«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әке – өмірдің темірқазығы

Әке – өмірдің темірқазығы
Ашық дереккөз
Әкем туралы естеліктер жадымда мәңгі сақталады. Ол – мен үшін тек әке ғана емес, өмірдің мәнін, еңбектің қадірін, адамгершіліктің биігін көрсеткен нағыз үлгі.

Оның өмірлік ұстанымы – әділеттілік, адал еңбек және адамгершілік болды. Ол бар ғұмырын туған жерін түлетуге, ұрпағына сапалы білім мен тәрбие беруге арнады. Көпшілік оны тек білікті басшы немесе қоғам қайраткері ретінде ғана емес, кең жүректі, мейірімді, жанашыр азамат ретінде де білетін. Әкем әрдайым айналасындағы адамдарға қамқор болып, жақсылық жасауға асығып тұратын. Оның адамгершілік қасиеттері, еңбекқорлығы, қарапайымдылығы – біздің ғана емес, оны таныған әрбір жанның жадында мәңгі сақталады.

Ардақты әкеміз Жарас Керімбаев 1945 жылы 5 наурызда бұрынғы Кеңес ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі қарапайым шаруа адамдары болған. Оның еңбек жолы мен инженерлік қызметі елдің ауыл шаруашылығы мен көлік саласының дамуына өзіндік үлес қосты.

1952 жылы Қызылжар жеті жылдық мектебінің бірінші сыныбына қабылданып, 1958 жылы оны аяқтаған соң, Ойық ауылындағы он бір жылдық мектепте білімін жалғастырды. 1963 жылы аталған мектепті тәмамдап, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының механизация факультетіне оқуға түсті. 1968 жылы аталған оқу орнын бітіріп, инженер-механик мамандығын иеленді.

Жоғары білім алған соң, Талас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде техникаларды бақылайтын инженер, инспектор, аға инженер-инспектор қызметтерін атқарды. 1970-1975 жылдар аралығында Ақкөл совхозында бас инженер-механик болып қызмет етті. 1978 жылы Ақкөл совхозына қайта оралып, 1987 жылға дейін бас инженер қызметін атқарды. Бұл кезеңде ол шаруашылықтың техникалық базасын нығайтуға, ауыл шаруашылығы техникаларының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге ерекше үлес қосты. Оның басшылығымен совхоздағы техникалық парктің жаңаруы, жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі жолға қойылды. Бас инженер ретінде ол кәсібилігімен танылып, ауыл шаруашылығы саласында білікті маман ретінде мойындалды. 1987-1995 жылдары автомобиль жүк тасымалдау мекемесінде директор қызметін атқарып, көлік инфрақұрылымын дамытуға үлес қосты. Кейін аудандық әкімшілікте бас маман ретінде еңбек етті. 1998-1999 жылдары Ақкөл орман шаруашылығында механик болып жұмыс істесе, 2002 жылдан бастап Ақкөл ауылындағы №14 кәсіптік мектебінде директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Білім беру саласындағы бұл қызметінде ол жас мамандарды оқыту мен олардың кәсіби машықтарын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлді. Инженерлік тәжірибесін пайдалана отырып, студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіруге ықпал етті. Оның жетекшілігімен көптеген түлектер өз мамандықтары бойынша жоғары деңгейде білім алып, өндіріс орындарында сәтті еңбек етуде. Осылайша, білімі мен білігінің арқасында әкем өңірдің дамуына теңдессіз үлесін қосып, білім саласында сара жолын қалыптастырып кетті.

Ал, анамыз Раушан Дастанова 1947 жылы 17 мамырда дүниеге келген. Ол білім жолын Тараздағы мұғалімдер даярлайтын училищеден бастап, кейін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тіл мен әдебиет факультетінде жалғастырды. Ұстаздық жолын аудан орталығындағы мектепте бастап, сол жерде ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, шәкірт тәрбиеледі. Өз ісіне адалдығы мен жауапкершілігінің арқасында үлкен абыройға ие болып, зейнетке шықты. Қазір Алматы қаласында ұлы Айдардың қолында немерелерін тәрбиелеп отыр.

Біздің отбасымыз үлкен. Алты бала – бес қыз, бір ұл бір шаңырақ астында қамқорлық пен мейірімге шомылып өстік. Әкеміз бен анамыз бізді өмірдің небір қиындықтарына қарамастан, жоғары білім алуымызға күш салып, өз жолымызды табуға көмектесті. Әкеміз бізге тек білім алудың ғана емес, адалдықты, еңбекқорлықты, қарапайымдылық сынды қасиеттердің де маңызды екенін үйретті. Ол ешқашан артық дүние жинап, байлыққа қызыққан емес. Өмірдің басты мәні – адамгершілік пен еңбек екендігін өз өмірімен дәлелдеді. Әкемнің әрбір ісі адалдық пен әділдіктің айқын көрінісі болатын. Оның сөзі мен ісі бір-бірінен ешқашан алшақ кеткен емес. Ол бізге үнемі: «Адам өз еңбегімен ғана биіктейді. Адалдықты ұстансаң, ешқашан жаман болмайсың. Байлық – өткінші, ал абырой – мәңгілік», – деп айтып отыратын.

Тағы бір айрықша қыры, әкем өте еңбекқор жан болды. Ол өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, ешқашан жалқаулық пен енжарлыққа жол бермейтін. Бас инженер болып жұмыс істеген жылдары қарапайым жұмысшыдан бастап, басшылық қызметтегі адамдарға дейін барлығына тең қарады. Оның лауазымы болғанымен, ешқашан артықшылыққа, ел көзіне түсуге ұмтылған емес. Бірде бір танысы әкемнен қызметтік жағдайын пайдаланып, жеңілдік жасауды сұраған еді. Сонда әкем: «Мен бұл орынды адал еңбекпен иелендім, мені халық сеніп таңдады. Егер мен әділетсіздікке жол берсем, олардың сенімін қалай ақтаймын?», – деп жауап берген еді. Бұл оның өмірлік ұстанымын көрсететін сөз ретінде жадымда мәңгі сақталды.

Әкеміз үшін ең маңыздысы – әділеттілік пен еңбек болды. Ол ешкімнің ала жібін аттамады, өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарады. Біз де осы қасиеттерді бойымызға сіңіріп өстік. Әкеміздің тәрбиесі біз үшін үлкен сабақ болды. Ол бізге шынайы байлық – дүние емес, адамгершілік, адал еңбек, абыройлы іс екенін ұғындырып өсірді. Біз қарапайым отбасында тәрбиелендік, бірақ ата-анамыз бізге ең басты байлық – білім мен тәрбие екенін тұла бойымызға, бітім-болмысымызға сіңірді.

Әкеміз білімге де ерекше мән беретін. Біздің әрқайсымыздың жоғары білім алуымызды қалады. Әкем мен шешем бәрімізді бар күш-жігерін салып оқытты. Бүгінде әрқайсымыз өз саламызда жетістікке жеттік.

Әкем балажан еді. Сонымен қатар, тәрбиеге келгенде бір кісідей қаталдығы да болатын. Ол бізді еркелеткенімен, тәрбиеде тым жұмсақтыққа жол бермейтін. Босаңсытпайтын. Қателік жасасақ, оны бірден бетімізге баспай, өзімізге ой салып, дұрыс жолды таңдауға бағыттайтын.

Ол бізді еңбекқорлыққа баулыды. Қолымыздан келетін істі өзіміз істеуге, жауапкершілікті сезінуге дағдыландырды. Үй шаруасында, сабақта болсын, «Өзіңе сен, өз еңбегіңмен жетістікке жет» деп үйретті. Әкеміз бізден үнемі тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін.

Жоғарыда атап өткенімдей, біздің отбасымызда алты бала тәрбиелендік. Әке-шешеміздің берген тәрбиесі мен білімінің арқасында бәріміз өз жолымызды тауып, еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрміз. Атап айтқанда, әкем мен анамның тұңғышы Сәуле Алматыда мектепте жұмыс істейді. Одан кейінгі Зәуре Талас ауданы, Үшарал ауылындағы мектепте химия, биология пәнінен ұстаздық етеді. Бағила Алматы облысы, Талғар ауданындағы орта мектепте математика пәнінен сабақ береді. Айнұр Алматыдағы беделді компаниялардың бірінде есепші болып жұмыс істейді. Ұлы Айдар Алматы қаласындағы Халық банкінде бас маман қызметін атқарады, келіні Лаура Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде қызмет атқарады. Кенжеміз Венера – Алматы технологиялық университетінде физика-информатика пәнінің оқытушысы. Барлығымыз математика және физика саласын таңдап, сол бағытта білім алдық. Бұл мамандықтың бізге қанмен берілгені анық. Әкеміз есепке жүйрік, адал еңбегімен елге сыйлы жан еді. Бүгінде оның берген тәрбиесі мен өсиеті біздің өміріміздің шамшырағына айналды.

Әкем тек өз балаларына ғана емес, өз бауырларына да үлкен қамқорлық көрсетті. Ол өз бауырларының әрқайсына көмек қолын созып, олардың балаларына да қолдау көрсетті. Өле-өлгенше олар әкемізге алғысын айтып өтті. Ол үшін туыстық қарым-қатынас, ағайыншылдықтың маңызы зор еді. Ол бауырларын ешқашан ұмытпай, олардың қуанышын да, қиыншылығын да бірге бөлісетін. Олардың балаларына білім алуға көмектесіп, жол сілтеп отырды. Бұл оның бауырмалдық пен адамгершілікті жоғары қойғандығының айқын көрінісі еді.

Әкеміздің ерекше қасиеттерінің бірі – сөз бен істің бірлігін сақтау еді. Ол ешқашан уәдені бос айтпайтын. Бір істі қолға алса, соңына дейін жеткізетін. Бірде ауылдағы мектептің жөндеуді қажет ететінін біліп, тиісті органдарға бірнеше рет хат жазып, мәселе көтерді. «Менің балаларым ғана емес, ауылдың барлық баласы жақсы мектепте оқуы керек» деп әкімшілікпен уағдаласып, мәселені соңына дейін жеткізді. Бұл оның жауапкершілік пен әділдікке деген берік ұстанымының бір дәлелі еді. Ол тек өз отбасына емес, айналасындағы адамдарға да қамқор бола білді. Ағайын-туысына, ауылдастарына көмектесуді парыз санады. Өмір бойы әділдік жолында жүрген адам ретінде, қандай жағдай болмасын ешқашан адалдықтан аттаған емес.

Бұл естелік – тек бір адамның өмірі туралы ғана емес, адалдық пен еңбекке, әділеттілік пен қамқорлыққа негізделген нағыз азаматтың өнегелі жолы. Жарас Керімбаевтың қалдырған ізі ұрпағының жүрегінде мәңгілікке сақталады. Әкеміз адал еңбегімен, әділдігімен, адамгершілігімен айналасына үлгі бола білді. Әкеміз арамызда болғанда, биыл 80 жасқа толар еді. Ол туған жері мен халқына қалтқысыз қызмет етті. Жұмысында да, өмірінде де әділдікті ту етіп, ешқашан өз ұстанымынан таймады. Әкемнің жанашырлығы, қамқорлығы, қарапайымдылығы оны таныған әрбір жанның жүрегінде жылы естелік болып қалды. Оның өмірлік қағидалары, адамгершілік қасиеттері біз үшін сарқылмас мұра. Біз әкеміздің аманатына адал болып, оның ізгі істерін жалғастыруға тырысамыз. Ол әрқашан біздің жадымызда, жүрегімізде мәңгі өмір сүреді.

 

Айдар КЕРІМБАЕВ.
Алматы қаласыТаразды

Ұқсас жаңалықтар