
Үздіксіз білім берудің ең маңызды деңгейі – балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту. Облыста 610 мектепке дейінгі ұйымдарда 60 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. 2024 жылы Қадамдық жоспарға сәйкес 1625 орындық 19 жекеменшік балабақша ашу жоспарланып, бүгінге дейін 3459 орындық 33 мектепке дейінгі ұйымдар ашылған. Нәтижесінде 2-6 жас аралығындағы балалардың қамтылу үлесі 95 пайызды құрап, межеленген жоспар орындалыпты.
– Жасөспірім балаларға саналы тәрбие және сапалы білім беру – ұлы парыз. Тараз қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарға дербестендірілген қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы жүргізіліп, қаладағы 172 мекеме, оның ішінде 60 мемлекеттік, 112 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлік қаржыландыруға енгізілді. Облыста мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру мақсатында мектеп жасына дейінгі барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, экологиялық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жобалармен жұмыс жүзеге асырылуда. Тараз қаласында орналасқан балабақшаларда ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы 205 түрлі авторлық ойыншықтар патенттелген. Алдағы уақытта тағы 180 авторлық ойыншықтарды патенттеу көзделіп отыр. Ұлттық құндылықтар бағытында жасалған авторлық ойыншықтарға Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қолдау көрсетілуде, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаева.
Әрине, бала болған соң көргенін ұстап, тіпті аузына салып, қызықтауға, не екенін білуге ұмтылады. Сондықтан, әсіресе балалар өте үйір ойыншықтардың қауіпсіз болғаны қажет-ақ. Әрі күнделікті көргенімен санасына ой қалыптастырып өсетін баланы ойыншықтармен тәрбиелеу де ұтымды. Осы жағынан қарасақ, балалардың ұлттық құндылықтарды ұғындырарлық дүниелерді қолданып өскені бір ғанибет.
– Бүгінгі таңда балалардың жан-жақты дамуына бағытталған сапалы әрі қауіпсіз ойыншықтардың маңыздылығы артып келеді. Әсіресе, ұлттық құндылықтарға негізделген ойыншықтардың тәрбиелік мәні ерекше. Облыстағы 618 мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан 62384 бала үшін дәл осындай ойыншықтардың қажеттілігі айқын. Осы қажеттілікті ескере отырып, Тараз қаласындағы 10 мемлекеттік және 5 жекеменшік балабақшада арнайы дамыту ойын орталықтары ашылды. Бұл орталықтарда балалардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, ойлау дағдыларын шыңдауға арналған 205 жаңа ойыншық патенттелді. Ерекшелігімен көзге түскен бұл ойыншықтар экологиялық таза материалдардан жасалған, әрі ұлттық нақыштарды қамтиды. Ұлттық нақыштағы ойыншықтар арқылы балалардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ойыншықтар қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттауға, баланың ұлттық болмысын дамытуға ықпал етеді. Әрбір ойыншықтың құрылымы мен дизайны балалардың шығармашылық ойлауына, қоршаған ортаны тануына және экологиялық санасының дамуына бағытталған. Аталған тың бастаманың тиімділігі мен әлеуеті жоғары екендігі ескеріліп, ойыншықтарды республика көлеміне тарату бойынша ұсыныстар түсуде. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тәрбиелік маңызы зор жобаны кеңінен насихаттау үшін үлкен мүмкіндік, – дейді Айдын Орынбекқызы.
Тараз қаласындағы бұл жоба – елімізде балабақша тәрбиесінің жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын көрсететін айқын мысал. Авторлық ойыншықтарды жасаушылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасын табады. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен, экологиялық санасы жоғары ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі.
– Ұлттық тәрбиені көздеген ойыншықтарымыздың барлығы ағаштан жасалған. Қауіпсіздік ережелерінің барлығы сақталған. Бұны Тараз қалалық білім бөлімінің барлық мектепке дейінгі ұйымдарындағы тәрбиешілердің өздері ойлап тапқан. Баланы жақсы көріп, олармен жұмыс істейтін тәрбиешілер де бүлдіршіндердің қауіпсіздігін, дұрыс бағытта тәлім алып өсуіне әрдайым алаңдайды. Сондықтан, олар өз ізденістерімен бүгінгі техника дәуірінде балалардың смартфонға берілмей, табиғи таза ойыншықтармен ойнап өсуі үшін жасаған ой жемісі. Тараз қаласынан бастау алған бұл жоба бүгінде облысымыздың аудандарында да жалғасып, ондағы балабақшаларда да осындай экологиялық әрі мағынасы терең ойыншықтар жасалып жатыр, – дейді оқу-әдістемелік орталықтың «Мектепке дейінгі білім беруді дамыту» бөлімінің әдіскері Гүлмира Сеитбекова.
Гүлмира Жолдасқызы айтқандай, өз жұмысын сүйетін әрбір маман сол бағыттағы істі дамыту үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сондай ізденістің нәтижесінде қолданысқа келген қауіпсіз ойыншықтар бүгінгі бүлдіршіндерді қызықтыра баураса, олардың да табиғатқа, ұлттық болмысқа, түп тамырын тануға деген қызығушылығы артып, тағы да басқа жаңа дүниелердің тууы бек мүмкін.
Ал, педагогтер бұндай ойыншықтардың ауқымы алдағы уақытта да кеңейіп, еліміздің басқа өңірлеріндегі балалардың дамуына ықпал ететініне сенімді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпаққа сапалы тәрбие беру бағытындағы бұл жоба – заман талабы мен ата-аналар үмітінің үйлесімді көрінісі дейді бала тәрбиесімен айналысып жүрген мамандар.
Бұған дейін тек табысты көздеп, зиянды материалдардан жасалған шетелдік ойыншықтардың балаларға тигізген зардабы туралы ақпарат көздерінен естіген едік. Балабақша тәрбиешілері әзірлеген табиғи ойыншықтар қолданысқа кеңінен тараса, құрамы жағынан сапасыз ойын бұйымдары пайдаланудан ысырылып қалар еді. Таза әрі берер пайдасы зор ойыншықтардың қатары артса, ата-ана да уайымсыз болары анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді