«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туған жерге ту тігіп, тұғырын биіктеткен

Туған жерге ту тігіп, тұғырын биіктеткен
Ашық дереккөз
Кезінде ол кісіні «Аққозиев» деген тегімен таныдық. Ол кісі туралы еститіндеріміз «Аққозиев айтты», «Аққозиев тапсырды», «Аққозиевтің тапсырмасымен» деп өрілетін. Кейде біреулер «Аққозиевке барам!», «Аққозиевке айтам!» деп доқ көрсетіп те жататын. Соған қарап-ақ көп мәселенің түйіні осы кісі арқылы шешілетінін пайымдауға болатын. Ол кісі Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы еді. Есімінің Сейілхан екенін беріде білдік. Салтанатты жиындарда немесе облыстың партия, шаруашылық белсенділерінің басқосуларында «Сейілхан Аққозиевич» деп тұздықтап жататын ол кісіге қаратып айтқан сөздерін орысы да, қазағы да. Бұл – заманның ресми қалыптасқан сөйлеу дәстүрі. Құрмет көрсету.

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ СЕЙІЛХАН АҚҚОЗИЕВ ТУРАЛЫ СЫР

 

Анау айтқан еңселі болмаса да, иықты, ақсары Сейілхан Аққозиев бір қарағанда сұстылау көрінетін. Сөздері нақпа-нақ. Бірақ, көп сөйлемейтін. Аз айтса да, сөздің түйінін айтатын. Бұл – жиналыстарда айтатындарынан ойға түйгендеріміз. Алдында болған емеспіз. Алдында болғандар ол кісінің ақжарқын, кеңпейіл, талапшыл, бірсөзді, табанды екенін айтып жататын. Қолынан келгенінше кісіден көмегін аямайды екен.

Жамбыл ауданының төменгі жақтағы шаруашылықтарының бірі – Крупская атындағы ұжымшардың басшысы болған Мұса Сыздықовтың «Аққозиевтің өзінен барып екі құлақ су сұрап алып шықтым» дегенін естігенбіз.

«Ау, облатком төрағасы Аққозиевтен барып су сұрап алатындай соншалықты қандай қажеттілік бұл? Облыстық су шаруашылығы басқармасында-ақ шешуге болатын мәселе емес пе бұл?», – деп таңданарсыз. Таңданатын түгі де жоқ, сондай қажеттілік болған заманында. Қазір де бар. Кеңестік кезеңде Жамбыл облысында аса бағалы техникалық дақыл қант қызылшасы мыңдаған гектер алқаптарға өсірілетін. Қызылша дәні жерге түскеннен қашан піскенге дейін сусыз «өмір сүре алмайды». Әсіресе, жазғы шілдедегі ылғалдандыру кезінде 7 күннен аса суарылмаған қызылшалықтан жеміс күтпей-ақ қойыңыз. Облыс шаруашылықтарына су негізінен Шу және Талас өзендері арқылы келеді. Екі өзеннің де басы Қырғызстанда жатыр. Қырғыз ағайындар суды өздері қалағанынша пайдаланып, бізге қалғанын жібереді. Халықаралық конвенция бойынша тау мұздықтарынан еріген судың бізге тиесілі мөлшерін беруі керек болса да, тірліктері – осы. Оларды заңмен қорқытқаннан пайда жоқ. Дұрысы – тіл табысқан жөн. Жамбылда сол тіл табысудың асқан шебері, мәмілегері – облатком төрағасы Сейілхан Аққозиев. Аталған өзендерде су деңгейі сәл төмендесе болғаны Аққозиевтің Фрунзеге (қазіргі Бішкек) шауып бара жатқаны. Су сұрау үшін. Тіпті, Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Үсіпәлиевтің тікелей өзіне. Сонда Сейілхан ағамыз көршілердің алдында бетегеден биік, жусаннан аласа. Не үшін? Су үшін! Ал, су қасқалдақтың қанынан қат.

...Қазақстанға ашаршылық келді. Жоқ, алдымен Голощекин келген. Қазақтар «қушеке» деп атап кеткен сол әсіретөңкерісшіл, қызылшыл әумесер ашаршылықты қолдан жасаған. Сол жылдарда Сейілхан 2-3 жастар шамасындағы бала. Өздері де өлместің қамын қарастырған, одан да маңыздысы отбасындағы бала-шағаны аман алып қалуды ойлаған Аққозы мен Ажар да ашаршылықтан, ажалдан қашып атамекеннен көшуге мәжбүр болды. Көпшілігі көштің бетін Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанға түзесе, бұлардың бағыттары – Түркіменстан. «Тұрымтай – тұсымен, балапан – басымен» деген осы да.

Әкеден қалған байлықтың сарқыншағын азық-түлікке айналдырып дорбаға салып алған. Балаларының киімі, өздерінің шоқпыты, жүрек жалғар ас-ауқаты тиелген ырдуан арбаға жаяу жүрістен титықтап шаршаған кішкентайларын кезек-кезек отырғызып, аяқтарын суытып алады. Ерлі-зайыпты екеу арбаны есекпен бірге қосыла тартып келеді десе де болғандай. Бірде екеулеп арбаны итереді артынан, бірде оқтыққа жегіледі есектің қатарына.

Жолда өздері сияқты ұбап-шұбаған босқындар. Кейбіреулердің әлі келгендерге қарақшылық шабуыл жасап, сорлылардың соңғы талшықтарын тартып алғанын да көрді. Арашалай алған жоқ. Арандап қалуы мүмкін. Бірақ, сол қарақшылар бұларға тиіскен жоқ. Аққозы қарулы, Ажарда да анау-мынауыңызға алдыра қоймас күш-қуат бар.

Аққозы сол кездегі ортақ Отан – КСРО-ның соңғы нүктесі Кушкаға жеткенде көш тізгінін тартқан. Әрі қарай – жат ел. Онда өтіп кеткенде жарылқай қоятын кім бар? Одан гөрі осында тоқтағандары абзал. Әйтеуір, өлместің күнін көрер...

Аққозы 1937 жылы елге қайтты. Қазақстанда ел тойына бастағанынан хабардар. Балалардың болашағын ойлады. Олар атамекендері бар екенін, қазақ екенін біліп өсуі керек. Оларды елден, жерден айырса, Аққозының кім болғаны?!

Қайтар жол оңайға соққан жоқ. Бірақ, бір құдіретті күш туған жерге қарай қанат байлап ұшырғандай.

Аққозы Шу даласында «Өндіріс» кооперативіне жұмысқа кірген. Негізгі жұмысы – Шу өзенінен Мойынқұм даласына екі канал қазу. Кетпен, күрек, қайла – жұмыс құралдары. Қоларбамен топырақ тасиды жиекке. Ертелі-кеш бел жазбай жұмыс істеп жатқан ересектерге ауылдан тамақ, сусын тасымалдаушылардың арасында Сейілхан да бар. Ол сол кезде сегіз-тоғыз жасқа келіп қалған бала. Олар үлкендерге қолғанат болғандарына мәз. Шаршау дегенді білмейді.

«Жұт – жеті ағайынды» деген ғой бұрынғылар, осылай ел ертеңгі күн үшін тыраштанып тірлік етіп жатқанда батыстан суық хабар жеткен. Соғыс! Фашист деген қаскүнем бейбіт өмір сүріп жатқан елге еш ескертпестен соғыс ашып, тұтқиылдан шабуыл жасапты. Отанды жаудан қорғау керек! Айтпақшы, Аққозы бұл кезде Шу қаласына қоныс аударып, «Қосқұдық» орман шаруашылығында жүкші болып жұмыс істеп жатқан. Осында жүріп еңбек армиясына алынып, екі үлкен ұлы әскерге шақырылып, майданның алғы шебіне аттандырылған.

Сол соғыс Сейілханды және өзі секілді қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген балаларды ерте есейтті. Сейілхан үйдің баскөтерері, отбасының асыраушысына айналды. Оқуы тағы бар. Ол оқудан қол үзген жоқ. Оқи жүріп Алматы отын дайындау кәсіпорнында жұмыс істеді бір мезгіл. Отбасын асырау керек қой. «Бір мезгіл» дегеніміз бер жағы, ол кейде шаршап шамасы келмей қалғанша жұмыс істеген. Вагонға сексеуіл арту қайдан оңай болсын, кейде тұруға шамасы келмей қалған кездер де болды. Иықтан иық қалған жоқ, қолдары жырым-жырым. Сонда да оқуын тастаған жоқ. Арасында сабағын жіберіп алғанымен, оқуын жалғастыра берді. Сейілханның сол кездегі білімге, оқуға құштарлығы ерен. Қанша шаршаса да, мектепке барарда көздері жайнап шыға келетін. Алғыр, қабілеті жоғары. Сабақ үлгерімі де қатарларынан көш ілгері. Мұғалімнің айтқандарын, кітаптан оқығанын қағып алады. Оған да қанағаттанбай, өздігінен оқып-ізденеді. Білімге ашқарақ. Басында «Білсем!» деген ғана ой болатын.

«Жеңіс! Соғыс аяқталды. Жауды жеңдік!» деген сөздер ғана дәтке қуат. Әйтпесе, бұл атаңа нәлет соғыстың елге алып келген қасіреті қаншама! Сол соғыста майданға азаматы аттанбаған үй жоқ. Солардың көбісі қан майданнан оралмай, талай келіншек шымылдығы желбіреген күйі жесір қалды. Кейбіреулердің жанына балаған жалғыздарын жалмады бұл соғыс. Тым болмаса, арттарында қалған тұяқ та жоқ.

Азаматынан «қара қағаз» алып, қайғы жамылып қалғандар да көп. Ал, Сейілханның ағасы Тілеуқабылдан «қара қағаз» да жоқ. Із-түзсіз, хабар-ошарсыз жоғалғандар санатында. Одан гөрі «Отан үшін ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар алып жеткен бір жапырақ қағаз келгенде ғой. Қандай ауыр!

Бір шүкіршілігі, Аққозы еңбек армиясынан, Сүндетулла майданнан аман-есен оралды. «Аман-есен» деген аты ғана, жасы ұлғайған Аққозы ауыр жұмыстан әбден қажыған, Сүндетулла – мүгедек.

Сейілхан мектептен кейін оқуын әрі қарай жалғастыра алмады. Өзінен үлкен ағасы Қаленнің жолы болып, Заң институтына түсіп кеткен. Отбасының екі студентті бірдей оқытуға шамасы қайдан келсін, оның үстіне отбасын да асырау керек, Сейілханның оқуды қоя тұруына тура келген. Шу-Мойынты теміржол тармағы құрылысында жұмыс істеді. Қазақстанда адамдарды нәубетке ұшыратқан ашаршылық пен азаматтарды қырғынға душар еткен соғыстың қасында бұл дегеніңіз нағыз өмір ғой, тәйірі. Амандық болса, бір оқыр.

Осылай үзілмеген үміт жалғасын тауып, Сейілхан Аққозиев 1953 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтынан инженер-механик мамандығын алып шыққан. Елге барып, еңбегін туған жерге арнамақ ойы болған, оның сәті түспеді. Оның оқу бітіруі Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерудің басталуына тура келіп, ол институт жолдамасымен Қарағанды облысына жіберілген. Жас маман Нұра ауданындағы Киев МТС-іне (МТС – аудан шаруашылықтарының барлық дерлік техникалары шоғырландырылған машина-трактор станциясы) бас инженерлікке тағайындалды.

Жастық жігермен, бойды кернеген күш-қайратпен жұмысқа кіріскен жас маман ең алдымен жұмысшылармен тіл табыса тірлік етті. Одақтың түкпір-түкпірінен комсомолдық жолдамамен келгендерді жұмыспен қамтамасыз ету өз алдына, оларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай да жасау керек. Тұрмыс көңілді болса, еңбек – өнімді. Бұл мәселе бас инженердің басты назарында. Сейілхан білікті мамандардан үйрене жүріп көп нәрсені игерді. Білмегенін сұрауға намыстанған жоқ. Оған өмірдегі тәжірибесі мен институтта алған білімін қосқанда, оның алдында алынбайтын қамал қалмады. Ол үлкендердің ақыл-кеңесіне көп жүгінетін. Өмірді көргендерден көңілге түйгендері тек пайдасын ғана тигізді. Әке тәрбиесі солай.

Білімімен, білгірлігімен, еңбексүйгіштігімен, іскерлігімен, табандылығымен, ұтқыр ұйымдастырушылығымен, көпшілдігімен, тіл табысқыштығымен, жан-жақтылығымен, ең бастысы адамгершілігімен көзге түскен жас маман жоғары басшылық тарапынан ескерілмей қалған жоқ. Көп ұзамай Сейілхан Аққозиевке Қарқаралы ауданы «Бидайық» МТС-інің директорлығы сеніп тапсырылған. Жоғары лауазымды қызмет, жайлы орынтақ емес, жүзеге асырылуға, атқарылуға тиіс қыруар жұмыс. Мұнда Сейілханды шешілуі кезек күттірмейтін маңызды мәселелер күтіп тұрған. Жұмысты жүргізуге ең қажетті жанар-жағармай, себілетін астық тұқымы 300-400 шақырымнан тасымалданатын. Жол деген жоқтың қасы, көлік жердің ыңғайына қарай қозғалады. Жер ойлы-қырлы, жауынды-шашынды күндері нағыз азап!

Осының бәріне төзу керек, жағдайдан шығуға жол табу керек. Шыдады, төзді, жол да тапты.

Бұл шаруа жайы ғой. Ал, сол шаруаны тындыратын адамдарға жағдай жасамасаң, жұмыстың жемісті, нәтижелі болуынан дәметпей-ақ қой. Ол бастан өткен, тәжірибесі бар. Директор жұмысшыларын баспанамен, азық-түлікпен, күнделікті қажеттіліктермен қамтамасыз етуді алдын ала ойластыратын. Адамдардың бос уақыттарын тиімді, көңілді өткізу, рухани байлықтарын арттыру жайы да назардан тыс қалған емес. Клуб, кітапхана жұмысы ойдағыдай, қызмет етуге дайын.

Бидайықтағы жұмысты қалыпты арнаға салған іскер басшының қарым-қабілетін пайдаланып қалу керек. Сондықтан, обком Сейілхан Аққозиевті коммунистердің қалауымен Ворошилов аупарткомына екінші хатшы етіп жіберген. Ал, Хрущевтің қайта құруы кезінде оған Жаңаарқа ауданаралық өндірістік басқармасының облыстық мәндегі партия ұйымына жетекшілік ету тапсырылған.

Барлық жерде партиялық тапсырма. Партияның сенімді «солдаты» Сейілхан сол тапсырмалардың бәрін де жоғары жауапкершілікпен орындап, сенім үдесінен шығып жүрді. Ол Қазақстанда тың эпопеясының табысты аяқталуына зор үлес қосты.

Сейілхан Аққозиев туған топырақтан тыс жерде табаны күректей он жыл қызмет атқарды. Қайда жүрсе де, атқарған ісі ел игілігі үшін ғой. Бәрібір оның ойында «туған жерге туымды тігіп, өзім дүниеге келген өлкеде жұмыс істесем ғой» деген бір арман болатын. Сол арман он жылдан кейін орындалып, Сейілхан Аққозиев Жамбыл облыстық партия комитеті өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі қызметіне жіберілді. Әрине, Орталық Комитеттің келісімімен екені айтпаса да түсінікті. Бұл 1963 жыл болатын.

Талай сатыдан өткен, өндірістен мол тәжірибесі бар білгір маманды кеңсеге қамап ұстап отыру – қыран құсты торда ұстағанмен тең. Соны ойлады ма екен, екі жылдан кейін обкомның ұсынуымен Сейілхан Аққозиев Луговой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Аудан жаңадан құрылған, Меркіден еншісін алып бөлініп шыққан кезі. Жаңа басшының алдында жаңа ауданды аяғынан тік тұрғызу міндеті тұрды. Ол міндетті мінсіз жүзеге асырған Сейілхан Аққозыұлы ауданды өзі басқарған алты жылда алдыңғы қатарлылар сапына шығарды. Оның еңбегінің жанған, өзін іскер басшы, ұтқыр ұйымдастырушы ретінде көрсеткен кезеңдерінің бірі – Луговой ауданын басқарған жылдары. Ол туралы сол тұста онымен қызметтес болғандар, бүгінде сексен-тоқсан жас аралығындағы ардагер ақсақалдар өте жылы лебізде.

Одан кейін жарты жылдай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Аққозиев қайтадан саяси қызметке ауыстырылып, облыстық партия комитетінің хатшылығына сайланған. Негізінен айналысатыны – ауыл шаруашылығы мәселесі. Саяси қызметкер екенмін деп кеңседе сықиып отыратын Сейілхан ба, көбінесе аудандарды, ауыл-ауылды, мал жайылымдары мен егіс алқаптарын аралап, еңбеккерлермен етене араласып жүргені. Былайша айтқанда, қашанда істің басы-қасында. «Мың рет естігеннен гөрі, бір рет көрген артық». Бұл – бала жастан құлаққа құйып өскен әке өсиеті.

Осы қызметке сайланар алдында кезекті әңгімелесуге барғанында ғой Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, көреген басшы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың: «Сейілхан, біз сені жақсы білеміз әрі сенеміз. Ауыл – алтын бесік. Бәріміздің де шыққан жеріміз, ата-бабамыздың кіндік қаны тамған қасиетті жер – ауыл. Ауылды өркендетуге өзіңдей істің көзін білетін азаматтар керек. Жаңа қызметте жақсы табыстар тілеймін! Аттан ауылға!» дегені Аққозиевтің қолын алып тұрып.

Көп ұзамай, иә, тағы да көп ұзамай Сейілханның басқа қызметке, бұдан да жауапты қызметке ауысуына тура келді. Ұлтжанды ұлан, қайраткер қазақ Қонаевтың ақ жол тілеген сөздерінен қанаттанып, қарқынды жұмыс істеп жатқан кезінде облыс басшылығына келген Хасан Бектұрғановтың қалауы түсті бұл жолы.

– Сейілхан, сені сырттай болса да, бұрыннан білемін. Сондықтан, саған «облатком төрағалығын өзіңе жүктеп, облыстың «арбасын» қос аттай өрге бірге тартайық» деген ұсынысым бар, – деді облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланған Хасан Шаяхметұлы.

– Хасеке, бұл қызметке сайланғаныма көп бола қойған жоқ. Жүзеге асырсам ба деп жоспарлап қойған біраз істерім бар еді, – деді Сейілхан қарапайымдылық танытып.

– Орталық Комитетпен өзім сөйлесермін. Ол жоспарлағандарың да қалмайды. Одан да ауқымды істер атқарамыз сізбен бірге, Секе! – деді Бектұрғанов арқасынан қағып. Бірінші хатшыға Сейілханның қазақи қалыпта «Хасеке» дегені ұнап қалғандай, жауап сөзінде ол да «Секе» деп сыпайылық танытқан.

Содан бастап елжанды екі азамат облыстың «арбасына» қос аттай жегіліп алға сүйреген. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, түсіністікпен жұмыс істеген қандай жақсы. Екеуі қандай істе болса да бірін-бірі толықтырып отырды. Олар басқарған жылдары облыста талай тамаша тірліктер жүзеге асырылып, ауқымды бағдарламалар игерілді.

Сөз басындағы су туралы мәселені бірлесіп шешумен қатар, асыраушы сала ауыл шаруашылығында да, өзекті сала өнеркәсіпте де ауыз толтыра айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Саусақ сорып, сан қумай-ақ қояйық, төрт түлік мал басы өсіп, егіс алқаптары айтарлықтай ұлғайған. «Химияның алыбы» атанған аймақта «Химпром», «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» пайдалануға беріліп, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылды. Жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі – басты мәселелердің бірі. Жаңа шағын аудандар бой көтерді. Оларда мектеп, балабақша, сауда орындары, емхана, басқа да әлеуметтік нысандардың болуы да назардан тыс қалған жоқ.

Егістікке су сұрап Қырғызстанға шапқылау бер жағы, әрбір нысанды мемлекеттік жоспарға енгізу, оларға қажетті құрылыс материалдарын сұрап Мәскеуге сапарлаған кездері қаншама! Көп мәселенің кілті – қаржыда. Қаржыландыру – Орталықтың құзырында. Ондағылар оңайлықпен ақша бере қоймайтыны анық. Жобалау, есептеулер дәлелді, нақты болуы керек. Ол маман кадрлардың білімі мен біліктіліктеріне байланысты. Ол үшін кадрларды дұрыс таңдай білу – маңызды.

Сейілхан Аққозиев облатком төрағасының орынтағында отырғанда осы мәселелердің бәрін де білгірлікпен шеше білді. Сондықтан да әрқашан жұмыс нәтижелі болды. Оған ел куә, облыстың жан-жақты өсіп-өркендеуі, гүлденуі дәлел.

Айтпақшы, Аққозиев өзіне зор сенім артқан Дінмұхамед Қонаев ағасының: «Ауыл – алтын бесік!» деген сөзін ешқашан естен шығарған емес. Асыраушы саланы дамытуға, елді мекендерді көркейтуге көп көңіл бөлді. Экономиканың күретамыры – жолдар салуды басты назарда ұстады. Аудандарға, шалғай елді мекендерге асфальт жолдар салынды. Өйткені, ауылдарға барлық қажетті тауарлар сол жолдар арқылы жетіп жататын. Ондайда облатком төрағасы Сейілхан Аққозиевті жолшы ма деп қаласың. Жұмыс сапасын қадағалап, жолшылардың қажетті материалдармен қамтамасыз етілуін бақылап, еңбек майданының ен ортасында жүрді.

Сейілхан Аққозиев – туған жерге туын тіккен азамат. Ол облатком төрағасы орынтағында отырғанда Мойынқұм аупарткомының бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков: «Секе, Сізді жерлестеріңіз Жоғарғы Кеңеске депутат етіп сайлағылары келеді. Қарсы болмассыз», – деген. Неге қарсы болсын, келісті. Сөйтіп, С.Аққозиев Мойынқұм ауданынан Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне сайланған екі депутаттың бірі болды. Ол сайланған округ аумағында өзі туып-өскен Құмөзектегі «Бәшеннің талы» деп аталатын ауыл да бар. Секеңнің кіндік қаны тамған жер.

«Құмөзек» кеңшары 1964 жылы құрылған. Мүйізді ірі қара малын бордақылауға бағытталған шаруашылық. Депутат С.Аққозиев мүйізді ірі қара саны 10 мың басқа дейін өскен осы шаруашылықтың экономикалық дамуына зор үлес қосты. Кеңшар еңбеккерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы – халық қалаулысының басты назарында. Осы кезеңде ауылда жұмысшыларға арналып 6 екіқабатты тұрғын үй салынды. Ауылдағы мектеп, балабақша нысандары, шаруашылық кеңсесі сол жылдары бой көтерген. Кеңсенің төменгі қабатында пошта, тұрмыстық қызмет көрсету нүктелері бар.

Айналып келгенде, облыстың шалғай бір шетінде жатқан шағын ауылды көркейтіп, шаруасын тіктеу ғой бұл да.

Еліне еңбек сіңірген бір кісі Сейілхан Аққозиевтей-ақ болар. Оны елі де бағалады. Оның еселі еңбегі, қайраткерлік қызметі үш Еңбек Қызыл Ту, екі «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен аталып өтілді. Алған Құрмет Грамоталарында сан жоқ. СОКП-ның, Қазақстан Компартиясының бірқатар съездеріне делегат болып қатысып, бірнеше рет КСРО және Қазақ КСР Жоғары Кеңестеріне депутат болып сайланған. Айтты-айтпады, бұл да қоғам қайраткеріне көрсетілген құрмет.

Ер-азаматтың еңбегінің жануы отбасының жылуына байланысты. Сейілханның өмірлік серігі болған асыл жары Серік оның отбасын шаттық ұялаған шаңыраққа айналдырып, екеуі дүниеге екі қыз, екі ұл әкелген. Сол ұл-қыздары – Гүлнәр мен Рима, Орман мен Рахман ата-аналарынан алған тәлім-тәрбие арқасында қалаған мамандықтарын меңгеріп, отбасын құрып, өздері де ұрпақ өсіріп отыр. Олардан тараған немере-шөберелер – Сейілхан мен Серіктің өмірлерінің жалғасы.

Сейілхан Аққозиев сексен жасқа толар шағында Алланың аманатын тапсырып, бақилыққа аттанған. Көзінің тірісінде Тараз қаласының және Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы атағына ие болған тау тұлғаның атында Тараз қаласында бір көше бар.

Сөз арасында Сейілхан ағаны «туған жерге туын тіккен азамат» деп атағанымыз бар. Осыны ойға ала отырып тағы бір айтпағымыз: тау тұлға туып-өскен Мойынқұм мен ол еңбек жолын бастаған Шу қаласында бір-бір көше немесе бір әлеуметтік нысан Сейілхан Аққозиевтің атымен аталса, бұл асыл азаматтың әруағына деген зор құрмет болар еді. Оның еліне сіңірген еңбегі бұл құрметке әбден лайық!

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар