«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балалар жүрегіне жол тартқан

Балалар жүрегіне жол тартқан
Ашық дереккөз
Қай кезде де әріптестер туралы жазу оңай емес. Ұзақ жылдан бері талай тақырыпты жан-жақты ашып жүрсек те, бірге еңбек етіп жүрген азаматтарға келгенде жауапкершілік жүгін терең сезінетініміз бар. Ол жаза алмағаннан емес, сол азаматтың болмысын жоғарылатпай немесе төмендетпей, өз деңгейінде аша аламын ба деген құрметтен туындаған әсер болса керек.

Жалпы, Марат Құлибаевпен таныстығымызға жиырма жыл. Бұл дегеніңіз бір азаматтың бүкіл еңбек өтілінің жартысы. Ол кезде облыста Марат жаңадан ашылып жатқан «Аr-Аi» жастар газетінің жауапты хатшысы болды, мен тілші қызметіне қабылдандым. Екеуміз алғашқы күннен бастап ашық, сыпайы, жарасымды сөйлесіп кеттік. Бір байқағаным, Мараттың мінезі жібектей. Бас редактор Болат Бекжанов та оның тындырымдылығына көңілі толатын секілді. Алайда, бұл азамат облыстық жастар газетінде үш ай ғана жұмыс істеп, өзінің туған жері Жуалыға қайтты. Мінезі салмақты, жұмысы жан-жақты, тындырымды маман аз ғана уақыт мектептегі қызметіне қайта орналасты да, арада екі ай өткенде аудандық «Жаңа өмір» газеті бас редакторының орынбасары қызметіне барды. Сонымен, екеуміз журналистикада қайта қауыштық. Жуалы ауданына барған сайын жанымда жүреді. Маған бірнеше тақырыптар тауып береді, бір жағы өз газетіне де ауыл өмірінен жақсы материалдар жинай жүреді. Оның бір жақсы қасиеті – ерінбейтіні. Балаларға арналған республикалық «Балдырған» журналына әңгімелерін үзбей жолдап отырады. Аталған журналға жыл сайын 7-8 әңгімесі жарияланып келеді. Бұл енді Мараттың оқырмандары республиканың түкпір-түкпірінде де жеткілікті екенін аңғартады. Кейде әсерлі әңгімелеріне қатысты еліміздің түкпір-түкпіріндегі жаны мөлдір балалардан хаттар келіп жатады. Мұндай кез – Мараттың бақытты сәті. Себебі, қаламгердің әлемі балалар өмірімен бірге. Әуелі мектепте біраз жыл мұғалім болып, мектеп оқушыларының әлемін, түрлі қылықтарын, біз байқай бермейтін болмыстарын әбден зерттеген. Яғни, ол талай жыл өз тақырыбының ішінде өмір сүрген қалам иесі. Марат Құлибаев: «Мен тақырыпты алыстан іздемеймін. Өз айналамнан, көшедегі түрлі көріністерден, аулаларда алаңсыз ойнап жүрген балалардың қимыл-қозғалыстарынан табамын», – дейді. Осы тұста әңгімелеріне тоқтала кетсек. Мәселен, «Қай жерің ауырады? Ыстығың бар ма? Көрейінші, – деп алақанымен маңдайын сипады.

– Жыламашы, көкем дәрігер әкеледі, дәрі береміз. Әлі-ақ жазылып кетесің.

Кішкентай Сара ауырып қалған кішкентай көк лағын айналып-толғанып жатыр. Оның нәзік саусақтары көк лақтың да маңдайына мақтадай тиіп жатқандай. Аялы алақанының жылуын сезгендей мойнын созып, Сараға ұмтыла түсті». Бұл Марат Құлибайұлының «Көк серке» әңгімесінен шағын үзінді.

Мараттың Мемлекеттік тіл қорының «Тәтті алма» айдарымен жарық көрген 29 әңгімесі қордың сайтына және осы атпен басылған жинаққа енді. «Мейірім», «Батырдың арманы», «Қойдың кезегі», «Аяз атаның шапаны» және басқа әңгімелеріне оқырман көп қызығушылық білдірген.

Жалпы, Марат қаламгер тек балалар әлемі ғана емес, ересектер тақырыбына да барып жүр. Оған «Әпкейдің әңгімесі» деген шағын шығармасы дәлел. Бұл әңгімеде физика пәнінен сабақ берген Жазира әпкейінің Желтоқсан оқиғасына қатысушы екенін кейінірек білгендерін, кезекті бір желтоқсан мерекесі жақындаған кезде Жазира ұстаздың өзі куәгер болған күндерді әңгімелеп бергенін әсерлі баяндайды. Қаламгер бұл әңгімесін: «Ұстаз әңгімесі кім-кімді болса да бейжай қалдырмағаны анық. Бір сәт біз де үнсіз қалып, мұңға батып кетіппіз. Бойымызда ұлтжандылықтың қаны қайнағаны анық.

Біз одан әрі әпкейді мазалаған жоқпыз. Шығуға да қоңырау соғылды. Әншейінде сыртқа тұра жүгіретін біз тып-тыныш сыныпта отырып қалдық», – деп аяқтапты. Осылай аяқтау арқылы бүкіл сынып оқушыларының әсерін әдемі жеткізе білген.

Марат қаламгердің өзінің жаңадан жазып шыққан әңгімелерін алдымен әріптестерімен бөлісетін жақсы әдеті бар. Автордың сиясы әлі кеппеген «Аманат» атты әңгімесімен таныспын. Мұнда автор көлемді әңгімесіне қоғамдағы бүкіл жағымды-жағымсыз көріністердің бәрін қамтып, сыйғыза білген. Бірге туған екі ағайынды жігіттің қарым-қатынасы, қатыгездік пен мейірім, қуаныш пен өкініш, адамдардың басына түскен жағдайға қарай құбылып тұратыны, қазіргі бірнеше бағытқа бөлінген дін мәселесі нанымды көрініс тапқан. Неге екенін қайдам, автор бұл әңгімесін жариялауға асығар емес. Бәлкім, тағы да пісіріп, күшейткісі келетін шығар. Ол енді өз шешімі. Біздің білетініміз, ол – еңбекқорлығымен де, сабырымен де қаламгерлікке, көркем дүние жазуға жаралған жан. Осы кезге дейін автордың «Мейірім», «Апамның аялы алақаны», «Қолқанат» атты әңгімелер жинақтары мен «Жұлдызы биік Жуалы» атты тарихи- танымдық кітабы жарық көрген. «Мейірім» және «Қамқоршы» әңгімелері мектеп оқулықтарына, сондай-ақ «Балдырған» журналының 50 жылдық мерейтойына орай топтастырылған «Жарты ғасырдың алтын қоры» атты кітаптың ІІ томына, жасөспірімдерге арналған «Бәсіре» сөзтаным жинағының І бөліміне және «Тәтті алма» әдеби жинақтарына енген. 2013 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ақпарат саласының үздігі.

Жуалы ауданында 13 жыл бас редактордың орынбасары болып қызмет істеген Марат Құлибайұлы 2018 жылы облыстық «Aq jol» газетіне тілші болып ауысты. Содан бері бір басылымда біргеміз. Ауданнан қаламы төселіп келген ол газеттегі ең ауыр салада да қамшы салдырмай жазып кетті. Әлі де жазып келеді. Нені жазса да жеріне жеткізіп, иін қандырып, сапалы жазады. Қазір аталған басылымда аға тілші.

Марат үлгілі отбасының арқасүйері. Анасы Нұрғанымды әрқашан ардақтап, асыл жары Камшатты еркелетіп, перзенттері Ақниет, Диас, Рамазанның қабағына қараудан жалыққан емес.

М .Құлибайұлының облыс орталығында кітапхана, мектептерде кездесулері жиі өтіп тұрады. Бұл оқырмандардың құрметі. Осыдан бірер жыл бұрын балалар жылына орай Мараттың «Апамның аялы алақаны» деген кітабы жарық көрді. Міне, осы кітаптың оқырманға жол тартуына орай өңіріміздің бірнеше кітапханалары тұсаукесер рәсімін өткізді. Сондай жиынға Жаңатастан Пернебай Дүйсенбин арнайы келіп қатысқанына таңдандық. «Марат деген өзі сондай жаны таза, сабырлы, талантты, еңбекқор азамат. Жазғандары әсерлі. Мұндай азаматтың кешіне келмеуге бола ма?» дегені бар. Мараттың шығармашылығына құрметпен қарайтын алдыңғы толқын ағалар аз емес.

Мәселен, жазушы- драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан:

«Марат Құлибаев балалар тақырыбында қалам тербеп, әдебиет әлеміне өзіндік сүрлеу салып келе жатқан қаламгер. Облыстық «Aq jol» газетінде жұмыс істеп жүргенімде Марат әңгімелерін алып келетін. Ол кезде оң-солын танымаған жас еді. Айтқан сыннан қорытынды шығарып, бірнеше күннен кейін алдыңғы әңгімесін шама-шарқынша тап-тұйнақтай етіп қайта әкеліп тұратын. Оның еңбекқорлығы, табандылығы мені қайран қалдырды. Бұл баладан жақсы журналист, қаламгер шығады деген сенімде болдым» десе, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы: «Маратқа тағы бір риза болғаным, күрделі оқиға іздеп қиналмайды, баланың басынан өткен бір сәтті қаз-қалпында жазып, әп- әдемі әңгімеге айналдыра біледі. Бала мен әже, бала мен ата, бала мен әке арасындағы диалогтар да өмірдің өзінен алынған, сенімді», – дейді.

Әріптесіміздің биылғы мерейтойына орай бірқатар білім мекемелері, кітапханалар әдеби сазды кеш өткізуді жоспарлап отыр. Облыс әкімінің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» бастамасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Дарын» лицей-интернаты бірлесіп, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі журналист және балалар жазушысы Марат Құлибайұлының 50 жас мерейтойына арналған «Балалар жүрегіне жол тартқан» әдеби вернисаж кешін өткізді.

«Дарын» лицей-интернатының білім акапелло хоры әннен шашу шашса, оқушылар Арайлым Ержанқызы мен Бақыт Барақ, Әйкен Аманжол мерейтой иесіне деген арнау өлеңін оқып берді.

Білім ошағының залында өткен негізгі іс-шара Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени тынығу орталығының әншілері Мәлік Мықтыбеков пен Мадина Сыбанбаева орындаған «Жуалының тау самалы» әнімен ашылды. Мұнан соң экраннан Мараттың шығармашылық жолына арналған бейнеролик көрсетілді. Мұнан соң Жуалы аудандық халық театры мен №5 орта мектептің, Тараз қаласындағы №66 орта мектептің оқушылары кеш иесінің «Жеті ата», «Жұмат атаның аманаты», «Мейірім» әңгімелері бойынша көріністер қойды. Мұнан соң Марат Құлибаев сөз алып, шығармашылығы туралы әңгімелеп берді. «Әкем Құлибай әдеби көркем кітаптарды өте жақсы көрді. Аудан, облыс орталығына бара қалса жаңа кітап сатып әкелетін. Ол кітаптардың баршасын Нұрғаным анам екеуміз оқимыз. Анамның кітапханашы болуы да менің білімге құлаш ұруыма ықпал етті. Оның үстіне 13 жыл бойы мұғалім болып, балалардың ортасында жүрдім. Жазушылыққа осылай қадам бастым. Мені жақсы кісілер қолдап отырды. Әсіресе, Елен Әлімжан, Рахым Садықбеков, Сейсекүл Исматова, Көсемәлі Сәттібайұлы секілді жанашырларға алғысымды айтамын», – деді ол. Мұнан соң мерейтой иесіне оқушылар сұрақтар қойды. Мерейтой иесі барлық сұрақтарға жауап беріп, талантты оқушылардың алдағы қадамдарына сәттілік тіледі. Мұнан соң Ақпарат саласының үздіктері Баймаханбет Ахмет, Ақылжан Мамыт, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт сөйлеп, кеш иесінің еңбекқорлығына, ізденісіне тоқталды. Ерлі-зайыпты ақындар Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенова, кеш иесінің курстасы Досым Сейітжанов, досы Базарбай Дүйсенбаев өз ойларын ортаға салды. Кешті жас ақын Марал Хантөреқызы әсерлі жүргізгенін айта кеткен жөн. Кешке қаламгердің қызы Ақниет пен ұлы Рамазан да қатысты. «Жазушымен бір күн» жобасы аясында өткен мазмұнды кешті Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова мен дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының директоры Назира Шілтаева қорытындылап, Марат Құлибаевқа құрмет көрсетіп, қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар