
Біз барғанда көңілді отыруға тырысады. Әкеміз бен анамыз барса жадырап, күліп сөйлейді. Жазылып кеткендігінен емес, жастары ұлғайған ата-анасының қабағына қарайды. Отыз жыл серік еткен өнері, аяулы әні бәрі жайына қалып, атпал азамат желімдей жабысқан, салмағы ауыр аурумен алысып жатыр. Дәрігерлер мен мейірбикелердің азанғы ем-домынан кейін ұзақ күнге тыңдайтыны – музыка. Жаңа әндер. «Сонда сен мені есіңе ал, сонда сен мені есіңе ал» деген ән жолдары да әсерлі. Осынау ән жолдарын көп тыңдайды. Бір күні өзін бауырлары, жақындары еске алып жүретінін аңғарып жүргендей. Өзі талай:
Кей-кейде олай дейміз, бұлай дейміз,
Бас ауырып, жан қорықса Құдай дейміз.
Өмірге әкелетін, әкететін,
Жалғанның жазғанына қалай дейміз, – деп ән шырқағандай, енді Жаратқанның жазғанын көріп төсекке таңылған әншінің аласапыран көңілі мен жан азабын кім түсінген!?
***
Есенге бүлдіршін кезінен өнер қонды. Алты жасында домбыра үйреніп, сегіз жасынан бастап аудандық көркемөнерпаздар байқауына қатысып, көзге түсті. Екінші сыныпта оқып жүрген кезінен күй тартты. Басқа оқушыларға мүлдем үйлеспейтін «Ата толғауы», «Аққу», «Ерке сылқым» күйлері Есеннің орындауында төрт аяғын тең басқан жорғадай жорғалап жүре беретін. Жас өнерпаздың қолындағы домбыраның өзі сөйлеп, сыр ақтарып, өзін сонша шебер тартқан азаматқа сүйсініп тұрғандай болушы еді. Әйтеуір, ән сабағынан беретін Жапақ ағай «Айналайын, Дошалиев (Досалиев дегені). Осы баладан бірдеңе шығады» деп риза болады да жүреді.
Есеннің әншілігі шынында да ерекше болды. Домбыраны шебер тартып, ән салғанда жағымды дауыс кез келген жүректі шымырлатып жіберуші еді. Малшының баласы. Әр тоқсандағы демалыста, жаздың күндерінде шопандар Жаңабай малшының үйін жағалайды. Әрине, баласы Есеннің әнін тыңдау үшін. Бұл кезде Есеннің репертуары байи түскен. Кеңшардағы ферма басшысы, мал мамандарының, барша ақ таяқ ұстаған шопандардың ала жаздай айтары Есеннің өнері, қайталанбас ғажап дауысы болатын.
Ол кездің оқушы балаларында ұят өте күшті. Есен оқушы күнінде де, мектеп қабырғасынан кетіп қалған кезде де біздің көшенің бойында тұратын бастауышта сынып жетекшісі болған Жамал Алдатаева әпкейдің көзінше ән айтпайтын. Тіпті, Жамбыл мәдени ағарту училищесінің студенті атанған кезінде де сынып жетекшісінің көзінше айқайлап ән салған емес. Облыстың талай айтулы сахналарында, жүздеген көрерменнің алдында таңдай қақтырған ғажап дауыс иесі әншейін алыс ауылдағы шағын орта мектептің мұғалімінің алдында ұяттан өртенетін. Бұл – әрине, жақсы қасиет. Тәрбиесі, ұстазға деген сыйы, ұяты шығар. Ондайда Жамал әпкей мақтанышын жасыра алмай: «Есен оқушым, менен ұялып отыр. Мен басқа бөлмеге кетіп қалайын» деп орнынан масаттана түрегеліп, кербез басып, келесі бөлмеге кетіп бара жатушы еді. Осындай өнерпаз ұлымен әкеміз де, анамыз да мақтанатын. Бауырларының бойын да қуаныш кернейтін.
****
Жамбыл мәдени ағарту училищесінде оқыған жылдар Есен Жаңабайұлының ең қызықты, жарқын жылдары болды. Аталған оқу орнында әнші, домбырашы ретінде абыройы да артты. Өзінен бірер курс жоғары оқыған белгілі композитор Сәрсенбек Бәкір, ақын Ерболат Сейдахметовпен достық байланыста болды. Маралбек Бабақұлов, Мадина Сағымбекова да күнде қасында. Сырлары да, концерттері де бірге. Есен қатардағы көп студенттің бірі емес, Тараз қаласының әр бұрышына, ірі жиындарға концертке шақырылатын танымал әншіге айналды. Сол ел құрметтеген өнерінің арқасында Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтында оқитын өнерпаз Досымжан Таңатаровпен, Тараз педагогикалық институтында оқитын айтыскер Ахметжан Өзбековпен танысты. Сол таныстық үлкен сыйластыққа ұласты. Құлан жақтағы Досымжанның, Қостөбедегі Ахметжанның үйіне жиі баратын жанашыр досы болып қалыптасты. Аталған училищенің дипломын алған кезде Есенге еріп біздің Талас ауданы, Көктөбе ауылындағы қара шаңырағымызға Досымжан Таңатаров пен Ахметжан Өзбеков қонақ болып, үш күн бойы ауыл өмірін қызықтап, қарапайым тұрғындар алдында өнер көрсеткендері бар. Әрине, ол күндердің баршасы ғаламат сағыныш. Осы күндері атағы алысқа кеткен Досымжан Есеннің отбасынан хабарын үзген емес. «Есенді ұмытпау – өнерге деген құрметті ұмытпау. Бұйырса, баласы Рауанның жақсылығына барып, дос алдындағы парызымды өтеймін» десе, бұл күнде Мәдениет саласының үздігі, облыстық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығының директоры атанған Ахметжан Өзбеков: «Есенді ешқашан ұмытпаймын. Ол өнері де таза, өзі де таза керемет досымыз еді. Оның ұқыптылығы өте ерекше болды. Керемет шебер әншілігінен бөлек, өлең жазатын да, ұтымды ұйқастыратын да, белгілі ақындардың жырларын жаттап жүретін де жақсы қасиеті бар еді. Өмірі ұзақ болмағаны өкінішті. Бірақ, артында ұрпақтары барына шүкір. Бәрі Алланың қалауы. Бәлкім, Жаратушы Есен бауырымды таза күйінде алып кетті ме екен? Менің өмірден ерте кеткен рухани достарым көп. Оразалы Досбосыновты қалай сағынсам, Есен досымды да үнемі сағынып, есімнен шығармаймын», – деді. «Есен бауырыммен талай бірге концерт қойдық. Оның кісілігі мен кішілігі, тәрбиесі бөлек болатын. Кейде ерте есейіп кеткендей көрінетін» деп ағынан жарылған Мадина Сағымбекованың толқынысы жүрек тебірентті. Айтыс ақыны Олжас Отар да Есенді сағына еске алады.
Есен Жамбыл мәдени ағарту училищесін жақсы үлгеріммен бітірді. Директоры Тәкен Молдақынов та жылы қабақ танытқан. Сынып жетекшісі болған Нұрғали Әшіров, кейіннен облыстық мәдениет басқармасын басқарған Дүйсенәлі Бықыбаев та Есенді сағынышпен еске алады. Есен бұл азаматтарға да аяулы іні бола білді. Дүйсенәлінің перзенті Нұрлан Бықыбаевпен өнері бір, талабы мен талғамы ортақ дос болды.
Осылайша облыстық халық шығармашылығы орталығына маман болып қызметке алынды. Ол кезде аталған орталықтың директоры Пернебек Оспанов болатын. Пернебек те Есеннің талантын, әншілігін өте жоғары бағалады.
Бірақ, кейіннен Есенді өнерін өрістетуден гөрі тіршілік жағдайы, көпбалалы әке-шешесіне көмектесу, солардың бір жағына болысу, өзінен кейінгі бауырларына қамқор болу жағы көбірек алаңдатты. Осы мақсатта ол мәдениет саласындағы әп-әдемі жұмысын тастап, саудаға да шығып кетті. Түркістан облысы, Мақтарал ауданында да аз уақыт тұрып қайтты. Сол жаққа тұрмысқа шыққан Гүлмира әпкесінің жанында еңбек етіп, ауылдағы нарық қиындығынан толық шыға алмай қиналған қарашаңырағына қол ұшын беруді көздеді. Осылай тіршіліктің арбасына жегіліп жүріп басын құрады. Нұржамал жеңешеміз екеуі Рауан, Насихат атты ұл мен қыз сүйді. Жас отбасы болып, Жамбыл ауданы, Шөлдала ауылындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі, Тараз қаласындағы №36 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Аталған екі мектепте ұстаз болған кезеңдер Есеннің жарқын жылдары еді. Ол жылдардан да із қалды. Облыстық «77» телеарнасын, «Тараз 24» телеарнасын басқарған, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Зарина Қуатова: «Мен Есен ағайдан тәлім алдым. Алдында шәкірт болып отырып өнер үйрендім» деп еске алғанда көңілім көкке жетіп мерейленіп қаламын.
*****
Есен ғажайып дауысы, домбырада шебер ойнайтын әншілігімен қатар әр бауырын ерекше ойлап тұратын жылы жүрек иесі еді. Жасы ұлғайған әкесі мен шешесіне үнемі жақсылық жасауды ойлайтын. Өзінің отбасына да шуағын шашқан әке болды. Асыл жары Нұржамалды аялап, көзінің ағы мен қарасындай Рауаны мен Насихатын сонша жақсы көруші еді. Мүмкін, бала күнгі біраз мақсатына жеткен болар. Бірақ, арманы одан да үлкен еді. Жете алған жоқ.
Бірақ, Есеннен өнер үйренген шәкірттер еліміздің әр аймағында абыройлы еңбек етіп жүр. Ұлы Рауан Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасын бітіріп, физика саласының үздік маманына айналса, Насихаты – фельдшер. «Орнында бар оңалар» дегендей, қызы Насихат, күйеу баласы Дарханнан Мұхамедәли атты немересі бар. Көзі тірі болғанда жарты ғасырлық жасқа толып, дүрілдеп тойланып жатар еді. Амал қанша?
Ал, Есеннің ғажап дауысы күні бүгін айтылғандай барша таныстары мен тыңдармандарының құлағында жаңғырып тұр. Өнері жалғасып келеді.
КӨҢІЛІМНЕН КЕТПЕЙСІҢ
(Есен ағамның рухына)
Бәрі қалып пешене, көше, ғалам,
Алла жазса фаниден көшеді адам.
Ауық-ауық ойлантып, түседі еске,
Арғы әлемнің өкілі Есен ағам.
Жеңе алмассың, тағдырдай әз алыпты,
Есенсіз де күз өтіп, жаз ауыпты.
Отызында жалғаннан озған бауыр,
Серік етті отыз жыл тазалықты.
Отыз жас! Жас ормандай мезгіл екен,
Ерте барып пейішті кезді ме екен.
Бауырға қайырымы ерекше еді,
Өмірде көп жүрмесін сезді ме екен?!
Жас едім, түсінбедім жанын онша,
Ажал жетті -ау, ағамды танығанша.
Тамылжып барлық әлем тұрушы еді,
Есекең домбырасын қолына алса.
Жарасар жан ағам деп мөлдіресем,
Сағынып, сабырыммен мен күресем.
Жүреді жүректерде нұрлы бейнең,
Пәк Есен, шынайы, адал, мөлдір Есен!
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді