«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылда жаңа спорт кешені ашылды

Ауылда жаңа спорт кешені ашылды
Ашық дереккөз
Жамбыл ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, ауданда164 спорттық нысан жұмыс істейді. Оның ішінде 1 стадион, 7 спорт кешені, 20 үлкен футбол алаңы, 64 кіші футбол алаңы, 16 баскетбол, 20 волейбол алаңдары болса, 12 стритворкаут, 4 әмбебап алаңшасы, 1 ипподром және теннис корты бар. Оларда он мыңға жуық жасөспірім спорттың ондаған түрімен шұғылдануда. Енді, міне, Бесағаш ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жобалық құны 446 миллион 774 мың теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып отыр.

– Бүгінгі күні аудан халқының бұқаралық спортты дамытуға қосып отырған үлесі жоғары. Әрбір елді мекенде жасөспірімдерге арналған спорт секциялары жұмыс істейді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан, ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ, болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», дей отырып Президент осы салаға жергілікті билік өкілдерінің де назарын аударған еді. Қазір ауданымызда 200 орындық спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін ауданда бірнеше спорт алаңы ел игілігіне берілді. Биыл Көлқайнар ауылдық округіне қарасты Тастөбе ауылында дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенін салу жоспарлануда. Оны да ашатын күн алыс емес, – дейді аудан басшысы.

Бесағаш ауылындағы спорт кешенінің ашылу салтанатына облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, әкімдік өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.

– Ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасынан өзге де жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы мен «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан нысандар бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында медицина саласының дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Шынын айту керек, соңғы жылдары медицина саласында жеткен жетістік те, табыс та мол. Барлық дерлік облыстағы медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар жаңартылды. Ауруханалар мен емханалар қатары да көбейе түскен. Ал, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталмаған бірде-бір медициналық нысан жоқтың қасы. Бүгін Бесағаш ауылында Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып отырған, бұқаралық спортты дамыту мақсатында салынған жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысып, елдің қуанышына ортақтасқан жайымыз бар, – дейді Абдалы Нұралиев.

Сондай-ақ, Абдалы Тоқбергенұлы спорт кешенінің жұмысымен танысып, жастармен кездесіп, осындай спорт кешендерінен әлемге танылған спортшылар шығатынына тілектестік білдірді.

Жалпы, өткен жылы аудандағы Жаңаөткел, Қызылшарық ауылына шағын футбол алаңшасы орнатылды. Шоқай, Гродеково, Жамбыл, Еңбек, Қостөбе, Жалпақтөбе ауылындағы шағын футбол алаңшасына жасанды төсем төселді. Аса, Ш.Ниязбеков, Қапал, Қызылдихан ауылдарына балалар ойын алаңшасы орнатылды. 2025 жылға Тастөбе ауылына спорт кешені құрылысын жүргізу үшін тиісті жобалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Алдағы жылдары Ерназар, Тоғызтарау, Бірлесу-Еңбек, Ащыбұлақ, Шайдана, Ш.Ниязбеков, Шоқай ауылдарында ангарлық үлгідегі спорт кешендерін орнату спорт басқармасымен бірге жоспарға енгізілуде.

 

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар