«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мектеп аштырып, мешіт салдырған майдангер

Мектеп аштырып, мешіт салдырған майдангер
Ашық дереккөз
Қазақ тарихында қаралы әріптермен жазылып қалған түрлі кезеңдер аз болмады. Солардың ең сұрапылы, өткен ғасырда миллиондаған адамның өмірін жалмаған – Ұлы Отан соғысы. Елдің еңсе тіктер азаматын майдан даласына аттандырып, ауылда қалған еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін тыл жұмысына тартылған шақ бейбіт күннің балалары үшін ертегідей естілетіні жасырын емес. Бүгінде біз осынау отты жылдары от пен оқтың арасында жүріп, елі үшін майданда қан кешкен азаматтарды құрметпен еске аламыз. Солардың қатарында жеңісті жақындатуға үлес қосып, соғыстан кейін де халық игілігі үшін талай тындырымды тірлік жасаған майдангер Жұмаділда Исақтегі де бар.

Байзақ ауданының Мырзатай ауылында дүниеге келген Жұмаділда Әбделіұлының балалық шағы талай жастардың жүрегіне мұз қатырған қилы кезеңдермен тұспа-тұс келді. Содан болар ол еңбекке ерте араласып, соғыс өрті тұтанған сәтте 16 жаста болғанына қарамастан, қан майданға өз еркімен сұранған жастардың алдыңғы сапынан көрінеді. Табандылығының арқасында келесі жылы-ақ аудандық әскери комитетінен Забайкалье өлкесіндегі Чита қаласына әскерге алынып, алты ай әскери жауынгерлік даярлықтан өтеді. Ал, 1943 жылы Чита қаласынан кеңес әскери бөлімінің №711 атқыштар полкіне қарасты Суворов атындағы №215 атқыштар дивизиясының қатарында майданға атқыш ретінде кіріседі. Міне, осылайша Отанды қорғаудағы қантөгіс майдан Смоленск қаласын қорғаудан басталады. Оқ пен оттың арасында жүріп, командирлердің бұйрығын орындап, қарсы топпен кескілескен шайқас жүргізіп жатқан ұрыстардың бірінде, яғни 1944 жылдың 14 ақпанында, сұрапыл соғыстың ең қиын, жауапты кезеңінде, ол сол жақ білегінен және аяғының сол жағынан жарақат алып, әскери госпитальға келіп түседі. Сол кезеңде талай жауынгерге екінші өмір сыйлаған №277 госпитальда 28 наурызға дейін емделіп, қайта майданға өзінің дивизиясына Витебск қаласының түбінде қосылып, соғысты жалғастырады. Бұл кездері №711 полк жауынгерлері басқыншыларды әлсірете отырып, Витебск қаласынан Богушевск қаласына дейін ығыстырып, осы қаланы, кейін кеңес әскері құрамында ерлік көрсетіп, ірі Вильнюс, Каунас қалаларын және көптеген үлкен-кіші елді мекендерді азат етуге қатысады. Жұмаділда Исақтегі 1945 жылдың мамыр айына дейін Кенигсберг (қазіргі Калининград) қаласы маңындағы шайқастарда болып, содан соң Берлинге таяу Кройцбург қаласына дейін барып, қорғаныс бекеті болған елді мекенді басып алып, басқыншыларды жойғаны және тұтқынға алғаны үшін есімі мен ерлігі ескеріліп, марапатталады. Дәл сол ұрыста ауыр жарақат алған майдангер соғыс аяқталысымен еліне «Қызыл Жұлдыз» орденін иеленген батыр ретінде оралады.

Соғыстан кейінгі жылдары еңбек жолын зоотехник болып бастаған жауынгер он жылдан астам облыстың ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді. Бұл сәтте қиын жылдардың тауқыметі ірілі-ұсақты кәсіпорындар мен шаруашылықтардың тіршілігін тұралатып, ұжымшарлар мен кеңшарлардың малы да қыстан көтерем шығып әрең тұр еді. Аумалы-төкпелі кезеңде шаруашылық тарап кетудің аз-ақ алдында тұрды. Мұның бәрін жете түсінген Жұмаділда Әбделіұлы елең-алаң күйде қалған шаруашылық жұмысшыларының басын қосып, жігерлендіріп, жаңа іске белсендіре білді. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жаңа іске ұйымдастыра білгенінің арқасында шаруашылықтардың бойына қан жүгіреді. Бұдан кейінгі жылдары зейнет жасына дейін түрлі қызмет атқарып, он ұл-қыз тәрбиелеген майдангер 1995 жылы аяулы жары Тойдынның дүние салуына байланысты Тараз қаласының маңындағы Тастақ тұрғын алқабына қоныс аударады.

Осында майдангер ақсақалдар алқасының мүшесі ретінде түрлі әлеуметтік бастамалардың іске асуына себепкер болады. Солардың алғашқысы ретінде ол Мәмбет батыр көшесінде орналасқан Тараз қаласы әкімдігі білім бөліміне қарасты Ө.Жолдасбеков атындағы №50 орта мектебінің ашылуына тікелей үлес қосады.

– Әкеміздің айтуынша, сол кезде қалаға қатынап оқитын 800-ге жуық бала болған. Әсіресе, Жамбыл мектебіне барып оқитын топ оқушыларды, сол уақытта Тастаққа қатынайтын жалғыз ғана №50 автобус тоқтамай (жыл маусымына қарамастан), жолақысын төлемейді деп алмай кетеді екен. Бұл тоқсаныншы жылдары ел-жұрт үшін өте ауыр кезең еді. Ақырында намысқа тырысып, ауыл ақсақалдарымен жиналып, қала және облыс әкімшілігінің табалдырығын тоздырып, ақыры сол ауданда құрылысы бітпей тұрған сүт зауытының үлкен ғимаратының бірін мектепке жөндетіп бергізеді. Қазіргі таңда осы мектепте 2,5 мыңға жуық оқушылар білім алуда, – дейді ардагердің ұлы Зият Жұмаділдаұлы.

Майдангер ұлының айтуынша, соғыс ардагері бұдан өзге аймақта бұрын болмаған медицина және полиция пункттерін, ауылдық мешіт ашуға ауыл ақсақалдарының алқасы арқылы атсалысқан. Сондай-ақ, ол өмірінің соңына дейін тұрғын алқабындағы барлық қоғамдық жұмыстарға, соның ішінде газ тарту, электр подстанцияларын ауыстыру, су құбырлары, жол жөндеу және тағы басқа да мәселелерді шешуге үлес қосып, еңбек сіңірген. Осылайша, халық игілігі үшін ұрыс даласы мен тылда да тынбай еңбек атқарған азаматтың ерен елеулі еңбегі ел есінде сақталған. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында батыр ұлдары Тастақ тұрғын алқабындағы Волков көшесіне майдангердің есімі берілсе дейді.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар