
1200 орынға арналған білім ошағының құрылысы 2024 жылдың 21 қарашасында аяқталып, шәкірттерге есігін айқара ашқан. Қазіргі таңда мұнда 747 оқушы білім алып, оларға 45 педагог қызмет көрсетуде. Оқу сапасы өз алдына, мектеп ғимаратының сыртқы көрінісінің өзі алыстан көз тартады. Түнде қызыл, жасыл бояулары көрген көзге шағылысып жарқырап жанып тұрады. Мектепте 2 спорт залы, 10 коворкинг орталығы, 3 шеберхана, 3 зертхана, 2 лингафон кабинет бар. Еңселі кітапхана, 256 орындық мәжіліс залы мен 344 орынға арналған асхана да көрген кісінің көңілін қуантады. Панельдік тақтамен жабдықталған 59 оқу кабинеті де талапқа сай.
Біз аталған игіліктердің барлығын аралап көрдік. Шахмат бұрышы, «Stem» зертханасы, коворкинг орталықтары да оқушыларға қуаныш сыйлап отырғанын аңғару қиын емес. Кең спорт залда дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Мұхтар Айтуов оқушыларға жаттығу жасатып жатыр екен. Айзере Несіпбек пен Айым Сейсенбек волейбол ойнап, шеберліктерін байқатты. Коворкинг орталығында жас математика пәнінің мұғалімі Арлан Қасымжанның оқушыларға «Миллион кімге бұйырады?» атты интеллектуалдық ойын ойнатып жатқаны көңілімізге жылы әсер етті. Кіші спорт залында балалар шағын футбол ойнап, шеберліктерін шыңдауда. Жас маман Аян Есеналы балаларға доп тебудің тәсілдерін үйретіп жүр. Енді бір коворкинг залында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назерке Бурылбай 5 сынып оқушыларына Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы бойынша сабақ өту барысында жаңаша үлгіні пайдаланатынын байқадық. 37 жыл еңбек өтілі бар мейірбике Халима Әбішева оқушылардың денсаулығын қадағалауға қатысты барлық құрылғылар тегіс жеткілікті екенін айтады.
«Білім негізі бастауышта», – дегендей, бастауыш сыныптың мүмкіндіктеріне назар аударуды да ұмытпадық. 1 «а» сыныбының жетекшісі, 7 жылдық еңбек өтілі бар сарапшы маман Наргүл Сұраштың өз айтары бар. Ол өз сөзінде бұған дейін Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназиясында еңбек еткенін жеткізді. «Жайлы мектепте сабақ үрдісіне қажетті көрнекіліктің бәрі бар, әр кабинетте панельдік тақта орналасқан. Әр сынып бөлмесі кең, әр оқушыға жеке жиһаздар бар. Түйіндеп айтқанда, мұнда керектінің барлығы қамтылған. Мұғалім тек сапалы сабақ өтуі керек, оқушы зейін қойып білім алуы қажет. Осындай білім ошағында сабақ беріп жүргенімді мақтаныш санаймын. Бұл мемлекетіміздің білім саласына деген ерекше қамқорлығы. Сол қамқорлықты сезініп отырмыз», – дейді ол. Мектеп директорының құқық жөніндегі орынбасары Ерімбет Нұрланұлының да жайлы мектепке ауысқанына көп болмаған. Оның айтуынша, шәкірттерім аудандық, облыстық байқауларда үнемі жүлдегер атанып жүр. Ақкөл ауылындағы мектептің де жетістіктері аз емес. Дегенмен, жайлы мектептің мүмкіндіктері едәуір мол. Сондықтан, жақында тестілеуден өтіп, осы білім ошағында еңбек етуге бел байладым», – дейді.
Біз аталған білім ошағының басшысы Мұрат Тұрысбектен жайлы мектептің айырмашылықтары туралы сұрадық. Жаңадан пайдалануға беріліп жатқан басқа мектептерді де талапқа сай емес деуге болмайды. Ол білім ошақтарында да біршама жағдай жасалған. Мен жалпы жайлы мектептің жеті ерекшелігін айтқым келеді. Біріншісі, барлық кабинеттер панельдік тақтамен жабдықталған. Екіншісі, он коворкинг орталықтары бар. Үшіншіден, спорт залы екеу. Біреуі 800 шаршы метр, мұнда екі сыныптың қатар сабақ өтуіне мүмкіндік қарастырылған. Екінші спорт залдың көлемі алғашқысынан сәл ғана кіші. Төртіншісі, 345 оқушыға арналған кең асхана және барлық қабаттарға лифт қызметі бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Мектептің әр оқушысында жеке жиһаз қарастырылған. Бесіншісі, 256 орынға арналған кең мәжіліс залы. Оның сахнасында үлкен Led экран орналасқан. Алтыншы, мұғалімдер үшін үш бөлме бар. Ол бөлмелерде де жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылған компьютер, панельдік тақталар қойылған. Жетіншісі, мектеп ауласында басқа мектептерден көлемі екі есе үлкен футбол алаңы және ойын алаңдары, бір мезгілде 80 көлік сыятын автотұрақ қамтылған. Мектепте оқушылар мұғалімдерді «Ұстаз» деп атайды. Тағы бір ерекшелігіміз – мектеп есігінен кірген кезде біз барлық оқушының ұялы телефонын жинап аламыз. Шәкірт көңілі тек сабақта болуы керек. Ал қоңыраудың орнына әр сабақтың аяқталғанын күймен білдіреміз. Бұл өзге мектептерде бар үрдіс. Үлкен үзілістерде оқушылармен бірге «Көңілді үзіліс» атты ойын жүргізіліп, «IQ сұрақтар» айдары бойынша білім алушылардың білім деңгейін шыңдай түсеміз. Бір жағы оқушыға үзілістегі уақыттың өзін бос өткізбеу жағынан да үлгі беріп отырмыз», – дейді директор.
Тағы бір айта кетерлігі, мектепте «Вокал», «Домбыра», «EasyAgylsһyn», «Робототехника», «Теннис», «Тоғызқұма лақ», «Шахмат», «Волейбол», «Футбол», «Шабыт» би, «Жас қауырсын» ақындар үйірмесі және «Шамшырақ» мектеп театры жұмыс істейді. Сонымен қатар, «Reading Time», «Шебер педагог», «Білім» және «Цифрлы мектеп» жобалары жүзеге асып келеді.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді