«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірлік пен тұрақтылық – басты байлығымыз

Бірлік пен тұрақтылық – басты байлығымыз
Ашық дереккөз
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан этносаралық және конфессияаралық татулықты нығайтуды басты міндеттерінің бірі ретінде белгіледі. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері өмір сүреді. Олардың өзара келісімі мен бірлігі – еліміздің тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Бұл бағытта елдің негізгі заңы – Конституция барлық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға кепілдік береді. Сонымен қатар, елімізде діни сенім бостандығы да толық қамтамасыз етілген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Этносаралық және конфессияаралық келісім – біздің баға жетпес байлығымыз. Біз елдің тұрақтылығы мен жалпыұлттық бірлікті сақтау және нығайту үшін жұмыс істеуіміз керек», – деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысы сондай-ақ, ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен тілін сақтау, дамыту үдерісі революциялық емес, эволюциялық жолмен жүзеге асуы тиіс екенін ерекше атап өтті.

Қазіргі Қазақстан – көпмәдениетті, полиэтностық және поликонфессиялық мемлекет. Мұнда этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту азаматтық қоғам тұрақтылығының басты факторларының бірі саналады. Бүгінде еліміз этносаралық татулық пен өзара құрмет үлгісін қалыптастырып, халықаралық аренада танымал болды. Тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекет барлық этностардың мәдени өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып, олардың тең құқылы дамуы мен өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін қағидаттарды ұстанып келеді. Бүгінгі Қазақстан – этносаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимылдың сәтті моделі ретінде әлемдік қауымдастықта мойындалған ел.

Еліміздегі этносаралық татулық пен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ассамблеясы айрықша рөл атқарады. Ол мемлекеттік органдар мен этностық қауымдастықтар арасындағы байланысты нығайтып, этносаралық қатынастар саясатын қалыптастыру мен жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, ҚХА түрлі этностық топтармен диалог жүргізіп, этномедиация арқылы күрделі жағдайларды реттеуге атсалысады, мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастырады. Осылайша, Ассамблея Қазақстан қоғамындағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың маңызды құралы ретінде қызмет етеді. Өткен отыз жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстандық бірегейлік пен азаматтық қағидаттарына негізделген этностардың интеграциясы қамтамасыз етіліп, Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан конституциялық мәртебеге ие институтқа айналды. Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Сонымен қатар, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі біріктіруші рөлін нығайтуға бағытталған шаралар іске асырылды.

Соңғы жылдары мемлекеттік этносаясат пен мемлекет құру жаңа идеологиялық бағыттарға ие болды. Ол қазақстандық азаматтық патриотизмге, заң алдындағы теңдікке және шынайы мүмкіндіктер теңдігіне негізделген азаматтық теңдікті қамтамасыз етуді, сондай-ақ мемлекеттік қазақ тілінің біріктіруші рөлін нығайтуды көздейді.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында елімізде 400-ден астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл бағыттағы мерейтойлық іс-шаралар ресми түрде 1 наурыздан – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінен басталады. Негізгі оқиғалардың бірі – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтетін дөңгелек үстел, сондай-ақ елдің әр өңірінде облыстық форумдар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, түрлі іс-шаралар мен ҚХА-ның ХХХІV сессиясына дайындық барысында әр облыста әкімдердің төрағалығымен кеңейтілген кеңестер (конференциялар) өткізіледі. Бұл кездесулерде өңірлердегі қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы жетістіктер талқыланып, Ассамблеяның 30 жылдық дамуындағы негізгі нәтижелер сарапқа салынады.

Оңтайлы жүргізілген саясат пен тиімді жұмыстардың нәтижесінде еліміз бүгінде көптеген ұлттар мен этностардың алтын бесігіне айналып отыр. Татулық пен тұрақтылықты ту етіп, ынтымағы мен бірлігі жарасым тапқан елдің ырысы қашанда арта беретіндігін әрқашан есте сақтауымыз қажет. Қазақстандық этносаралық татулық үлгісі дәл осыған негізделген.

 

Лугмар БУЛАРОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары,

облыстық мәслихат депутаты.

Ұқсас жаңалықтар