«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Руханиятқа еңбегі сіңген Рахымбай Құлбаев

Руханиятқа еңбегі сіңген Рахымбай Құлбаев
Ашық дереккөз
Әрине, бұл есім қазіргі таңда жамбылдықтарға аса таныс болмауы мүмкін. Меркі ауданында газеттің бас редакторы болғанын да біреу білсе, біреу білмес. Себебі, буын алмасты, көзқарас өзгерді. Әйтпесе, КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне екінің бірін, егіздің сыңарын өткізе бермейтіні белгілі. Бірақ, қаламына адал болған, ел басына күн туғанда қолына қару алып, Отанын қорғаған азамат Рахымбай Құлбаевты құрметтейтіндер, шығармашылығынан рухани нәр алатындар аз емес. Жазушының ащы тағдыры да ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. Оның жетімдік өмірді бастан кешіп, қалай жетілгені де оқырманға ой салар.

Рахымбай Құлбаев 1905 жылы, сары күздің орта кезінде Аспара болысына қарасты, қырғызбен шектес Жамбыл облысы, Меркі ауданы, ХХІІ партсъезд атындағы колхозда, қазіргі Қостоған ауылында дүниеге келген. Қырғыз Алатауынан басталатын «Аспара» өзенінің бойында Майлыбай және Бидас рулары мекен еткен көрінеді. Сол рулар өзара тату тұрып, өзен суын бірге пайдаланған. Екі жерден бөгет салып, екі тоған қазған екен. Міне, сол екі тоған бойы кейіннен «Қостоған» деп аталып кеткен. Осылайша Қостоған ауылының атауы осыдан шыққан деседі. Қазіргі таңда Рахымбай Құлбаевтың атына көше атауы берілген.

Аздап тарихқа көз жүгіртсек, Рахымбайдың әкесі Құлбай момын, бірді-екілі малын бағып күн көрген кедей шаруалы кісі болған. Рахымбай ана сүті ауызынан арылмаған кезде шешеден, 12 жасқа толғанда әкеден айырылады. Інісі Райымбай екеуі туған-туыстарының қолында қалады. Қатыгез ағайындары екі жетімнің біріне көрші Чалдовар ауылындағы бай орыстардың сиырын, екіншісіне қозы-лағын бақтырады. Сөйтіп бұғанасы қатпаған екі жас өмір ауыртпалықтарын бастарынан өткізулеріне тура келеді.

Еті тірі Рахымбай жастайынан өлең-жырға құмар болып, ән салып, домбыра тартуды сүйген. Әкесінен қалған ескі домбыраны тартып үйренген. Күні бойы сиыр соңында ән салып, өлең шығарудан жалықпаған. Ауылдарда болып тұратын той, әртүрлі ойын-сауықтарға қатысып, өз өнерін көрсетіп жүрген. Келе-келе оны ел іші «өлеңші жігіт» деп атап кеткен. Көп айтса көріп-біліп айтады дегендей, елдің осы пікірін «Правда» газеті 1936 жылы ақынның «Асқан дана» атты өлеңін жариялап, оның авторын жалпы жұртқа «Народный акын, импровизатор Казахстана» деп таныстыруы растай түсті.

Рахымбай екі-үш жыл бай орыстарға жалданып жүріп, оның балаларынан хат танып, орыс кітаптарын өз бетінше оқи алатын дәрежеге жетеді. 1924 жылы Сейдуақас деген жамағайынның көмегімен Әулие-Ата (қазіргі Тараз) қаласына барып оқиды. Бірер жылдан кейін елге оралып, әртүрлі қызметте болып, байларды кәмпескелеу жұмыстарына араласады. Бірте-бірте ауылдағы социализм жеңістерін көзімен көріп, саяси сауаты ашыла түседі.

1930 жылы ол Коммунистік партия қатарына қабылданады. Сол жылы Алматы қаласында 3-4 айлық курс оқып, келе сала аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Ал, 1932-1933 жылдары Орал облысы, Жаңақала ауданында, 1934-1935 жылдары Түркістан облысы, Созақ ауданында партия, кеңес қызметінде болады. Ақын есімі 1927 жылы «Лениншіл жас» газетіндегі «Қалың мал», 1928 жылы «Тілші» газетіндегі «Егін екі» өлеңдерінің арқасында көпшілікке кең танылды. Рахымбайдың ақындық, жазушылық жолы республикалық газет-журналдарда 1935-36 жылдары көріне бастайды. Сол тұста «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мария Демченко», «Социалды Қазақстан» журналында «Сталин жазы» өлеңдері басылып шығады, сонымен қатар ақын әңгіме, очерк, дастандар жазды. Ақын жыры сол жылдары шартарапқа тез тарады.

1937 жылы 14 қазанда Қазақстан Жазушылар одағында жас таланттарды мүшелікке қабылдау мәжілісі өтті. Рахымбай Қазақстан совет жазушылары ұйымының Қарағандыдағы тұрақты өкілі қызметіне жіберілді. Ол 1940 жылдың күзінен 1941 жылдың көктеміне дейін Жамбыл облысындағы Меркі аудандық «Сталин жолы» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Рахымбай өмірі мен шығармашылығы кемелденіп, кең қанат жайып келе жатқан шақта неміс фашистері опасыздықпен соғыс өртін тұтатты. Ашу-ыза қысқан Рахымбай да:

Қалам – найза, өлең – оқ,

Бұл да күшті құралым.

Құралымды қолға алып,

Мен майданға шығамын, – деп, қолына қару алып, майданға аттанады.

Рахымбай майданда саяси жетекші болады. Жауынгерлер арасында саяси жұмыс атқара жүріп, майдан газеттерінде өлеңдерін жариялап тұратын. Отбасы жауынгер ақынның соңғы хатын 1943 жылы тамыз айында алады. Өлеңімен жазылған осы хатта ақын:

Біз жеңеміз, оған сөз жоқ,

Бірақ тірі көру арман.

Нәтижесін жеңістің,

Қан төгіспен жеңіп алған, – деп, кеңес халқының сөзсіз жеңетініне шек келтірмеген, бірақ әлденені сезгендей өзіміз жеңісті көре алмаймыз дегенді айтқан. Ел-жұртымен:

Қош болыңдар, ескер мені,

Отан үшін өлді де, – деп қоштасқан. Өз есімін ұмытпауды халқынан, кейінгі ұрпақтан өтінген. Жауынгер ақынның, Ұлы Отан соғысы құрбанының осы өсиет-өтініші күні бүгінге дейін ескерілмеді, не ақынның шығармалары жеке кітап болып басылмады, не оны ешкім зерттемеді. Оның тек «1916 жыл» атты жинақта «Қанды күн» деген бір ғана шығармасы басылған. Ал, қалған еңбектері газеттер бетінде жинақталмай қалған.

Осы орайда жуырда аудандық музейде «Ақын, журналист, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Рахымбай Құлбаевтың туғанына 120 жыл» тақырыбында танымдық сағат ұйымдастырылып, Меркі жерінің тумасы, қаламгердің музей қорында сақталған құжаттарынан фото-көрме жасалды. Аталған іс-шарада №17 Иван Трубицин атындағы мектептің 8-сынып оқушыларына ақынның өмірі мен ерлігі туралы тағылымды ақпараттар берілді.

 

Шырын МАМАСЕРІКОВА,

ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы,

Назира ДҮЙСЕМБАЕВА,

аудандық тарихи-өлкетану музей қорын есепке алу архивисі.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар