«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ана тілімізді ардақтаған Азамат

Ана тілімізді ардақтаған Азамат
Ашық дереккөз
Сонау алмағайып заманда халқымыз аштықтың азабын тартып, тағдырдың сынағына түссе де жан-жақтан келген өзге этнос өкілдеріне жылы құшағын аша білді. Бүгінде біз бұл туралы тек тарихтан, әдеби туындылардан ғана білеміз. «Аштықпен сынағаннан, тоқтықпен сынаған қиын» деген екен бір данышпан. Расында, тоқтықтың сынағы ештеңенің қадіріне жеткізбей, астамшылыққа апарса, аштықтың сынағы басқаларға деген жанашырлықты арттырады. «Аш кезде жеген құйқаның дәмі таңдайдан кетпейді» дегенді де айтқан біздің дана бабалар. Сондай ауыр кезеңде әлемнің әр аймағынан солақай саясаттың қуғынымен келген көптеген ұлттың балаларын қазақ халқы бауырына басты, өз балаларынан бөлмеді. Өзі ашқұрсақ жүрсе де байтақ даласын паналап келгендермен бір жапырақ нанын да бөлісті. Даласындай дархан пейілін баршаға танытты.

Сондай сыналған шақта қазақ халқына келіп, мейірімін көріп, бірге өскен орыс этносының бүгінгі ұрпақтарының бірі – Евгений Кравчук.

– Бір шаңырақ астында бүтін бір ел болып өмір сүріп отырмыз. Бәріміздің ортақ Отанымыз – Қазақстан. Отанын сүйген жан оның тілін де сүйеді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілін өз ана тілімдей сүйемін. Қазір DAMU HIGH SCHOOL мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. Оқушылармен өткізілетін әрбір тәрбие жұмыстарында Отанның, мемлекеттік рәміздердің, мемлекеттік тілдің қадірін ұғындырып, отаншылдық рух берер іс-шараларды жиі ұйымдастырамын. Өзім осы елде туып-өскеннен соң қазақ тілін ешбір қиналмастан достарым, көршілерім арқылы жылдам меңгердім. Тіл білгеннің тірлігі тіктеледі деген түсінік бар менде. Ал, мемлекеттік тілдің жөні бөлек, оны әрбір ел азаматы білуге және құрметтеуге міндетті, – дейді Евгений Кравчук.

Онымен әңгімелесу барысында өз достарымен бірге ұлттық салт-дәстүрлерімізді жасап жүргендігінен де қазақы ғұрыптан хабары бар екенін аңғардық.

– Қазақстан секілді көпұлтты мемлекет жоқ деп білемін. Әрине, басқа мемлекеттерде де бірнеше ұлт өкілдері бірге өмір сүріп жатыр, дегенмен әр этностың өз ұлттық құндылықтарын дамытуына дәл біздегідей жағдай басқа елдерде жасалмаған. Біздің елде барлық этномәдени орталықтар өзіндік құндылықтарын көрсете жүріп, еркін өмір сүреді. Тіліне де, салтына да, діни сеніміне де шектеу жоқ. Осының өзі қазақ халқының ешкімді жатсынбайтын бауырмалдығын байқатады. Қиын-қыстау заманда ата-әжелерімізге қамқорлық көрсетіп, бүгінде бізге мол мүмкіндіктер беріп отырған қазақ халқына шынайы ризашылықпен алғысымды айтамын. Достарымның көбі қазақтар. Әрине, ішінде өзге этностардан да бар. Дегенмен, біз өз арамызда қазақ тілінде сөйлесеміз. Наурыз, Құрбан айт, Ораза айт мерекелерінде бір-біріміздің үйімізге барып, құттықтап, бір дастарқаннан дәм татамыз. Дастарқан – адамдардың ұлтына, тіліне, діни нанымына қарамай, біріктіретін, араларында татулық пен достықты күшейтетін қасиетке ие. Біз де өз отбасымызда наурыз көже пісіріп, ет асып, дастарқанымызды бауырсақ, құрт-ірімшікпен толтырып, қонақжайлылық көрсетеміз. Бір-бірімізді құттықтағанда да лебізімізді қазақша жеткіземіз. Біздің ортақ тіліміз – қазақ тілі. Соның көмегі тиген болар, мемлекеттік тілді меңгеруде мүлдем қиналған да, мүдірген де жоқпын. Тіл – қарым-қатынастың ғана емес, достықтың да құралы, – деген Евгений Кравчук оқушыларының арасында да мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып жүретінін жеткізді.

«Кең болсаң, кем болмайсың» деген бабалар өсиетінің мағынасын кейіпкеріміздің әңгімесінен көрдік. Небір сыналған сәттерді бастан кешсе де елдігін, тұтастығын жоғалтпай, ынтымағы ыдырамай келе жатқанының өзі қазақ халқының кеңдігінен шығар, бәлкім. Тыңдағанның құлақ құрышын қандырар қазақ тілінің көркем сөзге бай құнары да шынайы болмысын аңғартып тұр емес пе?!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар