«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туризмді дамытудыңбалама жолы

Туризмді дамытудыңбалама жолы
Ашық дереккөз
Қасиетті Тараз қаласы – мыңжылдық тарихы бар, мәдени мұраларға бай, ерекше қала. Оның дамуы мен гүлденуі – тек жоғарыдағы билік органдарының ғана емес, әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Қаламызды көркейту, туризмді дамыту және келешек ұрпаққа мақтаныш етердей мұра қалдыру үшін бәріміз бірігіп, өз үлесімізді қосқанымыз жөн.

Таразды таза, жасыл, әсем және жайлы мекенге айналдыру – әрқайсымыздың қолымызда. Біз мынадай қадамдар жасай аламыз. Қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарасақ, тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтап және оны насихаттасақ. Кәсіпкерлік пен шағын бизнес арқылы жаңа мүмкіндіктер жасау – қолымыздан келеді деп ойлаймын. Сол үшін қаланың қоғамдық шараларына белсенді қатысуға шақырамын. Жастарды тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды дәріптейік. Бірлігіміз бен күшімізді көрсетсек, Таразды тек Қазақстанға ғана емес, әлемге танымал қалаға айналдыра аламыз. Бірлесе әрекет етіп, болашағымыз үшін жұмыс жасайық. Тараздың болашағы – біздің қолымызда!

Тараз – тарих пен мәдениеттің алтын бесігі. Бұл көне шаһардың 2000 жылдан асатын тарихы бар және ол өз заманының сауда-саттық, мәдени және рухани орталығы болған. Қаладағы Қарахан мен Айша бибі кесенелері, Тектұрмас кешені, көне Тараз музейі – тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі мәдени мұралар. Бірақ осындай бай тарих пен мұраға ие қала өз әлеуетін толық пайдаланып отыр ма? Өкінішке қарай, Тараздың туристік бағыттағы дамуы әлі де баяу жүріп жатыр.

Осы орайда «Неге Таразға назар аудару керек?»деген сауал туындайды.

Менің айтарым, Тараз – Қазақстанның ең көне қаласы ретінде туристерге қызықты әрі ерекше орын. Бірақ қаламыздың қазіргі инфрақұрылымы мен туризм саласындағы қызмет көрсету деңгейі бұл мүмкіндікті толық пайдалануға кедергі болып отыр. Көптеген туристер үшін басты проблема – ақпараттың аздығы, қоғамдық көліктің ыңғайсыздығы және заманауи қонақ үйлердің жетіспеушілігі. Сонымен қатар, тарихи орындардың халықаралық деңгейде таныстырылмауы олардың мүмкіндіктерін шектеп отыр.

Бүгінде әлемдегі көптеген қалалар өздерінің тарихи орындары мен табиғи байлығын туризм арқылы танытуда. Олар тек инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, цифрлық технологияларды енгізіп, мәдени-тарихи мұраларын жаһандық деңгейде жарнамалап жатыр. Ал, Тараздың осындай үрдіске қосылуы – уақыт талабы.

Қаланы қалай байытамыз? Туризмді дамыту үшін бізге мынандай қадамдарды жүзеге асыру қажет. Біріншіден, инфрақұрылымды жақсарту керек. Екіншіден, туристер үшін ыңғайлы жолдар, қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландыру және сапалы қонақүй кешендерін салу – бұл маңызды бастама. Сонымен қатар, тарихи нысандардың айналасын абаттандыру, заманауи стандарттарға сай келтіріп, туристерге ыңғайлы жағдай жасау қажет. Ең бастысы, ақпараттық қолжетімділікті арттыру маңызды. Тараз туралы ақпаратты танымал туристік платформаларға, халықаралық көрмелерге шығару керек. Әлеуметтік желілерде қалаға арналған жарнамалық науқандар ұйымдастырып, шетелдік саяхатшыларға Тараздың ерекшеліктерін танытуымыз керек. Цифрлық технологияларды енгізіп, қалаға келген туристер үшін 3D экскурсиялар, виртуалды гидтер және арнайы мобильді қосымшалар дайындалуы тиіс. Бұл тек туристерді тарту ғана емес, сонымен бірге олардың саяхаттан әсерін арттырады.

Осы тұста айтарым, мәдени туризмді дамытуымыз ауадай қажет. Жергілікті халықтың қолөнер бұйымдарын, ұлттық тағамдарын, ерекше дәстүрлерін туристерге ұсыну – шағын бизнесті дамытуға және мәдени мұраны сақтауға көмектеседі. Мысалы, Айша бибі кесенесінің жанында қолөнершілер көрмесін ұйымдастыру немесе ұлттық тағамдар фестивалін өткізу қаланың беделін арттырады. Сондай-ақ, туристік бағыттарды кеңейтуді ұсынамын.

Сөзімді қорыта келе қаланы байыту үшін инфрақұрылымды жаңартып, заманауи технологияларды енгізу ғана емес, оның мәдени-тарихи мұрасын дұрыс дәріптеу маңызды дегім келеді. Туризмді дамыту – бұл тек экономикалық пайда көзі ғана емес, сонымен қатар еліміздің тарихы мен мәдениетін сақтаудың бірден-бір жолы. Таразды көркейту – баршамыздың ортақ міндетіміз.

 

Гаухар САМБЕТОВА,

«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері.

Ұқсас жаңалықтар