ұстазға құрмет, тарихқа тағзым, ықылас, ұрпақтар сабақтастығы және Алғыс айту күндері болып белгіленді. Биыл да бұл үрдіс үзілмей, 30 жылдық мереке аясында ауқымды істер қолға алынуда. Мереке аясындағы іс-шаралар патриотизм, абырой, әділдік, құрмет, ізгілік, бауырмашылдық сынды асыл қасиеттерді дәріптейді.

Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты, киелі Әулиеата тұрғындары бейбітшіліктің бесігі болған Қазақстанымыздың қуатын арттыруға, кемелденуіне еңбегін сарқа жұмсап, ел алғысына кенеле беретініне сенім мол.

Сөзімізді топшылай келе, әр адам жақсылық үшін алғыс алады және оған көрсеткен көмегі, қолдауы үшін алғыс білдіреді. Бұған қоса, өз жұмысын адал атқаратын және сол арқылы еліміздің дамуына өз үлесін қосатын, белсенді азаматтық ұстаным танытатын, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту жолында еңбек ететін жандарға да алғыс айтамыз.

Барша қазақстандықтар мен жамбылдықтарды, жалпы ҚХА жолында шын ықыластарымен еңбек етіп жүрген әріптестерімді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге денсаулық пен амандық, кәсіби және жеке табыстар, өсіп-өркендеуді тілеймін! Баршаңызға бейбітшілік пен келісім және ертеңгі күнге деген сенімділік тілеймін! Бұл мейрам – адамның жан-дүниесін тазартатын, жүрегін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс. Әсіресе, бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына, бауырмалдыққа жетелеп, ризашылыққа қауыштыратын күн. Жүректеріміз әрдайым мейірім мен қуынышқа толы болсын!

 

Мүбарак ЖИНАҚБАЕВА,

облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы.

Ұқсас жаңалықтар