
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән- күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» деген екен. Расында, сөз өнерінің қасиеті ерек. Сондықтан да болар, біздің халық өнердің бастауы қызыл тіл деп біледі.
Клубтың ашылуы қалың жұртшылықты кітап оқуға шақырған көлеңкелі көрініспен басталды. Дәлізде кітаптардан жанды музей әзірлеген облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы ұжымының ерекше дайындығы бірден-ақ байқалады. Мұхаммед Хайдар Дулати, Абай Құнанбайұлы, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаевтың бейнесін студент жастар сомдап, әрқайсысының ұрпаққа өнеге еткен өсиетті сөздерін оқыды.
– Бүгін ашылған кітапсүйер оқырмандардың клубы ізденімпаз жандардың ортасы боларына сенемін. Кітап оқитын, әдебиетті, өнерді сүйген адамнан ешқандай жаман қылық шықпайды. Себебі, кітап ізгілікке тәрбиелейді. Алдағы уақытта клуб мүшелерінің қатары көбейіп, көркем әдебиет арқылы елімізді әлемге танытатын шығармашылық жандардың шығатынына сеніммен клуб жұмысына сәттілік, табыс тілеймін, – деді облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Жадыра Құттыбаева.
Бізге әдебиет пен тарих арқылы таныс болған Ұлпан ана, Айша бибі, әйгілі қолбасшы ханшайым Томирис, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова және Лев Толстойдың Анна Каренинасы, ағылшын жазушысы Мэри Шелли бейнелері сахналанды. Газетіміздің қаламгер қызметкерлері де осы клубтың белді мүшелері болғандықтан, әдеби- сазды кеште өз шығармаларын көптің назарына ұсынды. Айтыскер ақын Есет Досалы клубтың ашылуына арнауын домбырамен орындаса, Қамар Қарасаеваның «Қайдасың, тәтті мұң» элегиясы лүп-лүп соққан жүрек тамырларының рентгендік суреті сияқты. Мұны жанды елжіретер жақсы өлең десе де болғандай. Тәтті өлең! Махаббат туралы прозалық толғау да тамаша» деп жазушы Әзілхан Нұршайықов бағасын берген шағын элегиясын мәнерлеп оқыды.
Биылғы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай республикалық байқауда ескерілген Расул Ғамзатовтың «Журавли» өлеңіне қойылған бейнебаян көрсетілді. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері кітап оқу мәдениетін бимен ұсынды. Кезінде көпшіліктің сүйікті өнерпаздары болған «Сәт» триосының әншісі Сапарбай Алтыбай өз туындысын орындап, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Әдемі ән, би, әңгіме, көріністермен өрілген әдеби-сазды кешті кітапханашылар Гүлзада Қырықбаева мен Гүлнұр Құрақбай кітапхана ұранымен қорытындылады. Кештің әсерлі болғаны соншалық, көрермен қауым тарауға асықпады.
Кеш соңында бас қосқан клуб мүшелері алдағы жоспарларды талқылап, қызу пікірталаспен жалғастырды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді