
– Сіз комсомол, партия, кеңес жұмыстарына араластыңыз. Сол кезде қандай белсенді адамдар болды, сізге кім рухани қолдау білдірді?
– Әкем үлкен лауазымда еңбек еткеніне қарамастан, өз отбасына, ұл-қыздарының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт тапты. Он бауырдың ішінде екіншісімін. Бірнеше бауырға әпкемін. Сондықтан, лауазымды жұмыстан гөрі, сол іні-сіңлілеріме қамқор болу жағы мені көбірек ойландырды. Осылайша, мал дәрігері мамандығы бойынша жоғары оқу орнына түстім. Студент кезімнен қоғамдық жұмыстарға, жастардың түрлі іс-шараларына белсенді қатыстым. Институтта оқып жүріп, өмірлік жарым Болатты кездестірдім.
Ал, үлкен кісінің қызы болу маған оңай соқпады. Бір жағынан асқар тауым мақтанышым, бір жағынан үлкен жауапкершілік. Ол кісінің қызы деген құрметке лайықты болып жүрудің өзі маған зор жауапкершілік жүктейтін. Анам «Батыр ана» болды. Сондықтан, жұрттың бәрі бізге сын көзбен қарады. Жоғары білімді маман атанып, диплом алдық. Жолдасым әскерге кетті де, мен үлкен ұлым Дарханмен бірге үйде отырдым. Сонда мені ең алдымен облыстық партия комитетінің сол кездегі хатшысы Ғайникен Бибатырова көріп, байқады. Сол кісінің көзіне түстім. Мен туралы әкем Айтбай Назарбековтен де сұрап біліпті. Әкем: «Екінші қызым. Жоғары оқу орнын бітірді. Институтта комсомол ісіне, қоғамдық жұмысқа өте белсенді болды. Қай кезде де тапсырған жұмысқа жауапты» деп мақтауымды келтірген екен, әлгі әпкеміз ойланып қалыпты. Арада он күн өткенде Ғайникен Бибатырова мені жұмысқа шақырды. 1973 жылы желтоқсан айында облыстық комсомол комитетіне лектор қызметіне қабылдандым. Көп ұзамай нұсқаушы болдым. Сол уақытта облыстық комсомол комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Гүлжамал Нұрлыкина деген кісі еді. Екеуміз құрдас болдық, бірге белсене жұмыс істедік. Облыстық комсомол комитетінде 6 жыл еңбек еттім. Ол уақытта жастарды комсомол тәрбиелейді. Содан кейін іскерлігіне, ұйымдастыру қабілетіне байланысты жан-жаққа жібереді. Гүлжамал Қамиқызы облыстық партия комитетінде жалпы бөлімге қызметке ауысты да, мен Тараз қалалық партия комитетінің жалпы бөліміне нұсқаушы қызметіне жіберілдім. Қалалық партия комитетінің хатшысы Ваников деген кісінің қарамағында жаңа қызметке кірістім. Ол жерде де құжат жұмыстарына көңіл аудардық. Бірақ, жұмысқа жауапты маман ретінде өз жұмысымды абыройлы атқардым деп ойлаймын. Сөйтіп жүргенімде екі жылдан кейін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қартабаев деген кісі менің жұмысымды жоғары бағалап, өзінің бөліміне нұсқаушы қызметіне шақырды. Тараз қаласында сол уақытта Орталық және Зауыт деп аталатын екі аудан болды. Қалбибі Махажанова Орталық аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары еді. Сол кісі мені Орталық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Лидия Ахметоваға қызметке алуды ұсынады. Сөйтіп, Орталық аудандық атқару комитетіне хатшы қызметіне шақырылдым. Осы қызметті үш жыл абыройлы атқарып, аудандық кеңеске депутат болдым. Комсомол, партия, кеңес жұмыстарында осылайша тәжірибе жинадым. 1989 жылы Қалбибі Махажанова облыстық партия комитетіне жоғары қызметке ауысты да, мен босаған лауазымға лайық саналып, Орталық аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болдым. Міне, осындай әпкелеріммен бірге еңбек еттім. Алдыңғы толқын әпкелерден жұмыстың барысын үйрендім. Осы кісілер мені қолдады. Олардың сенімдерін ақтап, ұйымдастырушылық қабілетімді көрсете білдім деп ойлаймын.
– Әкеңіз өмірде қандай кісі еді? Анаңыздың өнегесі туралы да айтып берсеңіз...
– Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі елімізде кеңінен аталып өтетіні белгілі. Әкем Айтбайдың көп кісілер басшы болған жылдарын ғана біледі. Ол кісі жас кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан. Майданнан оралған соң әкем партия, кеңес жұмыстарында жүрген. 1960 жылдан бастап ұзақ жыл аудан басқарды. Қысқартып айтқанда, халық үшін, алыстағы кеңшарлардың қалыптасуы үшін уақытын, күш-жігерін аямай еңбек етті. Жанын салып еңбек етіп, елге елеулі, халыққа қалаулы болды. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевпен өте жақсы қарым-қатынаста болды. Бұл жерде жеке басының мүддесі емес, шалғай жатқан Мойынқұм ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеру үшін еңбек етті. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі болды. Ол кісімен мақтанамын. Қыздарының ішінде сол кісіге еліктеген, ізін жалғаған қызы мен болдым. Әкем аса көп сөйлемейтін. Жұмысбасты болды. Таңғы сағат 8-де жұмысқа кетеді, түнделетіп жұмыстан қайтады. Сарыарқаға, Алматыға іссапарларға кетеді. Кейде кешке әрең көреміз, кейде әкемізді 3-4 күн көрмей кетеміз. Ол кісі анамызды өте сыйлап, құрметтейтін. Ұл-қыздарына да: «Аналарыңды сыйлаңдар. Аналарыңа жандарың ашысын. Аналарыңа көмектесіңдер» деп отыратын. Себебі, үйге келімді-кетімді қонақ көп. Дегенмен, 8 қызы жабылып кірісіп кететін едік. Қонақ күткен кезде анамызды шаршатпауға тырыстық. Алматыға үлкен жиынға, съезге барса да анамызды ертіп жүретін. Қасынан тастамайтын. Оның бәрі бізге үлгі. Ол кісінің түсі суық болғанымен, жүрегі нәзік. Қыздары көп болған соң, әрқайсымызға мейіріммен, қамқорлықпен қарады. Ұлдарынан да солай жылылығын аямады. Түннің бір уағында жұмыстан оралса да, ұл-қыздарын бір қадағалап, бақылап шығатын. «Көкебас» деп әр баласын еркелете білетін. Анамыз Айтбике бізді өте қатал ұстады. Ол кісі бізге тәрбиеге қатысты түрлі мақал айтып, тәрбиеледі. «Қызға қырық үйден тыйым», әкелеріңнің абыройына кір келтірмеңдер», – дейтін.
Әкем ауданның бірінші хатшысы болған соң, біздің шаңыраққа елімізге белгілі ақын-жазушылар, қайраткерлер жиі келетін. Дінмұхамед Қонаев ақсақалдың да біздің шаңырақта болған сәті көңілімізде үлкен естелік болып қалды. Қонаев ақсақал Мойынқұм деген аудан барын, екі мәрте Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың даңқын естіп, арнайы келмекші болады. 1975 жылы Қонаев Мойынқұмға келгенде он баланың анасы Айтбике келінін өз көзімен көргісі келіп, біздің шаңыраққа келуге уақыт табады. Анам самаурынға шай қойған. Қазақтың құрт, ірімшік, майын дастарқанға қойғызған. Үлкен кісі дәмнен сүйсініп ауыз тиіп, батыр ананың ықыласына көңілі толған. Әлден уақытта: «Айтеке, сіздің шаңырақта балалар бар деп естіп едім, шақырыңдар» деп шақыртып алған. Сөйтіп бәріміз үйіміздің алдында естелікке суретке түскен сәтіміз бар. Анамды: «Бөлтірік бабасының келіні ғой» деп батасын беріп кеткен. Анам шынымен ибалы, өнегелі, тәрбиелі болды. Бірінші хатшының жарымын деп кеуде соққан емес. Жылқышы, сиыршы, малшы, тракторшы да үйімізден келіп дәм татып, алғыстарын жаудырып жататын. Бәлкім, әкемнің ұзақ жылғы абыройына осындай баталар да оң әсер еткен болар.
Сонымен қатар, ақын Шона Смаханұлының келуі де ерекше болды. Ол кісі 1984 жылы анама арнап «Жеңешеме» деген өлең жазып кетті. «Ағайынға аймақ болған жеңешем, Абысынға қаймақ болған жеңешем, Жасық болмай жайнап жүрші әрқашан, қайнысына қайрат болған жеңешем» деген бір шумағы есімде қалыпты.
– Тараз қаласындағы Қарттар үйіне, қазіргіше әлеуметтік қызметтер көрсету мекемесіне ұзақ жыл директор болдыңыз. Көңілге не түйдіңіз? Талай көзі ашық, білімді қарттар да сіз басқарған орталықтан қызмет алды. Олармен қалай жұмыс істедіңіз?
– Мен болайын деп болмадым. Кеңес өкіметі тараған соң, облыстық әкімшіліктің ұйымдастыру бөлімінде екі жыл қызмет істеп, өз еркіммен қызметтен кеттім. Жеке жұмыстарға қадам жасап, кәсіпкерлікті дамытқым келді. Қазақтың дәстүр-салтын, ұлттық болмысын, ұлттық тағам түрлерін дәріптегім келді. Себебі, тәуелсіздігімізді алып, сондай еркін заман келді. Құрбыларыммен бірге «Әлия» деген кәсіпорын аштық. Ұлттық қалпақ, камзол тіктік. Сосын шағын дәмхана аштық. Үш жыл істедім. Жұмысым жақсы жүргенмен, істі тоқтатуға тура келді. Себебі, жолдасым қызметте, балаларға қарау керек. Бірақ, қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқпын. Сөйтіп жүргенде 1995 жылдың аяғында Амалбек Тшанов облыс әкімі болып келді. Арада бірнеше ай өткен кезде бір жиында: «Айтбай Назарбековтің ұл-қыздары қайда? Тараз қаласында тұратын перзенті бар ма?» деп сұрап қалады. Сөйтіп, 1997 жылдың күзінде мені өзіне шақыртты. Амандықтан соң: «Сіз ел құрметтеген үлкен кісінің қызы екенсіз. Сізді №2 Қарттар үйіне директор етіп қызметке жіберсем қалай қарайсыз?», – деді. Мен: «Сіз сенім артсаңыз, барсам барайын», – дедім. Осылайша, бір айдан соң аталған қарттар үйіне директор болып бардым. 150 қарт, оның ішінде 50 мүгедек кісі бар екен. Ол кезде көгілдір отын жоқ, жалақы, зейнетақы кешігіп жатқан қиын жылдар еді. Соған қарамастан қарттардың еңсесін түсірмейін деп, белді бекем байлап, жұмысқа кірісіп кеттім. Біздің қарттар үйінің ғимараты 1972 жылы салынған ескі екен. Ол жағына да көңіл бөлдік. Мен көп уақытымды жұмысқа бөлдім. Жылап алған да күндерім болды. Өйткені, ол жерде жатқан қарттардың көбісі қамкөңіл жандар. Ресейге, Германияға отбасылары көшіп кеткендер бар. Бәрін реттеуге күш салдым. Мекеме жұмысын жолға қоюға бар күш-жігеріммен кірістім. 3-4 жылда облыстағы мекемелер арасында бірінші орынға шықтық.
– Облыстық мәслихат депутаты ретінде халықтың мәселесін қалай шештіңіз?
– Депутат болуға жанталасып ұмтылмадым. Осы өзім басқарған мекеменің мәселелерін шешу үшін халық қалаулысы болуға бекіндім. Тараз қаласынан сайлауға түсіңіз деген ұсыныс болды. Бірақ, мен Сарысу ауданынан түскенді жөн санадым. Әкемнің аяқ басқан жерін басып, жүрген жерінде жүргім келді. Ол елдегі тұрғындарға да қол ұшын берсем деген ниетім болды. Сарысудан 1957 жылы көшіп кеткен едік. Арасында барып тұрамыз. Сарысудан түсіп, туған жерімді таныдым. Әкем бір ұл, бір қызым Сарысу ауданында қызмет етсе деп армандаушы еді. Сол ауданнан сайланып, Кіші Қамқалы, Шығанақ, Жайлаукөл ауылдарына, іргелес жатқан Ұланбел ауылына қол созып, қолымнан келгенше көмектестім. Әлеуметтік көмек келгенде де сол ауылдарға көбірек бөлдіруге күш салдым. Содан Мойынқұм, Талас, Сарысудан түрлі жағдайға тап болған ата-әжелер менің мекемеме келе бастады. Соларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, бақтым-қақтым, батасын алдым. Қаратау қаласында қарттар үйінің филиалын ашқым келді. Депутат ретінде облыс әкіміне ұсыныс жасадым. Қазір сол Қаратау қаласында №3 Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы қарттар мен мүгедек жандарға қызмет етіп жатыр. Т.Рысқұлов ауданында жер сілкінісі болған кезде сол кездегі депутат Еркінбек Солтыбаев, Қаржаубай Бекболатов, Сәуле Мұсаевамен бірге барып, әлеуметтік көмек көрсеттік. Сол жылы Роза Бүлдекбаева деген кәсіпкер кісі әлеуметтік салаға біраз қолдау көрсеткен. Мен сол қолдаудан артылған гуманитарлық көмекті жер сілкінісі орын алған құландықтарға қарай бұрдым.
– Отбасыңыз жайлы қысқаша айтсаңыз.
– Жолдасым өте жайдары, жанымды түсінетін азамат болды. 54 жыл отандастық. Оралдың жігіті еді. Менің әкем мен шешем де күйеу баласы Болатты қатты сыйлады. Оралға жыл сайын барып, құдалармен жақсы қарым-қатынаста болды. Былтыр 79 жасқа қараған шағында науқастанып өмірден өтті. Ол кісінің жақсылығын ешқашан ұмыта алмаймын. Жақсы отбасы болдық. Үнемі маған қолдау берді. Үш ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйдік. Бәрі де жұмыстарына жауапты. Осы жасыма дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Әулиеата өңірінде көптеген игілікті істер бар. Елдің іші болған соң мәселелер де бар. Сол өзекті мәселелер шешімін тауып келе жатыр деп ойлаймын. Әлі де елмен біргемін. Әулиеата халқының жақсы аты шыға берсе екен тілегім бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
«Сайлаудың ашықтығы мен әділетті өтуі маңызды»
- 15 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді