«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тындырылған іс аз емес

Тындырылған  іс аз емес
ашық дереккөз
Тындырылған іс аз емес

Ал атқарылатыны одан да көп

Облыс әкімдігі білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі Тараз қаласы мен аудан әкімдері орынбасарларының, білім бөлімдері мен орта және арнаулы оқу орындары, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелер басшылары мен қызметкерлерінің, сала ардагерлерінің басын қосты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды.

Онда басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбекова салада былтыр атқарылған жұмыстардың қорытындылары, еліміздегі білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында алға қойылған міндеттердің орындалуы барысы туралы есеп берді. Сапалы білім мен саналы тәрбие сала қызметкерлері үшін басты көрсеткіш екені белгілі. Осымен байланысты есепті мерзімде мемлекеттік бағдарламада көзделген 4 индикатор мен 19 көрсеткіш бойынша оң нәтижеге қол жеткізілгені, халықаралық, республикалық деңгейде өткізілген интеллектуалдық, пәндік олимпиадаларда, ғылыми жоба жарыстарында, басқа да байқауларда 202 мұғалім мен 4085 оқушының жеңімпаз деп танылғаны жетістік ретінде атап өтілді. «Мұның бәрі де мектепте білім алуға қолайлы жағдайлар жасалуына, оқыту сапасының жаңашылдықпен жаңғыртылуына да байланысты», – деді басқарма басшысы. Оның айтуынша, былтыр саланы қаржыландыруға 75, 8 миллиард теңге (мұның алдындағы жылмен салыстырғанда 1, 2 есеге артық) бөлінген. Соның нәтижесінде мектептердің жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықталуы едәуір жақсара түскен. Өңірдегі колледждерде дуальдік оқыту табысты жүзеге асырылуда. Апатты және үш ауысымды 6 мектеп пен оқушы орны тапшылығы бар 1 мектептің мәселесі оң шешімін тауып, күрделі жөндеуден өткен білім нысандарының саны артып отыр. 29 білім беру нысанының былтыр 15-і пайдалануға берілді, биыл 14-і іске қосылмақ. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауына сәйкес, Ұлттық қордан қаржыландырылатын нысандар тізбесіне биылғы жылға 1160 орындық 4 балабақшаның құрылысы енгізілген. Мектептерде құрылған оқушылардың ғылыми қоғамдары мен оған қамтылған оқушылар санының артуы, жыл ішінде 4469 педагогтың біліктілік көтеру курстарынан өтуі, директорларға арналған білім менеджерлері клубтарының енгізілуі оқыту сапасы жақсаруына оң серпін беруде. Өңір педагогтарының 11688-і (51,4 пайызы) инновациялық технологияларды өз тәжірибелерінде табысты қолданып та отыр. Бүгінгі таңда облыстағы 3 балабақша, 25 мектеп, 24 колледжде 52 экспериментальдық алаң, сондай-ақ, Назарбаев Зияткерлік мектептері үлгісі негізінде үш базалық мектеп жұмыс істейді. Биыл Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында аумақтық тірек мектептері ашылмақ. Облыстың бас педагогы сабақтан тыс уақытта қосымша біліммен, кешенді бұқаралық спорттық іс-шаралармен көптеп қамтудың нәтижесінде, жасөспірімдер арасында қылмыс саны азайып, облысымыз республика көлемінде он мың жасөспірімге шаққанда қылмыс деңгейі төмен үш облыстың қатарына енгенін жеткізді. Бір атап өтерлік жай, бұрнағы жылы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 2161 баланың 1732-сі (80 пайызы) қамқоршылық пен қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиеге берілген. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша балалар үйлерінің 244 тәрбиеленушісі мен түлектеріне білім беру депозиттері ашылыпты. Бүгінгі күні жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 358 бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп те отыр. Есепті мерзімде мұндай санаттағы жасөспірімдердің 113-іне облыс орталығындағы «Бәйтерек» мөлтек ауданынан, 26-сына Сарысу ауданынан, 13-іне Талас ауданынан тұрғын үй берілген. Облыс көрсеткіші республика бойынша бұл тұрғыда да алдыңғы орындарда. Баяндамада мұғалімдердің әдістемелік біліктіліктері мен оқушылардың білім нәтижелерін арттыру мәселесі де сөз болып, шалғай ауылдарда соңғы жылдары ашылған мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде бірінші және жоғары санатты тәрбиешілердің үлесі аздығы, бірқатар аудандарда жеткіншектерді ғылымға баулу, қосымша білім беру ісі жүйелеуді қажет ететіндігі өткір сын тезіне алынды. Әсіресе, оқушыларды биылғы ҰБТ-ға даярлау сапасы әлі де қанағаттанарлықтай деңгейде емес. Бітірушілерді ақпараттық қамтамасыз ету мен олардың білім сапаларын мониторингтік зерделеу жетімсіздеу. Меркі, Т. Рысқұлов, Мойынқұм, Жамбыл, Қордай аудандарында бітірушілер арасында сынама тестілеулер өткізу ісіне әдістемелік тұрғыда келу күшейтілуі тиіс. Шу, Байзақ, Жуалы, Талас, Сарысу аудандарында байқап көру сынақтарының көрсеткіші талап етілген межеден де төмен. Осы ретте Ерқанат Нұрбапаұлы аталған есепте бірқатар мәселелер қамтылғанын, сын да болғанын, дегенмен, білім мекемелері басшыларының олимпиадаға қатысушыларға ғана емес, оқушылардың барлығына да бірдей айрықша қамқорлық жасап, олардың білім және үлгерім сапасы жақсартылуына күш салуы керектігін атап көрсетті. Бұдан соң «Дарын» мектеп-интернатының мұғалімі Н. Волотько, Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы Қ. Құдабаев, ТарМПИ проректоры Р. Амандосова оқытуды, сондай-ақ, оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындауды тиімді ұйымдастыру жөніндегі тәжірибелерін, ой-ұсыныстарын ортаға салды. Білім жүйесі шешуі де, күрмеуі де қиын, күрделі сала екені белгілі. Тындырылғаны аз емес, алда әлі қыруар іс тұр. Осымен байланысты облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов мәжілісті қорыта келе, сала қызметкерлері алдына бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, қала, аудандар әкімдеріне, басқарма мен оның салалық құрылымдары басшыларына тиісінше жеке секторларды тарта отырып, жеке меншік балабақшалар желісін одан әрі кеңейту, оқушыларды оқулықтармен, әдістемелік оқу құралдарымен жеткілікті қамтамасыз ету, ҰБТ өтетін тестілеу пункттеріне оқушылар тасымалдайтын автобустарды түбегейлі жаңарту, облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірлесе жекешелендірілуге ұсынылған колледждерді оңтайландырумен байланысты жұмысты ширату, мектептерге кезең-кезеңімен бейнекамералар орнатылуының жоспарын жасау, оқушылардың жазғы демалысы басталғанға дейін ауылдардағы спорт алаңшалары жұмысын жолға қою, сондай-ақ, өңірдегі қосымша білім беру мекемелері жұмысын жандандыру мәселелерін үйлестіруді тапсырды.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар