
Трендтегі кітаптар қатарында оқырмандардың іздеп жүріп оқитынының көбісі шетелдік авторлардың аудармалары. Олардан қазақ авторлар да қалыспай тұр. Бұл мотивациялық кітаптардың құны – бес мың теңге мен жиырма мың теңге аралығында. Басты орында әлемдік тәжірибеден өткен Джордж Клейсонның «Вавилондағы ең бай адам», Роберт Киосакидің «Бай әке, жарлы әке», Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» мен Марк Мэнсонның «Бәріне қолыңды бір сілте» аударма кітаптары. Бұрындары қазақша мотивациялық кітаптар жоқ деп жүргендер үшін бүгінде ол олқылықтың орны толғандай. Кітап дүкендерін, кітапханаларды қарасаңыз, отандық авторлардың бай болуға, қарыздан қалай құтылуға болатыны туралы немесе үй алу жолдары сынды кітаптары әлемдік бәсекемен тайталасып тұр. Атап айтсақ, Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма», «Құпия» кітаптары, Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық», Луиза Хейдің «Әйел даналығы», Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға: нәзік жан», Бағлан Әбдірайымовтың «Ақ пен қара» атты кітаптары қаламыздағы кітап дүкендері мен кітапхана сөрелерінде толып тұр. Бүгінгі әңгіме осы мотивациялық кітаптар жөнінде болмақ.Біз ең әуелі дәл осы туындылардың мәні қандай, шын мәнінде адамға мотивация бере ме, әлде құр сылдыр сөз бе деп зерттеу жасап көрдік. Осы кітаптарды оқып шынымен жалқау адам еңбекқорға, кедей байға, жігерсіз батылға айналып кетіп жатыр ма?
Лев Толстой саналы адамға ішіп, жеп, ұйықтап, ояну өмірдің негізгі мәні бола алмайтындығын айтқандай, бұл ғаламға келген соң тіршіліктің мәні не деп әрбір жер бетінің тұрғыны ойланса керек. Сондай сәтте оқып, білгенін көңілге тоқып, алдыға мақсат қойып, өмір сүруге деген ынтасы оянатын оқырмандар өзін терең тану үшін қандай кітаптарды оқиды екен? Мұны Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық кітапхана оқырмандарынан сұрадық.
– Мұндай кітаптарда–адамның өз-өзіне сенуі, іштей өзінің мықтылығын мойындау керектігі туралы ой қозғалады. Маған ұнайтыны – Сайдмұрат Давлатовтың «Мен және ақша» кітабы. Осы кітапханадан барлық қазақша-орысша мотивацияға бай кітаптардың бәрін табамын, – дейді Сара Ташметова атты оқырман.
Шын мәнінде, облыстық кітапханада керек кітабыңды алып оқып отыруға қолайлы жағдай жасалған. Эстетикалық талғамға сай безендірілген кітапхана іші адам жанын рахатқа бөлейтіндей.Өз кезегінде біз де мотивациялық кітаптар легін ақтарып көрдік. Біреудің жеткен жетістігі таңғалдырумен қатар, қанаттандыратыны да анық. Сондықтан мотивацияңыз төмендеген кезде табысқа кенелген адамдардың кітаптарын оқып тұрған жөн деп есептейді кітапхана қызметкері Марал Хантөреқызы. Біз одан сұранысы жоғары кітаптарды көрсетуді сұрадық. Ол бірнеше бақыт пен байлыққа, табысқа жетелейтін кітаптарды ұстатты. Қолымызға түскені – «Күнкөрістен кет, байлыққа жет» кітабы . Саясаттанушы, журналист, «Amal Books» баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай жазған бұл кітаптың басымдылығы – қазақ кәсіпкерлерінің, соның ішінде Forbes тізіміндегі бизнесмендердің ең таңдаулы тәжірибесімен таныстыратындығында. Яғни, бұл туындыны оқи отырып, сіз «бір оқпен бірнеше қоянды атасыз». Кітапта Шынар Бұғымбаева, Райымбек Баталов, Марғұлан Сейсембай, Арманжан Байтасов, Нұрлан Смағұлов, Елдар Әбдіразақов, Қайрат Құдайберген, Қуаныш Шоңбай сынды бизнесмендердің тәжірибелері көрсетіліпті. Содан соң Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға» кітабын парақтап шықтық. Нәзікжандыларға арналған кіт апт а кәдімгідей күйеуді құрметтеу, оны жамандамау, мінезін түзеймін деп алыспай, әйел адам бірінші өзін түзеу керектігі айтылыпты. Сондай-ақ автор күйеуге бағыну, онымен келісу, нәзіктігіңді ештеңеге айырбастамау, жұбайлар жарасымын сақтау жайлы жазыпты. Тақырып – өте өзекті. Бұл кітапты қыз-келіншектер баспадан шығысымен бірден әкететін көрінеді. Қорқыныш пен күмән – өміріміздің табиғи бөлігі. Бір нәрсені уайымдау, алдағы күндерге алаңдау – дұрыс емес деп қорытады Дейл Карнеги. Өйткені – бүгін ғана бар. Ертең жоқ, Өткен өтті. Сондықтан да ол «Алаңсыз өмір сүру дағдылары» атты кітап жазды. Жоқ нәрсені, әлі болып үлгермеген жайтты уайымдамау үшін қандай жаттығулар жасау керек, кітапта бәрі нақты көрсетілген. Кезекті бір кітап Ұлдана Ерқасымның «Қоқыстан табылған миллионер қыз». Кітаптың авторы алғашқы миллионын 17 жасында тапқан қазақ қызы. Негізгі мамандығы – журналист. Бүгінде ол «Dream Trips» компаниясының белді мүшесі. Кітапта автордың балалық шағы, өмірде көрген қиындығы, алған сабақтары туралы әңгіме өрбиді. Ол осы туындысы арқылы оқырманды қандай жағдай болмасын мойымауға үндейді, тағдыр салған сынақтардан өтуге болатынына сендіреді. «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» кітабы осы уақытқа дейін бірнеше рет басылды. Психолог Кәмшат Бекжігітованың бұл туындысы аз ғана уақытта қазақ тіліндегі бе стселлерге айналып үлгерді. Автор әлемдік психологтардың кеңестерін өзінің өмірлік тәжірибесімен ұштастырып, оқырманға ұсынған. Кітапта өзіңді бағалау, ойыңды өзгерту, кешіру, мақсатты айқындау, қарым- қатынасты жақсарту, сабырлы болу, денсаулықты сақтау сияқты тақырыптарға қатысты түрлі кеңестер айтылады.
Қаламыздағы «Кітап ал», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендерін де қарап шықтық. Мұнда Сайдмұрад Давлатовтың кітаптары мен отандық жаңа авторлардың туындылары. Бұл жерден де бірнеше кітаптарды қарап шықтық. Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адамы» ұлы Абайдың «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» дегеніне саяды. Қуаттайтыны да осы екен. Мотивацияға толы, бай әрі табысты боламын десең, Абайды оқы деп тұр. Мән-мағынасы қисынсыз кітаптар да бар. Не оқып отырғаныңды түсінбейсің. «Аудармалары шала, күш-жігер бермек түгілі халық сұранысына сай емес кітаптарды өтпеген соң алмаймыз. Ал керісінше трендтегі бір айда жүз даналап өтетін кітаптарды Алматыдағы баспа үйінен алдыртамыз», – дейді сатушы Жәмила Алшынбекова. Оқырмандармен де тілдестік.
– Кітап оқу – мәдениеттің бір белгісі. Кілең жетістікке жетіп, байлыққа батқандардың кітабын оқимын деп мол мотивацияға отырып алмаған жөн. Арасында жан-жануарлар, адам тағдыры, мелодрама сынды басқа кітаптарды да оқыған дұрыс. Қазақта «молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дегендей, айтылған жаман әдеттерді жақсыға айналдыру сынды нәрселерді жасауға болады. Ал байып кетсем екен деп тура сол айтылғанды жасау біреуге жағады, біреуге жақпайды, – деп пікір білдірді студент Өркен Алпамыс. Ал Жанерке Талғатқызының айтары басқа. «Жиһангез Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық» кітабы маған сондай өмірге жеңіл, алаңсыз, күле қарауды үйретті. Әрбір адам өзі іштей қалаған кітабын оқиды. Менің қалауым осы болды. Яғни, іздегенімді таптым», – дейді ол. Ойлы жас Елдар Боранбек мотивацияны кітаптан емес, үйдегі жүріп өткен жолы бөлек, айтары бар, көргені көп қариялардан аламын дейді. «Ерте тұру, жаман әдеттен арылу дегенге келісем, соны оқимын. Мынаны істесең тез арықтайсың немесе тез бай боласың дегенге сенбеймін. Бәріне адал еңбек пен маңдай термен жетуге болады деген пікірді ұстанамын», – деді Елдар.
Қорыта айтқанда, кітаптың жақсылығын көру – ол адамның өзіне байланысты. Кез келген мотивациялық кітаптың мәні – айтылған нәрсені ә дегеннен ақ бірден жасасаңыз нәтижесін көресіз дейді. Іске бірден кірісу керектігін меңзейді. Кітапты құр оқып қана қоймай, сонда айтылғанды тез арада жасау – мотивациялық кітаптардың құпиясы шығар. Миды «қоқыстан» тазартып, жоспар құрып, асығыстық қылмай, ынта-жігерімізді бір бағытта ғана ұстасақ, дегенімізге жетеріміз анық. Қалай десек те, оқығанымыз, көңілге тоқығанымыз қажетімізге жараса игі.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Жайлы мектеп ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықты жояды
- 6 наурыз, 2025
Білім саласына жаңа бетбұрыс
- 1 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді